Қазақстанда COVID-19 жұқтырғандар саны 1,5 млн-ға жеткен бе?

3432

Коронавируспен нақты қанша адам ауыратынын билік білмейді. 

Қазақстанда COVID-19 жұқтырғандар саны 1,5 млн-ға жеткен бе?

Апта басында денсаулық сақтау магистрі, Алматыдағы "Орталық клиникалық аурухананың нейрохирургия орталығының меңгерушісі Мыңжылқы Бердіқожаев coronavirus2020.kz ресми мемлекеттік сайтында жарияланған Қазақстандағы COVID-19 індетіне қатысты ақпарат шындық ауылынан мүлдем алыс екенін мәлімдеген еді. Ол шенеуніктерді статистиканы жасанды түрде төмендетіп отырғанына айыптады. 
"Сайттағы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Статистикамен ойнауды тоқтату керек! МКБ-10 (10-шы рет қайта қаралған халықаралық ауру классификациясы) кодтарымен ойнау жәрдем көрсетудің кешігуіне, ауруханаға жатқызудан бас тартуға, амбулаторлық көмектің тым кеш көрсетілуіне соқтырды", – деп ашығын айтты Мыңжылқы Бердіқжаев.

Билік дәрігерлердің жанайқайына құлақ асқанға ұқсайды.

"Пандемия ахуалы туралы барлық ақпарат қанша жерден ащы болса да, оны қоғам білуге тиіс. Жариялылық пен өзара сенім болғанда ғана біз бірлесе отырып бұл індетті тезірек жеңеміз. Үкіметке пандемияның статистикасын біріздендіру міндеттелді. Азаматтардың денсаулығы мен өміріне коронавирустан бөлек, өкпе қабынуы да үлкен зардабын тигізіп отыр", – деді Президент Қ.Тоқаев Twitter-дегі парақшасында.

Қазақты құртқан бес ұят

Осыдан кейін коронавируспен науқастанған белгілі кәсіпкер Айдын Рақымбаев елді елең еткізген мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, елімізде COVID-19 індетімен 1,5 миллионан астам адам ауырады.

"Менің қолымдағы мұндай мәлімет қайдан алынды? Біздің компания мамыр айының соңынан бері барлық қызметкерін тегіс тестілеуден өткізіп келеді. Күн сайын 5 мың адамнан. Нәтижесінде, бізде Қазақстанның батысы, солтүстігі және оңтүстігі бойынша дұрыс ақпараттық база жиналды. Сөйтіп, бүгінде біздің холдинг тобында адамдардың 16%-дайы вирус жұқтырғаны анықталды. Тым асыра сілтеу болмауы үшін осы пайызды екі есе азайтсақ, сонда 18 миллионнан аса халқы бар Қазақстанда кем дегенде 1,5 миллион індетке шалдыққан болып шығады. Бірақ менің ойымша, бұл сан әлдеқайда көп және шамамен 3 миллион қазақстандықты құрайды. Ия, бұл қорқынышты. Дегенмен, шындыққа осы жанасымды!" – деді Айдын Рақымбаев. 

Ол қызметкерлерінің көбі жұмыстан тыс уақытта індетке шалдықты деген ойда. Бұған қазақтың "ұятын" айыпты санайды.

"Басында ұзақ карантинде отырып, ел індеттің ушығуынан аман қалды. Алайда барлығы 29 мамырда басталды. Шектеулер алынып, барлық сауда орталықтарына, мейрамхана-дәмханаларға жұмыс істеуге рұқсат берілді. Осы жерде қазақтың ұяты трагедияға себепкер болды. Әлемде бірде-бір ұлтта дәл қазақтағыдай тойға жинала беру дәстүрі жоқ. Бала туғаннан шілдехана, қалжа, қырық шелпек, жасқа толуы, тұсаукесер, сүндет той, тілашар, университетке түсуі, жыл сайынғы туған күні... Кез келген сылтау бойынша үлкенді-кішілі той-томалақ, дастархан жаю, қонақ шақыру. Қазақтың тойы, құдалығы, сырға салу, қыз ұзату, құда күту, негізгі той, қарсы жақтан құдалардың келуі, келіншай, басқасының әрқайсысына 500-ден астам қонақ жиылады. Карантин жойылысымен осы іс-шаралар толық күшімен іске қосылды. Өйткені оны өткізбеу, қонақ шақырмау – бірінші үлкен ұят", – дейді А.Рақымбаев.

Оның мәліметінше, 29 мамырдан бері ондаған мың мейрамхана-дәмхана карантинде жиналып қалған әлгіндей той-томалақтың дүрмегіне толды.

"Барлығы арқаны кеңге салды, эпидемияны еңсердік деп тоқмейілсіді. Жақында мейрамханасы бар ресторатор досымнан естідім, ол маусым айының ортасына дейін қаптаған кештер мен тойларды дүркіретіп тұрып өткізгенін мойындады. Тойлар 30 адамнан екі-үш бөлікке бөлініп өткізілген, оған жастар да, кәрілер де қатысқан, бәріне бір даяшы-официант тобы қызмет еткен. Салдарынан, барлық туыс-туғаны араға кіріп кеткен бірер сырқат кесірінен жаппай дертке душар болды. Екінші үлкен ұят – шақырған жерге бармау. Қазақтың дәстүрі бойынша міндетті түрде жедел жетуің, алыста жүрсең – ұшып келуің керек. Бір отбасыдан ең құрығанда бір өкілі қатысуы міндет. Мейрамханаларға қатысты шектеу енгізілуіне байланысты бүкіл маусым бойы адамдар жеке үйлер мен коттедждерді жалдады, онда отыз шақты адамнан бас қосты. Мұндай шаралар барлық өңірде кең ауқым алғанын естігенде естен тана жаздадым", – дейді құрылыс компаниясының қожайыны.

Оның байламынша, қазақ үшін үшінші үлкен ұят – бойында індет симптомдарының пайда болуы. Айдын Рақымбаев соның кесірінен адамдар вирус жұқтырғанын бір-бірінен жасырды дейді. Төртінші үлкен ұят – "бақылаушы органдар ондай шараларға тосқауыл қоюға ұялды". Себебі, алыс-жақын туыстардың бірі табылып, оны қатты ұялтып, тыйым салуына мүмкіндік бермейді.

"Енді міне, іс-шаралар өткізуге рұқсат етілгеннен кейін екі апта – инкубациялық кезең өткенде Қазақстанды коронавирустың екінші алып толқыны басты. Біз мұны өз компаниямызда індеттің өршуінен көрдік. Бір аптадан кейін өлім-жітім көбейді. Осы кезде бесінші ұят – көңіл айту және жерлеу рәсіміне орасан зор көлемде адамның жиналуы инфекция жұқтыру әсерін күшейтті. Асқа бармау тағы ұят. Салдарынан қазақстандық үрейлі трагедияға куә болып отырмыз. Вирустан мыңдаған адам өлді", – дейді А.Рақымбаев. 
Ресми дерек бойынша Қазақстанда коронавирус инфекциясынан мыңдаған емес, 375 адам қаза тапты. 

"Айдынның өзі той өткізгені ұят болды"
Белгілі кәсіпкердің бұл мәлімдемесі әлеуметтік желіде кейбір азаматтардың ашу-ызасын тудырды. 

Оның әріптесі, кәсіпкер Дана Мұқанова-Хуршудян мейрамханалардың той-томалаққа толы болғанын жоққа шығарды. 

"29 мамырдан кейін ешқандай той болған жоқ. Бірлі-жарымы кездескен шығар. Қазақстанның барлық ивенторлары ортақ чаттарда отыр. Барлығы да жұмыссыз. Ондай іс-шара өткізу үшін жүргізуші ғана емес, шоу-бағдарлама қажет. Барлық отбасылық мерекелер кейінге көшірілді, артынан мүлдем бас тарта бастады. Індеттің өршуі дәрінің жоқтығынан. Адамдардың дерті ауырлады", – дейді Д.Мұқанова-Хуршудян. 
Расында, Қазақстанда сәуір айынан бері тойхана, мейрамхана және басқа да жерлерде той, отбасылық мереке өткізуге тыйым салынды. Бұған қатысты шектеулер бүгінде де сақталған. Қонақ шақырулар кейде жасырын өтті. Анықталған оқиғалар бойынша іс қозғалып, той иелері және рестораторлар айыппұлмен жазаланды. 

Кейбір интернет пайдаланушылар нағыз салтанатты рәсім-тойды "Би-ай Груптың" өзі өткізгенін бетіне басты.

"Кешіріңіз, осыдан біраз бұрын ғана аурухана кешені құрылысының аяқталуына орай үлкен корпоратив өткізгеніңіз туралы айтып, фотосын жариялаған да өзіңіз емессіз бе?! Сонда не алшақтықты сақтаған, не бетперде таққан ешкім көрінбеді. Бұл үндеуде, сөз басында сіз компанияда қателік жібергеніңіз туралы ашық айтуыңыз керек еді. Әйтпесе, әлдебір екіжүзділіктің лебі еседі", – деп жазды Мая Хассанова.
"Елдегі трагедияға қазақтың ұяты мен тойы айыпты болса, Қазақстандағы өзге ұлт өкілдері неге ауырып жатыр?" – деп сауал тастайды Ләззат Кәрсенбекова.

"Карантиндегі бірер тойдың сылтауымен қазақтың бүкіл салт-дәстүрін даттап, өздерінің таяз көзқарастары мен топастығын білдірушілерге, өз ұлтың, ата-әжең ұстанған дәстүрді қаралайтындарға айтарым: бірінші жеті атаңды танып, мақал-мәтел, жөн-жоралғының, аңыз әңгімелердің мағынасын түсініп алыңдар! Біз тойға бармасақ та отырмыз, ауырып", – деп қынжылады Тұрсынай Малдыбаева.

Халықтың 9% ғана ПТР-тестен өткен

Сонымен, Қазақстанда КВИ-мен ауырушылардың саны да, одан қаза болғандардың статистикасы да жаңсақ екені анық болды. Оған ел басшылығы да назар аудартып отыр. 

Сарапшылардың пікірінше, бұған ПТР-тесттің жетіспеуі және бағасының қымбаттығы себеп. Соның кесірінен, Қазақстанда небары 1 миллион 737 мың 546 коронавирус тесті ғана жасалған. Бұл ел тұрғындарының бар-жоғы 9,25%-ына тең. Егер осы санға қызмет бабы бойынша бір емес, бірнеше рет тестілеуден өтетін дәрігерлер, полицейлер, волонтерлар кіретінін ескерсек, онда шын мәнінде ПТР-тест тапсырған қазақстандықтар саны тым аз болып шығады. Ауылдар, кенттер, тіпті шалғай және шағын қалалар тұрғындары үшін ПТР-тест қолжетімсіз. 

Енді екі аптадан кейін Қазақстанда COVID-19 статистикасы екі жүз мыңнан асып кетуі мүмкін. Президент тапсырмасынан кейін денсаулық сақтау министрі Алексей Цой зертханада анықталған COVID-19 және ПТР-тесті таза, бірақ коронавирустың клиникалық белгілері бар пневмония статистикасы өзара біріктірілетінін мәлімдеді. Жаңа статистика 1 тамызда жарияланбақ. 2020 жылғы 1 қаңтардан 15 шілдеге дейін 234 187 адам пневмонияға шалдығып, 3 327 адам қайтыс болды. 

Егер КВИ сырқаттарының саны 300 мыңға жетсе, онда Қазақстан әлемде қаралы "ондыққа" кіруі ықтимал.


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу