Қазақстанда әуе тасымалы қаншалықты қауіпсіз

2000

Сенатор Талғат Мұсабаев пен Үкімет мүшелерінің авиация саласындағы ойы бір жерден шықпайтыны бұдан бұрын да белгілі болған. Әйтсе де қанша сын айтылғанымен Үкімет Қазақстан таңдаған британ моделіне шаң жуытпай отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz порталы. 

Қазақстанда әуе тасымалы қаншалықты қауіпсіз

Еске сала кетсек бұған дейін депутат Талғат Мұсабаев азаматтық авиация саласының өзекті проблемаларын көтеріп, Үкіметке депутаттық сауал жолдаған еді.

"Мен әуе апаттарынан көз жұмып жатқан адамдардың, олардың отбасыларының мәселесін көтеріп отырмын. Еліміздегі азаматтық авиацияның дамуы қалай жүріп жатыр дейсіз ғой?! Бізді Еуропаның бірде-бір еліне жібермей, қара тізімге енгізіп тастағаны аздай, мәселенің мәнісін жіті түсінгіміз келмейтін болыпты. Роман Васильевич, сіз біздің азаматтық авиацияны ары қарай қалай дамытуға болады деп ойлайсыз? Азаматтық авиация саласындағы мемлекеттік функциялардың бәрі де коммерциялық қоғамдастыққа, яғни акционерлік қоғамға беріліп кетті. Бұл әдіс бірде-бір елдің заңымен үндеспейді. Бұл керек десеңіз, Ұлттық жоспардың 68 қадамына қайшы келеді емес пе?", – деген еді сенатор Үкімет басшысының орныбасары Роман Склярға қарата.

Талғат Мұсабаевтың айтуынша, әуе кемелерінің командирлерін тағайындау кезінде отандық кадрларға, яғни Қазақстан Республикасының азаматтарына басымдық берілмейді.  "Шетелден азаматтарды тартамыз ол жұмысқа. Оларға біздің ұшқыштарға қарағанда айлық 2-3 есе көп төленеді. Бұл үрдіс керек десеңіз, бірнеше жылдан бері созылып келеді",– деді сенатор. 

Үкімет басшысының орынбасары Роман Скляр дәл сол отырыстың өзінде Талғат Мұсабаевтың сөзіне қарсы бірнеше аргумент айтқан болатын. Әйтсе де ресми сауалға Премьер-министр Асқар Маминнің өзі ресми жауап беруді де жөн көріпті. Үкімет басшысының жауабына сүйенсек, 2009 жылы Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) отандық авиация саласына қатысты бірқатар ескерту айтып кеткен. Атап айтқанда білікті мамандардың аздығы, әуе компаниясының сертификациясының дұрыс қадағаланбауы сынды кемшіліктер сол кездің өзінде белгілі болған. Осы мәселелерді реттеу үшін 2015 жылы Британ азаматтық авиация агенттігімен өзара түсіністік жөнінде меморандумға қол қойылып, талдау жүргізіліп, тиісті кеңестер бойынша ауқымды жұмыс жүргізілген.

"Азаматтық авиацияны басқару жөніндегі амал-әдістер түбірімен реформаға ұшырады. Саланы реттеудің британдық моделі іске асырылып, 2019 жылдың 1 тамызынан бастап 100% мемлекеттің қатысуымен "Қазақстанның авиациялық әкімшілігі" АҚ құрылды. ҚАӘ-нің басты мігдеті – ұшу сапарларныың қауіпсіздіші мен авиациялық қауіпсіздікті қадағалау. Енгізілген әдіс Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) және Еуропалық қауіпсіз сапарлар агенттігінің (EASA) ресми қорытындысына сай келеді", – дейді Асқар Мамин.

Авиация саласындағы бұл модель Қазақстанмен қатар Сингапур, БАӘ, Ұлыбритания елдерінде де бар. Әйтсе де ТМД аясында мұндай модельдің Қазақстанда ғана енгізілгені айтылады.

Бұл ретте мұндай модельді енгізу кезінде регулятор мен мемлекеттік саясатқа жауапты органның функцияларын бөлу бойынша әлемдік тәжірибе есепке алынған. Осылайша, азаматтық авиация саласында билікті жүргізетін мемлекеттік функциялар Азаматтық авиация комитетіне жүктелді. Шетелдік мысалдарға қарайтын болсақ, көлік саласындағы саясатты АҚШ-та Көлік басқармасы (Department of Transport) іске асырады да, Азаматтық авиацияның федералды басқаруы (FAA) бақылау-қадағалау жұмыстарына жауап береді. Мұндай модельдердің тиімділігін ИКАО-ның өзі де былай бағалайды: АҚШ – 91 %, Франция – 95 %, Сингапур – 98 %, БАӘ – 98 %. 2016 жылы жүргізілген тексерістерге сәйкес, Қазақстанның ИКАО талаптарына сәйкестігі 74% құраған.

"Қазақстанның авиациялық әкімшілігі құрылғалы бері тың жүйе өзінің тиімділігін көрсетті. Атап айтқанда, әкімшілік Бек Эйр әуе компаниясының ұшағының апаты кезінде шұғыл шешімдерді қабылдап, қазақстандық әуе тасымалдаушылардың Еуропалық комиссияның "қара тізіміне" қайта енгізілмеуіне күш салды. Қазақстанның авиациялық әкімшілігі бақылау-қадағалау жұмыстарын тұрақты негізде іске асырып, тексерістердің нәтижесінде ұшу сапарының талаптарына сай келмейтін 8 әуе компаниясының жұмысын тоқтатқан.

Аян Бекенұлы


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу