Сіз осы жолдарды оқып отырғанда, республиканың әлдебір түкпірінде бойжеткен, келіншек немесе әйел соққыға жығылып, зорлық көріп, тіпті өлтіріліп жатыр. Бұл асыра айтқандық емес. Тәуелсіз сарапшылардың бағалауынша, елде жыл сайын 18 жастан асқан 40 мыңнан 80 мыңға дейін әйел сексуалдық зорлық-зомбылықтың құрбаны болады, зорланады.
300 мыңдай әйел әртүрлі зорлық-зомбылық көреді, немесе ұрып-соғу қаупі төніп, туысқандарынан, көршілерінен, мемлекеттен жанұшыра араша іздейді.
Бұл сорақы жайт Президенттің өзін шошынтты. Биыл Ішкі істер министрлігінің алқа отырысын өткізген Қ.Тоқаев соңғы екі жарым жылда үйдегі зорлық-зомбылықтың салдарынан 300 адам қаза тапқанын мәлімдеді. Денсаулыққа ауыр зиян келтірудің 878 фактісі және орташа зиян келтірудің 808 фактісі тіркелген. Осындай құқық бұзушылықтар бойынша 37 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Мемлекет басшысының бағалауынша, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық артты. Ал отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы қиянаттан қорғау тетігінің тиімділігі төмен.
Денсаулығына, тіпті өміріне қатер төнген құрбан жан бас сауғалап, қашқанда оған дағдарыс орталықтары пана болуға тиіс еді. Олар онсыз да басы қарқынды өспей тұрған ұлтымыз үшін алтыннан да асыл қаншама ананы құтқарып, болашақ үшін сақтап қалуы шарт еді.
Алайда енді белгілі болып отырғандай, осы орталықтардың өзі күйзеліске душар болыпты. Олардың жұмысында көптеген проблема, олқылықтар әшкереленді.
Өмірлік қиын жағдайға тап болған тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары туыстары мен таныстарына, сондай-ақ көршілеріне тығылуға мәжбүр. Ал ең құрығанда бір түнеп шығу үшін оларға пана беруге міндетті дағдарыс орталықтары бұл функцияларын толыққанды орындай алмай отыр.
Бұған бірнеше фактор ықпал етті. Біріншіден, орталықтардың саны жеткіліксіз. Қазақстанның барлық өңірлерін қоса алғанда, небары 15 мемлекеттік және 46 мемлекеттік емес дағдарыс орталықтары ғана жұмыс істеп жатыр.
Екіншіден, оларда төсек-орын тапшы: бәрінде жалпы саны 976 төсек қана бар. Ал отбасында зорлық көретін 300 мыңға дейінгі әйелдің үлкен бөлігі отбасылық тираннан құтқару үшін балаларын ала қашуы мүмкін. Олардың бәрі ұйлығысып, шағын ғана бір керуертте ұйықтай алмайтыны мәлім.
Оның үстіне дағдарыс орталықтарының біразы қаржыландырудың аздығынан күндізгі форматқа көшуге мәжбүр. Яғни, өзінде жәбірленушіні түнете алмайды. Оған арналған панажайы да жоқ. Тек психологиялық немесе басқа көмек берумен шектеледі, кеш түсе шығарып жібереді.
Ал елімізде дамыған елдердегідей, уақытша пана ұсынатын қайырымдылық ұйымдарының желісі дамымаған. Темір жол және автобус вокзалдарында, әуежайларда түнеп шығуға тыйым салынған. Содан жақын-жуығы болмаса, көршілері мейірімділік танытпаса, зардап шеккендердің әсіресе, ақырған боранда, үскірік аязда барар жер, басар тауы қалмайды.
2022 жылы полиция өмірлік қиын жағдайға тап болған 9 мыңнан астам әйелді осы орталықтарға жіберіпті. Бірақ олардың 3 мыңнан астамы ғана солардан пана таба алған.
"Бұл орталықтардың саны жеткіліксіз. Мысалы, Шымкентте полицияға 2022 жылы тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша 11 мыңнан астам хабарлама түскен. Ал қалада тек бір ғана дағдарыс орталығы бар. Абай және Қызылорда облыстарында мүлдем жоқ. Әкімдіктер өңірлерде орталықтардың жұмысын ұйымдастыруды және осы бағытта мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты ұлғайту мәселесін қолға алуы керек", – деп мәлім етті Ішкі істер министрлігі.
ІІМ дерегінше, 2018 жылдан 2022 жылға дейін дағдарыс орталықтарына өтініштер саны бірден 74%-ға, яғни 16 033-тен 27 942-ге дейін өсіп шыға келді.
Полицияның пікірінше, мұндай өсім динамикасына көп жағдайда, қызметкерлердің және ақпарат құралдарының халық арасында жүргізіп жатқан түсіндіру жұмыстары ықпал етті. "Отбасыны ойрандаушының зорлығына төзбеңіз, күйзеліс орталығына барыңыз" деп кеңес береді түрлі сарапшы. Құрбан оған барса, орын жоқ.
"Қазіргі уақытта елде мемлекеттік және мемлекеттік емес дағдарыс орталықтары жұмыс істейді. Оларды қаржыландырудың қолданыстағы тәртібі зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсету бойынша жүйелі жұмыс жүргізуге мүмкіндік бермейді. Өйткені бұл орталықтар өз жұмысын жалғастыру үшін мемлекеттік грантты жеңіп алуы шарт. Ол гранттар саны, сомасы азайтылуы мүмкін. Кей жылдары тендер не кешіктіріліп өткізіледі, немесе мүлдем өтпей қалады. Осыған байланысты сарапшылар қауымдастығының өкілдері мемлекет тарапынан тұрақты қаржыландыру қажеттігін атап өтуде", – деп хабарлады ІІМ мамандары.
Олар тағы бір түйткілге назар аудартты. "Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету стандартында" оларға көмек көрсету тәртібі белгіленген. Алайда оны іске асыру кезінде меморгандар да, орталықтар да проблемаға тап болады.
Мәселен, дағдарыс орталығынан уақытша орын алу үшін әйел өзіне қатысты зорлық-зомбылық жасалғанын дәлелдеп, жәбірленушінің мәртебесін анықтау рәсімінен өтуге тиісті. Басқа да бюрократиясы мен қағазбастылығы жетерлік. Онсыз орталықтар мемлекет бөлген бюджеттік қаржының мақсатына, нысаналы жұмсалғанын дәлелдей алмас еді.
Дағдарыс орталықтарына аналарымен бірге кәмелетке толмаған балалар да қабылданады, бірақ психологтың олармен психотүзеу жұмысын жүргізуі бойынша қызметтер көзделмеген.
Сондықтан Президенттің тапсырмасымен ІІМ әзірлеген "Қоғаммен әріптестікте қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің 2024-2028 жылдарға арналған тұжырымдамасында" Қазақстанның бұл салада Оңтүстік Кореяның озық үлгісіне көшуі көзделген.
Себебі, Кореяда зорлық-зомбылық құрбандарына барлық кешенді көмек бір жерде көрсетіледі. Қажетті процестік әрекеттер де сол орталықта жүзеге асырылады.
Қазақстанда зорлық-зомбылықтың барлық түрін тұрақты азайтуға бағытталған жүйелі жұмысты ұйымдастыру үшін қосымша шаралар кешені қабылдануы шарт.
Соның ішінде елде зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсетудің кешенді жүйесі жұмыс істеуі керек. Бұл әлгі айтылған "Таң самал елінің" тәжірибесі.
Оның аясында дағдарыс орталықтары көрсететін қызметтер мен көмек түрлері кеңейтілуге, сондай-ақ ел бойынша бұл орталықтардың саны ұлғайтылуға тиіс.
Бұдан бөлек, зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік қызмет көрсететін ұйымдарды олардың жұмыс сапасын арттыру үшін сертификаттау рәсімі енгізілмек.
Сонымен қатар үш мегаполисте сексуалдық зорлық-зомбылық құрбандарына тегін көмек көрсететін Оңалту орталықтарын құру жоспарланған. Себебі, бүгінде жыныстық зорлық-зомбылық құрбандарын оңалту орталықтары жоқ. Қазіргі уақытта мұндай қызметтерді бірде-бір ұйым тұрақты негізде көрсетпейді.
Осы салада жұмыс істейтін әлеуметтік қызметкерлер мен психологтардың біліктілік деңгейі де бөлек мәселе. Сарапшылар зорлық-зомбылық құрбандарымен жұмыс істейтін мамандарға тиісті әдіснамалық және тренингтік қолдаудың жоқтығын атап өтті.
Мемлекет басшысының зорлық-зомбылыққа қарсы заңнаманы жетілдіру тапсырмасын жаңа Парламент әзірге толыққанды орындаған жоқ.