Қазақстанда банктер мен микроқаржылық ұйым комиссиясы азайтылады

16590

Үкімет адамдардың қарыз жүктемесінің өсуін тежеуге кірісті. 

Қазақстанда банктер мен микроқаржылық ұйым комиссиясы азайтылады

Мәдина Әбілқасымова басқаратын Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басқармасы жаңа қаулысының жобасын жариялады.

Ол "ҚР кейбір нормативтік құқықтық актілеріне банктік және микроқаржылық қызметті реттеу мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы" деп аталады.

Құжат халыққа несие беретін ұйымдардың борышкерлер үстінен көретін табысын шектегелі отыр. Оған сәйкес, елімізде несиелер сыйақысының жылдық тиімді мөлшерлемесі 3 түрге бөлінеді және әрқайсысы бойынша жеке шек енгізіледі.  

"Екінші деңгейдегі банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар ұсынатын банк қарыздары бойынша сыйақының шекті жылдық тиімді мөлшерлемесі – кепілсіз банк қарыздары бойынша 56%; кепілмен қамтамасыз етілген банк қарыздары бойынша 40%; ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша 25% мөлшерінде бекітілсін", – делінген қаулы жобасында.

Сонымен қатар микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдар ұсынатын микрокредиттер бойынша сыйақының шекті жылдық тиімді мөлшерлемесі 56% мөлшерінде бекітілмек.

Сарапшылардың айтуынша, бұл әділдікті қалпына келтіруге тиіс.

"56 пайыз деген шектеу бұған дейін де болған. Бірақ ол шекті меже коммерциялық банктердің, МҚҰ және басқасының барлық кредитіне бірдей қолданылатын. Салдарынан, мысалы, салмақты кепілі бар тұрғын үй заемы да, сондай-ақ тұрмыстық техника салоны еш кепілсіз рәсімдей салатын несие де бірдей қарастырылатын. Банктер мен МҚҰ-лар осылардың бәріне ең жоғарғы сыйақы жазып, аста-төк кіріс көреді. Алда ол тәжірибе жойылуға тиіс. Қаржылық реттеу агенттігі пәрмен танытса, бұл қадам, тіпті, ипотеканың арзандауына да әкелмек. Енді осы қаулы қабылданғаннан кейін ипотека үшін банк алатын сыйақы бұрынғыдай 56 емес, 25 пайыздан аса алмайды. Әйтпесе, қазақстандықтарға ипотекаға алынған пәтер үшін екі пәтердің құнын төлеуге тура келіп жүр", – дейді қаржыгер Сергей Минцев.

Құжаттың тағы бір жаңалығы бар.

"Жеке тұлғамен жасалған микрокредит беру туралы шарт бойынша сыйақының шекті мәндері: микроқаржы ұйымдары үшін берілген микрокредит сомасының 20 %-ы; ломбардтар мен кредиттік серіктестіктер үшін берілген микрокредит сомасының 30 %-ы мөлшерінде белгіленсін", – делінген онда.

Салыстыру үшін айтсақ, Ұлттық банкі басқармасының 2019 жылғы 26 қарашада қабылдаған қолданыстағы "Микрокредит беру туралы шарт бойынша сыйақының шекті мәнін белгілеу туралы" қаулысы бойынша бұлардың барлығы үшін 30% деп белгіленген. Алда МҚҰ-лардың сыйақысы 20 %-ға дейін төмендетіледі.

Құжатта айтылғандай, банктер жаңа банк заемы туралы келісім бекіткенде, МҚҰ-лар – жаңа микрокредит бергенде, сондай-ақ "банк қарызы, микрокредит бойынша сыйақы мөлшерлемесі өзгергенде немесе жаңа комиссиялар мен өзге төлемдер енгізілгенде", сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесі осы бекітілетін шекті мөлшерден аспауы міндет.

Агенттіктің Қаржы ұйымдарының әдіснамасы және пруденциалдық реттеу департаментінің директоры Дәурен Сәлімбаев бұл Президенттің тапсырмасы екенін айтады.

"Қаулы жобасы кредиттер сыйақысының жылдық тиімді мөлшерлемелерін саралауды, жіктеуді көздейтін өзгерістер енгізеді. Бұл елімізде несиелердің құнын төмендету және қарыз алушылардың қарыз жүктемесінің шамадан тыс өсуін шектеу үшін қажет", – деді ол.

Жалпы алғанда, Ұлттық банк дерегінше, жыл басынан бері қазақстандықтар алған кредиттер көлемі тағы 3,7%-ға ұлғайып, 6,9 триллион теңгеге дейін жетті. Бұл – Қазақстанның мемлекеттік бюджетінің бүкіл табысына бара-бар.

Ал экономикаға салынған кредит жыл басталғалы тек 2,4%-ға немесе 328,2 млрд теңгеге ғана өсіп, 14,2 триллион теңгені құрады.

Қарапайым халық алған несиенің басым бөлігі кепілсіз тұтынушылық кредиттерге тиесілі: көлемі 4,2 триллион теңге. 2020 жылы ол 0,6%-ға ғана кеміді.

Ипотека 14,6%-ға артты және 2 триллион теңгеге жетті. Бұған 7-20-25, "Шаңырақ" (5-10-20) секілді мемлекет жүзеге асырып жатқан тұрғын үй бағдарламалары үлес қосуда.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу