Қазақстанда "бюджет қаражатын игермеу" ұғымы жойылады

3315

Билік қайтадан Сингапурға ұқсауға тырыса бастайды. Алайда оң тәжірибені біздің "жауапсыз, қорқақ" шенеуніктер бүлдіруі мүмкін.

Қазақстанда "бюджет қаражатын игермеу" ұғымы жойылады

Қазақстан бұған дейін Оңтүстік-Шығыс Азиядағы арал-мемлекетті әр істе үлгі ететін. Мысалы, билікке қызмет ететін отандық және шетелдік саясаттанушылар Елбасыны мақтағанда, оны әлемдегі ең бай мемлекеттің негізін қалаған Ли Куан Юға теңейтін. Сингапур үлгісінде Қазақстан бірінші сыныптан бастап, үш тілде білім беруді енгізді. Көшеде қақырып-түкіретін, сағызды көрінген жерге жапсыратын, тіпті дәрет сындырған соң, суды ағызбайтын адамдарды қылмыстық қудалайтын сингапурлық тәжірибе бойынша Қазақстанда да 2016 жылы "тәртіпсіздік пен ұсақ құқық бұзушылықтарға нөлдік төзімсіздік" қағидаты енгізілді.

Содан 2020 жылы Үкіметтің экономикалық қанаты Сингапурдың бюджеттік саясатын да тұтасымен қабылдауды ілгерілете бастады. Мұны еліміздің жаңа Президенті құптады. Ол 2021 жылғы 1 қыркүйектегі жолдауында "бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің жауапкершілігін арттыра отырып, бөлшектенген-блок бюджетті енгізуге" тапсырма берді. Соның негізінде өткен жылдың аяғында Ұлттық экономика министрлігі блок бюджетті енгізуді қарастыратын арнайы заң жобасын әзірлеп, қоғам талқылауына шығарған еді. Құжатты inbusiness.kz талдап жазды. 

Алайда ақпарат құралдары мен сарапшылардың сынынан кейін оны қайтарып алды. Енді блок-бюджетке қатысты нормаларды "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне бюджет заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" жаңа заңының жобасына қосып, қайта ұсынып отыр.

Бұл жолы да сарапшылар сынына қалды. Мысалы, олар бөлшектелген бюджетке қатысты тек Сингапурмен шектелмей, өзге елдердің тәжірибесін пысықтап, оң және теріс жақтарын көрсетуді талап еткен. Ұлттық экономика министрлігі олай жасай алмайтынын мойындады. Өйткені "шетелдік тәжірибені талдау көрсеткендей, бюджеттеудің аталған моделі, яғни блок бюджет тек қана Сингапурде қолданылады".

Дегенмен былтырғы нұсқасынан бірқатар өзгерістер бар. Ұлан-ғайыр жерге ие, тиісінше аумағы орасан Қазақстан құйтақандай ғана арал-мемлекет сияқты толығымен блок бюджетке көшпейтін болды. Сонда қайда және қалай қолданылмақ?

Заң жобасына сәйкес, Қазақстанда Бюджет кодексі өзгеріп, бюджет шығыстарының блоктық-бөлшектік классификациясы енгізіледі.

"Бұл ретте бюджет шығыстарын классификациялаудың қолданыстағы барлық түрін сақтау ұсынылады. Сонда шығыстардың блоктық сыныптамасы тек бюджеттің бағдарламалық шығыстарына қатысты қолданылатын болады. Осыған байланысты шығыстар бойынша әрбір бюджеттік бағдарламаның форматы мен мазмұны ұлттық жоба форматына негізделуге тиіс", – деп түсіндірді Экономика министрлігі.

Нәтижесінде, шенеуніктерге төл бюджеттік бағдарламаларының жобасын мемлекеттік жоспарлау бойынша орталық уәкілетті органның келісімінен өткізбеуге рұқсат етіледі. Бұл бюджет бекіту рәсімдерін жеңілдетуге және бюрократиядан арылтуға тиіс көрінеді.

Қарапайым тілмен айтқанда, әрбір министрліктің нақты бір бағдарламасы блок-бөлшек болып есептеледі. Оған бөлінген миллиардтарды шенеуніктер жоғарғы басшылардың рұқсатын сұрамай, кіші бағдарламалар аясында өз бетінше бөледі, біреуінен алып қойып, екіншісіне қосам десе де ешкім қой демейді. Нәтиже көрсетсе болғаны.

Әлібек Қуантыров командасының байламынша, блок бюджетті енгізу "бюрократияны барынша азайтуға, бюджеттік бағдарламалардың әкімшілеріне қаражатты қайта бөлуде еркіндік беруге және ұзақ мерзімді мақсаттарға баса назар аударуға қызмет етеді".

Жалпы бұл бетбұрыс үлкен өзгерістерге түрткі болмақ. Мысалы, қазіргі кезде Есеп комитеті өткен жылғы бюджеттің атқарылуы жөніндегі есеп аясында қандай министрліктер мен әкімдіктердің қанша миллиард теңгені іске жаратпай, игермей тастағанын жариялайды. Соған айыпты шенеуніктер тәртіптік жазаға тартылып жатады, келесі жолы қателігін қайталамауға, тезірек игеруге тырысады. Енді оған асықпауы да мүмкін. Өйткені әр блоктың бюджеті 3 жылға бір-ақ беріледі.

"Блоктық бюджет жүйесі – игерілмей қалған қаражаттарды келесі жылы қосымша пайдалану құқығын береді. Сондықтан ұлттық заңнамадан "бюджеттік қаражаттарды игермеу" ұғымы жойылады", – деп мәлімдеді Ұлттық экономика министрлігі.

Шығыстарды блоктар бойынша "бағдарламалық" және "бағдарламалық емес шығыстар" болып екіге бөлу ұсынылып отыр.

Бағдарламалық шығыстарға – ұлттық жобаларды іске асыруға арналған шығыстар жатады. Бағдарламалық емес сипаттағы шығыстарға – күрделі шығыстар, басталған, жалғасатын бюджеттік инвестицияларға арналған шығыстар, МЖӘ жобалары бойынша қабылданған мемлекеттік міндеттемелер, жалпы сипаттағы трансферттерді игерумен, мемлекеттің міндеттемелерін орындаумен байланысты ұлттық жобаларға енгізілмеген шығыстар жатады.

Заң жобасында өзге де даулы тұстар жетерлік.

Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығы бірқатар олқылықтарға назар аудартты. Блок бюджетті енгізу теріс салдарларға соқтыруы мүмкін, себебі "бюджеттік бағдарламалар әкімшілері бюджет қаражаттарын басқаруда дербестікке дайын емес, өзіне жауапкершілік алудан қорқады, оны қаламайды".

Сондай-ақ блок бюджет аясында ел қаржысын шығындауға еркіндік берілетіндіктен, қай қаржының қайда кетіп қалғаны белгісіз қалып, сайда саны, құмда ізі қалмауы мүмкін. Ол үшін салмақты жаза да жоқ көрінеді.

Негізі, қолданыстағы Әкімшілік кодексінде "Бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлау және тиімсіз пайдалану" деген 234-1-бап қана бар. Оған сәйкес, миллиардтаған ел қаржысын тиімсіз шығындаған, ел қазынасын талан-таражға салған, бірақ кінәсі дәлелденбеген лауазымды адамдарға бар-жоғы 100 АЕК (306 300 теңге) айыппұл салынады. Ал блок бюджет арам пиғылды шенеуніктер мен әкімқараларға қалтасын қаптайту үшін мүмкіндіктердің кең өрісін ашпақ. Бюджет блогы 3 жылға бір-ақ бекітілсе, осы уақытта талай басшы ауысып, ақырында жауапты адам табылмай қалуы ықтимал.

Сол себепті Республикалық құқықтық ақпарат орталығы бөлшектелген бюджетпен бірге бюджет қаражаттарын мақсатсыз пайдалану үшін қылмыстық жазаны енгізуді ұсынды.

"Бюджет қаражатын мақсатсыз пайдаланғаны үшін қылмыстық жауапкершілікті заң жүзінде бекіту мәселесі бұрынғыдан да өзекті бола түсті. Айта кету керек, сонау 2014 жылы жаңа Қылмыстық кодекс жобасын талқылау кезінде ғалымдар ондағы "Мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік басқару мүдделеріне қарсы сыбайлас жемқорлық және өзге де қылмыстық құқық бұзушылықтар" деген тарауға 2 жаңа бапты қосуды ұсынды. Оның біріншісі – "Бюджет қаражатын заңсыз иемдену немесе өзге де мақсатсыз пайдалану", екіншісі – "Заңсыз баю". Бұл БҰҰ-ның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясының 17-бабын ұлттық заңнамаға кіріктіріп, имплементациялау үшін қажет еді. Өкінішке қарай, Бас прокуратура ғылыми қоғамдастықтың бұл ұсынымдарын қабылдамай тастады", – деп еске салды орталық мамандары.

Себебі прокуратура бюджет қаржысын ұрлау деген қылмыстық бап бар екенін алға тартқан. Бірақ ол бапты дәлелдеу қиын. Салдарынан, тергеу барысында не сотта ұрлық мақсатсыз жұмсауға ауыстыра салынады.

Соның кесірінен, кезінде билік шенеуніктерге айыппұлмен құтылуға мүмкіндік беретін әкімшілік жазаны енгізумен шектелді.

Республикалық құқықтық ақпарат орталығының сарапшылары блок бюджетті енгізу аясында әлгі ұсынысқа қайта оралып, енді қылмыстық жазаны қарастыруды ұсынды. Әйтпесе, Қазақстан тарихында бюджеттің миллиардтарын "блоктап" жымқырудың үлгілері жетіп-артылады.

"Инфрақұрылымды дамыту үшін мемлекет беретін қаражатқа қатысты заңсыз әрекеттерден ел орасан зор шығын шегеді. Мысалға елордадағы аса шығынды LRT жобасын алсақ жеткілікті. Ресми деректерге сәйкес, ЛРТ жобасынан бюджетке келген шығын ең кемі 5,8 млрд теңгені құрады. Ендеше тек әкімшілік жауапкершілікке тарту, айыппұл салу қазіргі өзгерістердің талаптарына сәйкес келмейді деп санаймыз. Осыған байланысты Қылмыстық кодекске бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің жауапкершілігін енгізу, бұл ретте мемлекетке келтірілген залал мөлшерінің жауапкершілігін шектеу орынды болып табылады", – деген ұсыным берді орталық сарапшылары.

Бұл идеяны заңды әзірлеушілер әзірге құптап отырған жоқ.

Сингапур блок бюджетке 1965 жылы көшті. Алғашында оның шынымен жемқорлыққа жол ашатын олқылықтары белең алған. Сонда коррупционерлер аяусыз жазаланды, ұзақ жылға темір торға қамалды. Ал заңнама жетілдірілді. 1978 жылғы бюджеттік реформа нәтижеге бағдарланған  жоспарлауды, бағдарламалар жасауды және америкалық жүйеден алынған бағдарламалық бюджеттеуді (Planning, Programming and Performance Budgeting System, PPPBS) енгізді.

Қазақстаннан басты айырмашылығы сол, сингапурлық блок бюджет министрлерден, бюджет әкімшілерінен бюджеттің кірісі шығысынан көп болуын талап етеді. Осының арқасында Сингапур 90-шы жылдардың аяғынан бастап, тіпті жаһандық ең қиын кезеңдерде де бюджет профицитіне қол жеткізді. 1997-1998 жылдардағы азиялық алапат қаржы дағдарысы, 2003 жылы атипті пневмония эпидемиясы, одан кейінгі қаржылық-экономикалық дағдарыстар, пандемия кезеңінде Сингапур осы жолынан таймады. Қазақстан бюджеті – үнемі дефицитті! Үкімет тапшылықты Ұлттық қордан алады, шетелден мол қарыз тартады.

Есеп комитетінің басшысы Наталья Годунованың айтуынша, Қазақстан "көрпесіне қарай көсілмейді" және мемлекеттің табысы оның шығысының тек жартысын ғана жабады.

Ендеше "әй дейтін әже, қой дейтін қожа" болмаса, бақылау қатайтылмаса, қылмыстық жаза қарастырылмаса, блок бюджет жемқорлыққа, ел қазынасын миллиардтап қылғытатын ірі коррупционерлерге кең жол ашып, "бүлік бюджетке" айналып кетпес пе?

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу