Қазақстанда ашылған киберқылмыстар 3%-дан аспайды

Дана Иман Дана Иман
7871

Жаһандық киберқылмыс индексінде еліміз 83 орында тұр.

Қазақстанда ашылған киберқылмыстар 3%-дан аспайды

Жыл басынан бері елімізде мыңнан астам киберқылмыс тіркелген болса,  солардың ашылғаны 3 пайыздан аспайды. Нәтижесінде киберқылмыстың 2017 жылғы жаһандық индексінде  еліміз 165  елдің ішінде 83 орында тұр. Бұл рейтингте 10 орынға Ресей, сондай-ақ сегізінші орынға Грузия шыққан. Бұл туралы ғылыми-практикалық конференцияның сыртында болған әңгімеде журналистерге  бас прокуратура жанындағы құқық қорғау органдары  академиясының ведомствоаралық ғылыми-зерттеу институтының қоғамдық мүдделерді қорғау саласындағы проблемаларды зерттеу орталығының бас ғылыми қызметкері Ләззат Теміржанова мәлім етті.

"Аталмыш қылмыс құрамының басты проблемасы – бұл қылмысты тергеуде қызметкерлер біліктілігінің жетіспеуі. Яғни бұл үшін біліктілік пен  IT-технология саласына қатысты арнайы білім болу керек. Бұл қылмыс түріне қатысты істердің көбісі қылмыс жасаған адамды таппағаннан тоқтап қалады. Сонда басты проблема – киберқылмыс жасаған адамды таба алмауда болып тұр. Бұл қылмыскерлер шетелде жасырынып, қашықтықтан отырып киберқылымыс жасайды. Кибермәселесі барлық жерде бар", – дейді құқық қорғау органдары академиясының бас ғылыми қызметкері.  

Оның ойынша, Қазақстанда мамандарды оқыту арқылы ғана кибер қауіптен қорғау бағытын дамыту өзектілігі  туындап отыр. Сонымен қатар хакерлерге қатысты жазалау шараларын күшейту керектігін сөз етті.

"Сонымен бірге бас прокуратураның құқықтық статистика комитеті базасында  кибершабуыл мен киберқауіпсіздік мониторингін реттейтін ұлттық орталық құру жөнінде ұсыныс бар. Бұған Корея Республикасындағы оң тәжірибе себеп. Біздің тиісті органдар осы елге барып, аталған мәселе бойынша оқыған болатын", – деп атап көрсетті Ләззат Теміржанова.

Еске сала кетсек,  5 тамыз күні ұлттық қауіпсіздік комитетінің 25 жылдығында Қазақстан президенті  Нұрсұлтан Назарбаев ақпарат желілеріндегі жаһандық қауіп-қатер туралы сөз еткен еді.

"Қазір біз ақпараттық Қазақстан, өмірді цифрландыру бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Цифрландырумен бірге киберқауіпсіздік келеді. Біз бұл мәселені қазір ғана талқыладық. Мемлекетті қорғау үшін қажетті қаражат салу керек. Біз мұны ЕАЭО, ТМД  аясында қарастырып жатырмыз. Бұл процестегі басты рөл интеллектуалдық әлеуетті мамандар қуаты топтасқан ұлттық қауіпсіздік органына жүктеледі", – деді мемлекет басшысы.  

Гүлназ Ермағанбетова, Дана Иман

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу