Қазақстанда балалар гинекологы жетіспейді – Зайтуна Хамидуллина

8543

Жүктілік жоспарлы болғанда ғана дені сау ұрпақ дүниеге келеді.

Қазақстанда балалар гинекологы жетіспейді – Зайтуна Хамидуллина

Inbusiness.kz жоғарғы санатты дәрігер акушер-гинеколог, медицина ғылымдарының кандидаты, медицина ғылымдарының PhD докторы Зайтуна Хамидуллинамен сұхбаттасқан болатын. Нұр-Сұлтан қаласындағы білікті мамандардың қатарына жататын Зайтуна Ғаділқызымен болған әңгіме демографиялық ахуал, бала туудағы проблемалар турасында өрбіді.

– Зайтуна Ғаділқызы, дәрігер болуды бала кезден армандап па едіңіз?

– Иә. Семейдегі орта мектепті бітірген соң, жоғары оқу орнына түскім келді. Алайда әкем алдымен медициналық колледжді тәмамдағанын дұрыс деп кеңес берді. Әлбетте, әкенің айтқаны – заң. Сондықтан колледжді бітірдім. Кейін Семейдің медициналық академиясына оқуға түстім. Академияны тәмамдаған соң, Семейдің қалалық клиникалық перзентханасында жұмыс істедім. Әуелде ординатор-дәрігер болдым. Кейін бөлім меңгерушісі болып еңбек еттім. 11 жылдай клиникалық перзентхана директорының орынбасары болып жұмыс істедім.

– Астанаға қашан келдіңіз?

– 2007 жылы Елордаға шақырту түсті. Дәлірек айтсам, еңбек жолымды Нұр-Сұлтан қаласындағы "Ана мен бала" орталығында жалғастыруға мүмкіндік туды. Мұнда акушерлік блоктың жетекшісі болдым. 2011 жылдан бастап астанаға қарасты медициналық мекемелерде жұмыс істей бастадым. Алдымен №1 перинатальды орталықта еңбек еттім. Кейін алты жылдай №3 перинатальды орталықтың бас дәрігері болдым. Міне, екі жыл болды Нұр-Сұлтан қаласындағы №2 көпбейінді қалалық аурухана директорының орынбасары ретінде еңбек етіп келемін. Акушерлік және гинекология бағыттарына жауаптымын.

– Елордадағы білікті мамандардың бірі екеніңізді жақсы білеміз. Бұл деңгейге қалай жеттіңіз?

– Рақмет, ниетіңізге. Мұның бәрі тынымсыз еңбектің, мол тәжірибенің жемісі шығар. Өзім таңдаған саладағы еңбек өтілім 40 жылға жуықтайды. Әр күнім ізденіспен өтеді. Күн сайын өзімді жетілдіруге тырысамын. Басшы ретінде ұйымдастыру жұмыстарына ғана мән бермей, операциялық блокқа барып, әйелдерді босандырамын. Жас дәрігерлерді, бөлім меңгерушілерін үйретемін. Өзім білетін дүниелерді олардың да білгенін қалаймын. Менен тәлім алатын студенттер бар. Оларды қасымнан бір елі қалдырмай, білгенімнің бәрін үйретіп жүрген жайым бар. Біздің жұмыста дұрыс ойлау, дұрыс емдеу маңызды. Міне, күнделікті қауырт қызметім мені осы биікке көтерді деп ойлаймын.

– Акушерлік, гинекология салада қандай пробелмалар бар?

– Проблемалар баршылық. Оның ең үлкені – ана мен бала өлімі. Бұл бағытта өте көп жұмыстар жүргізіп келеміз. Аллаға шүкір, соңғы жеті жылда өзім еңбек етіп, басшылық еткен мекемеде бірде-бір ана өлімі тіркелген жоқ. Сондай-ақ біздің мекемеде тіркелген бала өлімі Нұр-Сұлтан қаласы бойынша, республика бойынша және алыс-жақын шетелдер бойынша ең төменгі көрсеткіш болып саналады. Бұл жүргізіліп жатқан жұмыстың нәтижесі екені даусыз.

– Елордадағы демографиялық ахуал қандай? Бала туу көрсеткіші артып келе ме?

– Нұр-Сұлтан қаласы бойынша жыл сайын 30 мың бала дүниеге келеді. Көрсеткіш жыл сайын орташа есеппен 1,5 мыңға көбеюде. Ал мен басшылық етіп отырған клиникалық блокта жылына 8200-8300 сәби дүниеге келеді. Кесе-көлденеңдеген проблемаларға қарамастан, бала туу көрсеткіші ұлғайып келеді. Бала сүйгісі келетін әйелдер жетерлік. Көпбалалы аналар да баршылық.

– Проблемаларды шешу үшін не істеу керек? Қандай ұсыныстарыңыз бар?

– Қазақстанда балалар гинекологтары өте аз. Гинеколог-дәрігерлер қыз балаларды мектеп қабырғасынан бастап тексеруі керек. Біздің кезімізде солай болатын. Осылайша, денсаулығында кемшілік бар қыздарды ерте жастан анықтап, емдетуге болады. Мұның бәрін уақытында атқару керек. Әйтпесе, бәрі кеш болмақ. Бұрын қыз балалардың денсаулығымен балалар гинекологтары, педиаторлар айналысты. Кейін бұл бағыт әйелдер консультациясына берілді. Яғни, қазір әйелдердің барлығы бірдей тексеруден өтпейді. Сондықтан олардың проблемалары да шешілмей қалады.

– Қазіргі әйелдердің дені табиғи жолмен бала туа алмайды. Бұған не себеп?

– Рас, қазіргі әйелдер денсаулығының индексі өте төмендеп кетті. Әйелдердің табиғи жолмен бала сүйе алмауының өзіндік себептері бар. Болашақта ана атанатын қыздардың денсаулығына бала кезден мән беру керек. Олардың зәр-жыныс жүйесінің зақымдалмауын қадағалау маңызды. Сондай-ақ қыздар жас кезінде дұрыс өмір сүруге дағдылануы керек. Бұл дегеніміз – темекі мен алкогольдің зиянынан сақтану. Темекі аналық ұрыққа зиянын тигізеді. Мұның арты әйелдердің бедеулігіне алып келеді. Қазір жасанды ұрықтандыру жүргізілетін мекемелердің көбеюі де сондықтан.

– Inbusiness.kz оқырмандарына қандай кеңес айтар едіңіз...

– Оқырмандарға айтарым жүктілік жоспарлы болуы керек. Бала көтермес бұрын әйелдер дәрігерге қаралып, толықтай тексерілуі қажет. Арнайы мамандардың алдынан өтуге тиіс. Денсаулығында ешқандай кемшілік, мін табылмаса ғана, жүктілікке кірісу керек. Сонда ғана біздің ұрпағымыздың да, әйелдердің де дені сау болады. Босану кезінде де, одан кейінгі кезеңде де проблемалар орын алмайды.

– Уақыт бөліп, дидарласқаныңызға рақмет! Жұмысыңыз жемісті болсын!

Санжар Беркінбай

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу