Қазақстанда бейбіт күнде контузия алған азамат бюрократиямен шайқасуда

1580

Өндірістік жарақаттардың көбейгені сонша, өндіріс алаңдары "майдан даласына" айналып бара жатқандай.

Қазақстанда бейбіт күнде контузия алған азамат бюрократиямен шайқасуда

Ресми дерек бойынша, ХХ ғасырдағы ақтар мен қызылдар қырғын салған азаматтық соғыстан бері ешқандай басқа соғыс болмаған Қазақстанда мүгедектер саны 707 980 адамнан асты. Соның ішінде 403,7 мыңнан астамы – қалада, 304,3 мыңдайы – ауылда тұрады.

Мүмкіндігі шектеулі адамдардың көптігі жөнінен Түркістан облысы "көш бастап" келеді: 96,6 мыңнан астам жарымжан жан сонда өмір сүреді. Екінші орында индустриалды, өндірістік Қарағанды облысы келеді: 68 081 адам. Үштікті Алматы облысы тұйықтады: 67 549 тұрғыны кемтар болып қалған. Ал Алматы қаласы антирейтингте төртінші орынға шықты: 56 738 мүгедектігі бар адам тұрады.

Бұл дерек шынымен шошынтады. Оның үстіне Үкімет 700 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі адамдардың бәрін бірдей қолдамайды. Үлкен бөлігі жәрдемақыдан қағылған.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2022 жылғы 10 айда тек 530,8 мың адам ғана мүгедектігі бойынша әлеуметтік жәрдемақы алды.

Бұл ретте мүгедектердің жәрдемақысының орташа мөлшері 53 364 теңге ғана болған. Төменгі межесі жанбағысқа да жетпейтіні жасырын емес.

Еңбекминінің түсіндіруінше, мүгедектігі бойынша мемлекеттік арнайы жәрдемақының көлемі мүгедектіктің тобына және жарақат алу себебіне, сондай-ақ күнкөріс шегінің шамасына байланысты болады.

Өндіріс орындарының айдың-күннің аманында қазақстандықтарды мүгедек етіп жатқанына таяуда, жыл қорытындыларына арналған Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент те алаңдаушылық білдірді. Қ.Тоқаев өндірістік жарақат күрделі проблемаға айналып бара жатқанын мәлімдеді.

Биылғы 11 айда өндірісте 1 124 адам зардап шекті. Оның 157-сі қайтыс болды.

"Кейбір кәсіпорында адам өліміне әкеп соқтыратын апаттар тым жиілеп кетті. "АрселорМиттал Теміртау" компаниясы – осының айқын дәлелі. Онда 2006 жылдан бері 20-дан астам апат болып, жүзден астам азаматымыз қазаға ұшырады. Биылдың өзінде 14 адамнан айырылып қалдық. Өткен аптада тағы бір жұмысшы опат болды. Меморгандар мен қоғамдық ұйымдардың есебіне қарасақ, компания еңбек, экология және салық заңнамасын белден басып отыр", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ол Үкімет басшысының өзіне бұл мәселені тікелей бақылауда ұстауды тапсырды.

Жалпы бұл саланы былық басқаны, көптеген түйткілдердің түйіні жылдар бойы шешілмей жатқаны әшкере болды. Мысалы, мүгедектікті куәландыратын дәрігерлер диагноздарды дұрыс қоя алмайды, пациенттің бойындағы дерттердің бәрін тауып, ескермейді екен. Сонымен бірге өндірістік жарақатты жасыру, оны тұрмыстық деп жазу орын алған.

"Қазмырыш" ЖШС-ның жұмысшысы Михаил Никулин Риддер-Сокольный руднигінде 6-разрядтағы бұрғылаушы болып жұмыс істеген. 2020 жылғы 5 қаңтарда өндірістік тапсырманы орындау барысында жазатайым оқиға болып, үйіндінің астында қалады. Салдарынан кеніште, жерастындағы қуыста қамалып, бұғатталған. Оны іздеу-құтқару жұмыстары 40 сағатқа ұзады.

"Аса суық, сыз, ызғарлы жерде тоңып, тас қараңғыда екі тәулікке жуық уақыт бойы жаттым. Оттегі таусылуға таяды. Улы газдар құрамы артты, оның соңы түрлі галлюцинацияға соқтырды. Оның үстіне сол жерде сілті араласқан, мұздай, шалшық суда жату, тамақ, су ішпеу денсаулыққа зор залал келтірді. Бұған қоса, құтқарушылар мен жатқан құрдымға жетуі үшін 8 циклмен жарылыс жасалды. Бұдан қатты контузия алдым. Соңғы жарылыстан кейін белгілі бір уақытқа есту қабілетімнен айырылып, шала-жансар күйге жеттім", – дейді Михаил.

Оның денсаулығына ауыр дәрежедегі өндірістік жарақат келтірілді.

Содан 7 қаңтарда, таңғы 4 жарымда оны Риддер қалалық ауруханасына жеткізеді. Түскі 14:00-де жедел жәрдем Өскемендегі Шығыс Қазақстан ауруханасына алып кеткен. Содан соң, жұмыс берушінің көмектесуімен, жаралы жұмысшы Ресейдің Новосібіріндегі маманданған клиникалық ауруханаға аттандырылған. Онда терең зерттеуден өткеннен кейін дәрігерлердің кеңесімен жұмыс берушісі Михаилды алыс шетелге, Израильге арнайы ем қабылдауға жолдап, шығынын көтерген. Қазіргі кезде ол сонда емдеуден өтуде.

М.Никулин апаттан аман-есен құтқарылғанымен, тауқыметі бітпепті. Әрі қарай бюрократиялық сергелдең басталған. Бастапқыда "орташа ауырлық дәрежедегі жалпы суық тию" (общее переохлаждение средней степени тяжести) деген диагноз қойыла салыпты. Бұл диагноз да оған кесірін тигізіп тұрған көрінеді.

"Өскемендегі дәрігерлік-консультациялық комиссияның мамандары да, Ресейдегі және Израильдегі дәрігерлер де ұқсас сұрақ қойды. Неге Риддерде алғашқы болып қабылдаған дәрігерлер пациенттің жеке ісінен көшірмеде менің барлық диагноздарымды толық жазбаған? Себебі, олар анализдерімнен анық байқалып тұрған көрінеді. Сонда маған суық тиген болып шықты. Аурухананың қабылдау бөлмесінің бағыттамасында: "есін жоғалтпаған, сұрақтарға нақты жауап бере алады" деп жазып жіберіпті. Ондай есімде жоқ. Көзіне түрлі нәрсе елестеп, есінен ауыса жаздап, ауасы таусылуға таяған жерде, сілтіге бөккен лайлы суда екі күн жатқан адамды тың етіп көрсеткеннен не ұтты? Дертімнің анамнезін жедел жәрдем бригадасының айтуынан жазып алыпты, ал олар үйіндінің астында менімен бірге жатқан жоқ қой. Онда нақты жағдайымды анализсіз қалай білді? Анализді есім кірген соң өзімнен сұрап, толтыруына болады ғой?", – деп кейіді кенші.

Ол ауруханада өзін тұманда жүргендей сезінгенін, қалшылдап тоңғанын, қайта-қайта шөлдей бергенін, аузынан удың дәмі кетпей қойғанын, тәуліктің не күн, не түн екенін ұзақ түсіне алмағанын айтады. Ал дәрігерлер алғашқыда оны "бомж" деп ойласа керек, оны жеткізген жедел жәрдем дәрігерлерінен "мұны қайда аунап жатқан жерінен тауып алғандарын" сұрапты.

Жұмысшы сот-медициналық сараптама жүргізілмегенін де қынжыла жеткізді. Салдарынан құжаттарда оның жарақаты өндірістік екені көрсетілмеген.

М.Никулин 2020 жылдан бері шетелде ұзақ емделуге мәжбүр. Ол таяуда жедел жәрдем қызметіне хат жазып, жай көшірменің жарамайтынын, Қазақстанда өзіне қатысты қандай медициналық іс-әрекеттер жүргізілгені, сол кездегі өз ахуалы егжей-тегжейлі сипатталған құжаттарды ұсынуды сұратты. Олардан құжаттардың тек 2 жыл ғана сақталып, ары қарай жойылатыны туралы жауап алған.

Оның айтуынша, егер Риддер мен Өскемендегі аурухана мамандары қажетті медициналық көмекті толық әрі жедел көрсеткенде, осынша ұзақ емделуге тура келмес еді. Оның орнына дәрігерлер жазатайым оқиға болғалы бір ай өтпей жатып, 2020 жылғы 31 қаңтарда жұмысқа жарамсыздық парағын да жауып тастапты. Жағдайы нашарлаған соң жұмыс берушісі шетелдік мамандарда емделуіне рұқсат еткен екен. 

"Бүгінде мені емдеп жатқан израильдік мамандар қазақстандық әріптестерінің өрескел қателік жібергенін мойындауға мәжбүр болды. Масқарасы сол, Egov.kz жүйесінде менің тұрмыстық жарақат алғаным көрсетілген. Жерастында нені бастан кешкенімді мен ғана білемін. Соғыста болып қайтқандай болдым. Жергілікті дәрігерлер дәл жаныңда 8 жарылыс жасалуының не екенін түсінбейді. Соның салдарынан контузия алдым. Риддерлік және өскемендік ауруханаларда оған қатысты зерттеу жүргізбеді", – деп қапаланады Михаил.

Бүгінде оның құжаттарын реттестіріп, мүгедектікті рәсімдеу үшін зайыбы да, анасы да қолхат негізінде түрлі инстанцияны адақтап жүр. Олар әділдікке қол жеткізіп, электронды Үкімет порталында "өндірістік жарақат" деп жазылуына қол жеткізуге тырысады. Бірақ одан нәтиже шығады ма, ол жағы белгісіз.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу