Қазақстанда балық өсіру саласында "алтын безгек" басталмақ

4342

Балық өсіремін деген адамдарға қалаған көлдің жағасында үй салуына рұқсат етілуі мүмкін. 

Қазақстанда балық өсіру саласында "алтын безгек" басталмақ

2030 жылға дейін балық өндірісін 30 есе арттыру жоспарланған

Ел Үкіметі осы салада ғаламат міндет белгіледі: 2030 жылға дейінгі Балық шаруашылығын дамытудың бағдарламасына сәйкес, акваөсіру өндірісін 270 мың тоннаға дейін күрт ұлғайту көзделген. Мұның ауқымын түсіну үшін мына салыстыруға назар аудару керек: былтырғы 2020 жыл қорытындысында Қазақстанда бар-жоғы 9 мың тонна ғана балық өсірілді. Яғни, алдағы 8–9 жылда қолдан өсіріліп, сойылып, сатылатын балық көлемі бірден 30 есеге артуға тиіс, деп жазады Inbusiness.kz.

Алайда қазіргі кезде биліктің бұл "амбициясын" жүзеге асыруға қолданыстағы балық шаруашылықтарының қауқары да, әлеуеті де жетпейтіні анықталуда. 

Сондықтан мемлекет бұрын-соңды болмаған қадамға бармақ: барша қазақстандықтарға сауын айтып, балық өсіремін деп тілек білдірген кез келген азаматқа қолайлы жағдайлар жасауға әзірленуде.

Осы мақсатта "Кейбір заңнамалық актілерге бизнесті жүргізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" жаңа заң жобасы жазылып, қоғамдық талқылауға шығарылды. Жоба авторы – Ұлттық экономика министрлігі қолдан өсірілетін балық өндірісін қазіргі 9 мыңнан 270 мың тоннаға дейін күрт арттыру үшін батыл қадамдар қажет дейді.

"Осы мақсатқа қол жеткізу үшін барлық тілек білдірушіге балық шаруашылығына арналған су айдындарында немесе олардың учаскелерінде акваөсіру, яғни балық шаруашылығын жүргізу құқығын беру қажет. Қолданыстағы заңнама мұндай құқықты тек кәсіпшілік балық аулау құқығына ие адамдарға ғана береді. Салдарынан су айдындарында әуесқойлық, спорттық балық аулауды жүргізуге құқығы бар адамдар да мұндай мүмкіндіктен айырылған. Сонымен бірге кәсіпшілік балық аулау мен шарбақтық (садковое рыбоводство) балық өсіру жұмыстары бірлесіп жүргізілетін жер телімдерінде де бұған жол берілмейді. Балық аулаудың басқа түрлерін жүргізетін адамдар үшін акваөсіру мақсатында су айдындарының мәртебесін ауыстыру мүмкіндігін кеңейту – су айдындарының балық шығымдылығын және тиісінше тауарлық балық өндірісін айтарлықтай ұлғайтуға септеседі", – деп түсініктеме берді Ұлттық экономика министрлігі.

Амбиция асуына жету тетіктері ізделуде

Сонымен, өсірілетін балық өндірісін ондаған есеге ұлғайту үшін не істелмек? Біріншіден, заң жобасында осы су жануарларын өрбітуге ынтыққандарға тіпті ормандарды беру ұсынылып отыр. "Орман қайда, су қайда, ағаштың балыққа қандай қатысы бар?" деген әділетті сауал, күдік-күмән туады.

Бірақ мемлекеттің бас экономисінің байламынша, ормандарда да балық өсіру үшін қомақты әлеует бар көрінеді. Басқаша айтқанда, билік балық өсіруге орман пайдаланушыларды да мобилизацияламақ ниетте.

"Қазіргі уақытта мемлекеттік орман қорының учаскелерінде ұзақ мерзімді орман пайдалану кезінде рұқсат етілген қызмет түрлерінің тізбесіне балық шаруашылығын жүргізу кірмейді. Дегенмен, бүгінде мемлекеттік орман қорында балық шаруашылығын, акваөсіруді дамыту үшін перспективті жер учаскелері бар. Осыған байланысты Орман кодексінің 31-бабына мемлекеттік орман қорының учаскелерінде балық шаруашылығын жүргізуге рұқсат беру бөлігінде өзгеріс енгізу ұсынылады", – деді заң жобасына түсініктемесінде Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев.

Осыған сәйкес, жаңа заң жобасы арқылы қолданыстағы Орман кодексін: "Мемлекеттік орман иеленушілер балық шаруашылығын жүргізуді жүзеге асыруға құқылы" деп толықтыру көзделген.

Бұл ұсынысты Парламент құптаса, мемлекеттік ормандардың үстінен пайда тауып жүрген пысық кәсіпкерлер тағы бір қосымша бизнес көзіне қол жеткізбек. Айта кету керек, олар онсыз да елдің ортақ қазынасы саналатын ормандардың көп игілігін көреді: оларға өзіне бекітіліп берілген мемлекеттік орманда аңшылық жасауға, ағаш кесуге, сүрек дайындауға, шайыр, ағаш шырындарын әзірлеуге, орман қоры учаскелерін ғылыми-зерттеу, сауықтыру, рекреациялық, тарихи-мәдени, туристік және спорттық мақсаттар үшін пайдалануға және содан табыс табуға, плантациялық екпелерді өсіруге рұқсат етілген. Бұған енді балық шаруашылығын жүргізу қосылмақ. 

Су белдеуінде балықшы үйін тұрғызуға рұқсат етіледі

Екіншіден, жаңа жоба Үкіметтің ғаламат міндетінің межесіне жетуіне үлес қосатын адамдарға көлдер жағасында әртүрлі ғимарат салуына жол ашпақ. Әйтпесе, қолданыстағы Су кодексі оған тосқауыл қояды: 125-бабында: "Су қорғау белдеулері шегінде ғимараттар мен құрылыстарды салуға және пайдалануға тыйым салынады" деп жазылған.

Бұл ретте кодекс су жағасында тек су шаруашылығы және су жинау құрылыстары мен олардың коммуникацияларын, көпірлерді, айлақ-порттарды, пирстерді және өзге де су көлігімен байланысты инфрақұрылым объектілерін, су электр станцияларын, демалыс және сауықтыру мақсатындағы ғимараттарды ғана салуға рұқсат етеді. Енді тыйымға ілікпеген осы нысандар қатарына "балық шаруашылығына қызмет көрсетуші құрылыстар, базалар, коммуникациялар" кіргелі тұр. Қаласа, балық өсіруші Балқаш, Алакөл және өзге де атақты көлдер жағасында заңды түрде төл коттеджін тұрғызып алуы мүмкін. Тек балық өсірумен айналысса болды.

"Балық өсіру шаруашылықтары су жағасында орналасады. Бұл норма осыны ескере отырып, олардың құрылыстарының, тұрғын үй және қойма үй-жайларының жағалау аймағында және су қорғау белдеуінде орналасуын қамтамасыз ету мақсатында ұсынылды. Қазіргі кезде балық шаруашылығына арналған су айдындары мен учаскелерін бекіту кезінде балық шаруашылығын, акваөсіруді жүргізуге қызмет көрсететін инфрақұрылым салу қарастырылмайды. Алайда мысалы, жағалауда шарбақты-резервуарлық балық өсіру шаруашылығын жүргізу үшін баспана, жұмысшыларға арналған бөлмелер, балық жемдері, дәрі-дәрмектер және басқасы сақталатын қоймалар қажет", – деген ұстанымын білдірді Ұлттық экономика министрлігі.

Балық өсіру шаруашылықтарына инфрақұрылым жүргізу, құрылыс салу үшін жағалау аймағы мен су қорғау белдеуінде жер учаскелерін бөлу мәселесін балық өсірушілер Үкімет басшысы Асқар Маминнің төрағалығымен Шардара қаласында өткен семинар-кеңесте көтерді.

Нәтижесінде, Премьер-министрдің 2020 жылғы 24 қыркүйектегі хаттамалық тапсырмасымен осы мәселені пысықтау Ұлттық экономика, Ауыл шаруашылығы, Экология, Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Әділет министрлігіндеріне жүктелген.

"Жалпы, балық шаруашылығын дамытудың әлемдік озық тәжірибелері жетерлік, тек соны игере білу керек. Мысалы, көрші Қытай тұщы су айдындарында акваөсіру шаруашылықтарының ауқымын жыл сайын шамамен 100–140 мың гектарға дейін арттырып отырады. Бүгінде акваөсірудің әлемдік жалпы көлемнің 60%-дан астамы жалғыз Қытайға тиесілі. Оның үстіне ҚХР балықты аулағанынан әлдеқайда көп көлемде өсіреді. Әлемде шығарылған барлық гидробионттардың 35%-дайы Қытайдың еншісінде. Шың елі тек кәсіпкерлердің ғана емес, қарапайым халықтың да балық өсіруіне қолайлы жағдай жасаған", – дейді экономика ғылымдарының кандидаты Ольга Корнейко.

Қазақстан да осы бағытта қадам жасағалы тұрғанға ұқсайды. Тек балық өсіру дегенді қалқан етіп, "майшелпек" көлдердің жағалауларын жаппай билігі барлар жайлап алмаса болғаны. Онда 270 мың тонна балық өсіру деген мақсат жайына қалады. Ал оны орындау үшін енгізілген тетіктер балықты емес, былықты арттыруға түрткі болмақ.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу