Мемлекет басшысы апта басында, 1 шілдеде ғылымға бағытталған жаңа заңдар топтамасына қол қойды.
Бұлар – "Ғылым және технологиялық саясат туралы" негізгі заңы; "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне ғылым және технологиялық саясат, платформалық жұмыспен қамту және мемлекеттік бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңы; "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" ҚР Кодексіне (Салық кодексі) және "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы" заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңы.
Заң авторларының бірі, Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшесі Алтынбек Нухұлының түсіндіруінше, бұл топтамаға сәйкес, біріншіден, ғылым саласы реформаланады, ғылымды басқару жүйесі қайта құрылып, құрылымы жетілдіріледі. Соның аясында Ұлттық ғылым академиясы (ҰҒА) республикадағы "жалғыз жоғары ғылыми ұйымға" айналады.
Екіншіден, енді әрбір әкімге жергілікті өз ғалымдарын бюджет есебінен қолдауға, мысалы, қайтарымсыз әрі қомақты ғылым гранттарды үлестіруге мүмкіндік береді. Бұл үшін "өңірлік міндеттерді шешу мақсатында ғылыми-зерттеу жұмыстарын қолдау бойынша жергілікті атқарушы органдарға құзырет берілді".
Үшіншіден, ашылған соң архивке салынып, сөрелерде шаң басып жататын отандық ғылыми ашылымдарды және ғылыми-техникалық зерттеулерді, ғалымдардың ұсыныстарын өндіріске енгізіп, нарықтық сұранысқа бағдарлауға талап жасалады. Осы мақсатта Ғылыми-техникалық ақпарат орталықтары мен Мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы арқылы ғылыми-техникалық ақпаратты жинау, өңдеу және талдау механизмі ендіріледі.
Мысалы, бизнесмендер ғалымдардың жобаларын қолдаса, төлейтін салығын азайта алады. Кәсіпкерлер ғылыми жетістіктерді өнеркәсіптік пайдалануға қабылдаса, онда соған және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға байланысты шығыстары есебінен салық салынатын кірісі азайтылады. Мұны депутаттар бейресми түрде "100% супершегерілім" (супервычет) деп атады.
Егер бизнесмендер, қалталылар зерттеу университеттері жанынан ғылыми орталықтар құратын болса, онда салықтық преференцияларға қол жеткізеді. Ендеше ғылыммен дос болған бизнесменнің қалтасы да қалыңдайды.
Бұл заң әзірге өмірге жолдама алған жоқ: онда жазылғандай, заң алғашқы жарияланған соң 60 күн өткенде, яғни биылғы қыркүйекте қолданысқа енгізіледі. Жалпы, заң күшіне енген соң қолданыстағы "Ғылым туралы" заң және "Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру туралы" заңы күшін жоятын болады.
Мемлекет басшысы Ұлттық ғылым академиясының рөлін арттыруға баса назар аударуда. Сондықтан бұл заңнамалық топтамалар бірінші кезекте ҰҒА рөлін арттыратынын сенатор Қайрат Тастекеев растады.
"Мәселен, 2022 жылғы 1 маусымда ҰҒА-ның 75-ші мерейтойлық сессиясында Президент академияны бұдан былай мемлекеттік бюджеттен қаржыландыруды, оған мемлекеттік мәртебе беруді, сөйтіп, оның статусын көтеруге бағытталған бірқатар шараларды қабылдауды тапсырды. Мемлекет басшысының тиісті тапсырмалары осы заңдар арқылы іске асырылуда. "Ғылым және технологиялық саясат туралы" жаңа заңның маңызды тұжырымдамалық ережелерінің бірі – Ұлттық ғылым академиясының мәртебесін арттыру. Яғни, енді ҰҒА – Қазақстанның жалғыз жоғары ғылыми ұйымы ретінде анықталды. Оны Үкімет құрады. Оның функциялары, басқару органдары және олардың өкілеттіктері заң жүзінде белгіленді", – деді Қайрат Құлбайұлы.
Кезінде ұлы Қаныш Сәтпаевтың өзі негізін қалаған академия Қазақстанның ғылыми дамуына, сол кездегі қасаң қалып шеңберінде болса да, республиканың "бесжылдықтың балғасы солқылдата соғылған, өндірістің арнасы асаудайын арқыраған" индустриялық республикаға айналуына сүбелі үлес қосқан еді. Алайда, ҰҒА-ның 90-шы жылдардан бері қандай құрдымға құлдырағанына қоғам куә. Оның құны миллиардтаған теңгемен бағаланған дүние-мүлкі, ғимараттары, жері талан-тараж болды.
Академиктер арасында бұрынғы министрлер, сенаторлар, өзге де билік басында болғандар және қалталы бизнесмендер толып жүр. Олардың ұлттық ғылымды дамытуға не үлес қосқаны белгісіз. Осы академиктерді тұңғыш Президент, академик Нұрсұлтан Назарбаев бастап тұр.
Бірақ бұған дейін берілген академик атақтары ешкімнен тартып алынбайтын болды. Оның үстіне қазіргі кезде қарқынды түрде академик атағы жаңа тұлғаларға таратылып жатыр. ҰҒА академиктерінің саны кейінгі жылдары 148-ден бүгінде 155-ке жетті. Өткен аптада ҰҒА өз қатарына жаңадан 6 академикті қабылдады.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек барлығы Президенттің берген тапсырмасы аясында орындалып жатқанын айтты.
"Бүгінде Ұлттық ғылым академиясы толығымен мемлекеттің тікелей қаржыландыруына көшті. Халықаралық тәжірибеде ғылым академияларының арнайы, дербес статусы бар. Мысалы, Францияда, Ресейде, Қытайда олар дербес академиялық мәртебеге ие. Сондықтан осы заңмен ҰҒА-ға "жоғары ғылым ұйымы" деген ерекше мәртебе берілді. Сол арқылы Ұлттық ғылым академиясы бірнеше маңызды функцияларға қол жеткізеді. Мысалы, бұдан былай ғылыми қаржыландыру, гранттық қаржыландыру, нысаналы гранттардың, ғылыми-техникалық тапсырмалардың сараптамасын жүргізу ҰҒА-ға көшеді", – деді Саясат Нұрбек.
Ол ғылым министрлігіне әрбір ғылыми жобаға дербес сараптама керектігін алға тартты. Бұрын ондай тәуелсіз және сапалы сараптама алу үшін отандық ғылыми ашылымдар мен жобалар шетелге жолданатын. Алайда мұның соңы "өнеркәсіптік тыңшылықтың" белең алуына соқтырыпты. Сол себепті Үкімет шетелге сараптамаға жіберуді доғарды. Сараптама саласында "бос қуыс" қалыптасқан екен.
"Өкінішке қарай, көп жағдайларда грантқа өтініш тапсырған ғылыми ұжымдарымыздың, ғылыми-зерттеу институттарының тарапынан тапсырмалар толыққанды орындалмайды, содан сараптамадан өте алмайды. Көп жағдайда нақты нысаналы көрсеткіштер қарастырылмаған болып шығады. Сондықтан академияға осындай маңызды функциялар беріліп жатыр. Бұдан бөлек, ҰҒА-ға ғылымның форсайтын өткізу, негізгі ғылыми бағдарламаларды, басым бағыттарды айқындау үшін де осындай функциялар берілді", – деді министр.
Ол реформа аясында ҰҒА құрамында іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулер бойынша құрылымдық бөлімшелер құрылып жатқанын жеткізді.
"Бүгінгі күні төрт негізгі бағытта құрылды. Оларға ҰҒА-ның 4 вице-президенті жетекшілік етеді. Біріншісі – жаратылыстану, инжиниринг, оның ішінде химия, физика бағыттары. Екіншісі – ауыл шаруашылығы, агробиология, агрохимия. Бұл өте ауқымды, әрі басымдықты бағыт. Үшіншісі – биотехнологиялар мен медицина саласы. Төртіншісі – гуманитарлық, әлеуметтік ғалымдар. Осы төрт бағытта жұмысты бастадық. Бұл жұмыстар кеңейтілуі мүмкін, өйткені қазіргі таңда үлкен конкурстар өтіп, академия жаңа академиктермен толықтырылып жатыр", – деді Саясат Нұрбек.
Өз кезегінде ҰҒА ғылыми серпіліс жасауға уәде етті.
"Жаңа мәртебенің берілуі академияның рөлін арттырады, оған ғылыми ойдың орталығына және сараптамалық қызметті жүзеге асыратын беделді құрылымға айналуына мүмкіндік береді. Осы арқылы Қазақстанда ғылымның дамуына жаңа серпіліс беріледі. Қазақстандық ғылым өз бетінше-ақ серпінді, ғылыми қамтымды технологиялардың құрылуын қамтамасыз ете алады. Тиісінше, ҰҒА мүшелері институттардың, лабораториялардың және кафедралардың ғылыми жетекшісі болып жұмыс істей жүріп, әртүрлі ғылым саласында іргелі және қолданбалы зерттеулерді дамытуға лайықты үлес қосады", – деп сендірді ҰҒА баспасөз қызметі.
Президент өкімімен, 2024 жылғы 22 қаңтардан бастап, Ұлттық ғылым академиясының президенттік тізгіні академик Ақылбек Күрішбаевқа берілді.
Айтпақшы, Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев жария еткендей, Президент қол қойған осы заңдар топтамасы соның алдында Парламентте қабылданып жатқанда, Ұлттық ғылым академиясының жаңа төрағасы Ақылбек Күрішбаев бірнеше ұсынысын енгізуге ниеттеніпті. Бірақ депутаттарға заңнамалық түзетулерді ұзаққа созбай қабылдау жүктелгендіктен, ол бастамаларды Үкімет тоқтатқан екен.
"Күрішбаев академияның мәртебесін әрі қарай күшейтуге, дербестігін қамтамасыз етуге, құзыретін арттыруға бағытталған жаңа ұсыныстар енгізді. Бұл ұсыныстар келесі жолғы заңның аясында қаралады деген министрліктен хат алдық", – деді жоғарғы палата спикері.
Олай болса, ҰҒА тіпті бюджеттен қаржыландырылуды, ерекше мәртебесін, жаңа құзыр-функцияларын да азсынып отырғанға ұқсайды.