Қазақстанда Google, Meta, Lamoda және басқасына қатысты жаңа шешім қабылданды

6078

Еуразиялық экономикалық одақ шетелдік онлайн ойындар мен электронды сауда алаңдарына да талапты күшейтті.  

Қазақстанда Google, Meta, Lamoda және басқасына қатысты жаңа шешім қабылданды Фото: www.gazeta.ru

Қазақстандықтарға онлайн қызмет көрсететін шетелдік компаниялар көп. Олардың ұсынатын қызметі де сантүрлі. Мысалы, Google, Meta (Facebook, Instagram) сияқты жаһандық корпорациялар негізінен таргеттік жарнаманы, аккаунттарды ақылы верификациялауды ұсынады. Amazon, AliExpress және басқа электронды коммерция платформалары кез келген тауарды таңдап, сатып алуға мүмкіндік береді.

Нәтижесінде, азаматтардың, кәсіпкер-компаниялардың триллиондаған теңге қаражаты шетелге кетуде. Одан Қазақстанның қазынасына түсетін алым-салық әзірге көп емес.

Сондықтан Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттерінің басшылары 2022 жылдың 9 желтоқсанында Бішкек қаласында өткен саммитте электрондық нысанда қызметтер көрсетушілерден жанама салықтар жинаудың жаңа тәртібін айқындауға уағдаласқан болатын.

Осыған байланысты сонау 2014 жылы бекітілген Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа тиісті өзгерістер енгізу туралы хаттамаға қол қойылды. Былтыр оны одаққа мүше 4 мемлекеттің парламенттері толығымен ратификациялап болды. Тек Қазақстанның жаңа Парламенті ғана шабандық танытып, созып келеді.

"2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа электрондық нысанда қызметтер көрсету кезінде жанама салықтар алу тәртібін айқындау бөлігінде өзгерістер енгізу туралы хаттаманы" Қазақстан 2024 жылы, таяуда ратификациялайды. Былтырғы соңғы отырысында Мәжіліс оны қабылдады.

Үкімет бұл құжатты "Қазақстанның стратегиялық басымдықтарына сәйкес келеді" деп таныды. Өйткені ол ел қазынасын толтыруға үлес қосуы мүмкін.

Негізі, елімізде 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап "Google салығы", яғни Қазақстанда жұмыс істейтін шетелдік технологиялық компанияларға салынатын салық түрі күшіне енді.

Премьер-Министрдің орынбасары–Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың түсіндіруінше, соның арқасында бүгінде Салық кодексінде республика аумағында тауарларды электрондық саудалайтын шетелдік компаниялардан қосылған құн салығын алу тетігі мен тәртібі толығымен көзделген. Бірақ оны Үкіметпен келісімге келген бірлі-жарым компания ғана төлеп жүр. Шынында, салық төлеуге тиіс шетелдік компаниялар саны жүздеп саналады.

"Жаһандық тенденцияларға, цифрландыру заманына байланысты шетелдік, резидент емес компаниялар көптеген қызметтерін электронды түрде, қашықтан көрсетеді. Олар бұл үшін Қазақстанда тіркелмейді, қызметтерді көрсету орнына нақты байланбаған. Мұның бәрі компаниялардың Еуразиялық одақ кеңістігіндегі қызмет көрсету орнын, тиісінше, ол үшін қосымша құн салығы қай жерде есептелу керектігін анықтауды қиындатады. Осыған байланысты хаттамамен бірқатар тың нормалар ұсынылып отыр", – деді Е.Жамаубаев.

  • Біріншіден, одақ аясында бірыңғай, барша таныған "Электрондық қызметтер" ұғымы енгізіледі. Мұндай қызметтерге ақпараттық-телекоммуникациялық желі, яғни, интернет, әлеуметтік желілер, мессенджерлер және басқасы арқылы көрсетілген қызметтер жатады.
  • Екіншіден, қызметтердің одақтық ортақ тізімі қайта қаралып, нақтыланды. Енді оған 14 қызмет түрі кірді. Мысалы, авиа және басқа билеттерді сатып алу, қонақ үйлерді броньдау, бағдарламалық өнімдерді ұсыну, онлайн ойында және өзгесі бар (тізімі төменде).
  • Үшіншіден, "электрондық қызмет көрсету орны" ұғымы айқындалды. Оған сәйкес, аталған тізбеге кірген қызметті ұсынатын шетелдік компания электрондық нысандағы қызметтері бойынша қосымша құн салығын "түпкілікті елдің қағидаты" бойынша, яғни қызметті түпкілікті тұтыну орнында төлейтін болады.

Сарапшылар Мәскеудің осыған табандағанын айтып жүр. Өйткені РФ заңына сәйкес, мысалы, Meta Platforms корпорациясы және оған тиесілі Facebook пен Instagram әлеуметтік желілері "экстремистік ұйым" деп танылған және олардың Ресей аумағындағы қызметіне тыйым салынған. Соған қарамастан, ресейліктер оның қызметін VPN көмегімен және басқа да айналма жолдармен пайдаланады.

Ал Amazon және өзге компаниялар РФ нарығын өз еркімен тәрк етті. Бірақ бұлардың бәрі одаққа мүше Қазақстанда, Қырғызстанда, Арменияда еш бұғаттаусыз, еркін жұмыс істейді. Сондықтан ресейліктердің тұтынған қызметінің салығы осы елдердің біріне кетуі мүмкін еді. Ресей одақтық хаттамада "салығы қызметті түпкілікті тұтыну орнында төленсін" деген талапқа қол жеткізді.

Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, бұл электрондық қызметтер үшін қосымша құн салығы төленетін елді белгілеу бойынша дауларды болдырмауға ықпал етеді. Бюджетке қосымша қаражат қазақстандықтардың тұтынған электронды қызметінен ғана түседі.

Жаңа тетік хаттаманы Еуразиялық одақтың барлық мемлекеттері ратификациялағаннан кейін ғана іске қосылады.

Басқаша айтқанда, егер бұрын "Гугл салығы" Қазақстан аумағында ғана енгізілсе, бұдан былай Еуразиялық экономикалық одақ аумағында электрондық нысанда көрсетілетін нақты тізімдегі қызметтер бойынша қосылған құн салығын жинаудың ұлттықтан жоғары тұратын, ұлтүсті механизмі өмірге жолдама алады.

Бірақ сарапшылар да, депутаттар да жауапты органдар пәрмен мен тегеурін танытпаса, бұл тетіктің жұмыс істейтініне күмәнданады. Себебі, шетелден, яғни қашықтан, онлайн жұмыс істейтін компаниялар одаққа мүше бірде бір мемлекеттің салық органына өзі жүгініп, жергілікті азаматтарға немесе компанияларға электронды қызмет көрсеткелі отырғанын хабарламайды.

Мәжіліс депутаты Данабек Исабековтың айтуынша, біздің салық органдары қазақстандық тұтынушыларға электрондық нысанда қызмет ұсынатын шетелдік компанияларды өздері анықтауы шарт. Әйтпесе, олар өздерін ерікті түрде жариялап, әшкере етуі неғайбыл.

Бұл пікірмен еліміздің бас қаржыгері келіседі. Оның мәліметінше, қазақстандық құзырлы органдар білетін, елімізге электронды қызмет түрін көрсететін компаниялар саны көп емес.

"Олардың негізгілері – Google, Meta, Amazon, Lamoda және басқалары. Біз келіссөз жүргізіп, бұларды салық төлеуге иліктіріп, келісімге келдік. Олар қазірдің өзінде салық төлеп жатыр. 2022 жылы 12 миллиард теңгедей салық аударды. 2023 жылдың тек 9 айының өзінде 12 миллиардтан астам салық түсті. Яғни, артып келеді. Осы одақтық хаттама қабылданғаннан кейін, олардың тізімін толығымен анықтауға мүмкіндік болады", – деп сендірді Үкімет басшысының орынбасары-министр Е.Жамаубаев.

Ол жария емес түрде электронды қызмет көрсетіп жүрген басқа компаниялар болса, оларды интернет-провайдерлер, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі анықтайтынын қосты. Бұл бағытта жұмыс жасау үшін бүгінде олармен келісуде.

Сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақтың ақпараттандыру базаларында мұндай компаниялардың да тізімдері бар. Ақпарат алмасу арқылы олардың Қазақстан нарығына қатыстылығы анықталады. Егер олар елімізде қызмет көрсетіп жүрсе, онда тізімге енгізіп, салық төлеуге мәжбүрлейтіндерін нықтады.

Ресей Қазақстанның қабылдауын күтіп, қарап отырмай, жаңа тетікті енгізуге білек сыбана кірісті. Мәскеуде орналасқан ұлтүстілік орган – Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесінің шешімімен 2023 жылғы 27 қыркүйекте "Электронды формадағы қызметтердің тізбесі" бекітілді. Онда жаңа тәртіпке бағынып, салығы төленуі тиіс 14 электронды қызмет түрі белгіленген.

Айтпақшы, ЕЭК кеңесінің бұл шешімінің қазақ тіліндегі нұсқасы ақпараттық жүйелерде жоқ болып шықты.

Тізбеге ақпараттық-телекоммуникациялық желі, соның ішінде интернет арқылы ұсынылатын 14 қызмет түрі, нақтылағанда:

  • компьютерлік онлайн ойындар,
  • бұлтты технологиялар, деректер базаларына қашықтан қолжетімділікті ұсыну,
  • ақпараттық желілерде жарнамалық қызмет, жарнамалық алаң ұсыну,
  • маркетплейстер, тауарлар, қызметтер мен жұмыстарды, мүлік құқықтарын сатуды-сатып алуды ұйымдастыратын алаңдар,
  • түрлі агрегаторлар,
  • пайдаланушылардың электронды ресурстарына, сайттарына, ақпараттық желілеріне қолдау көрсету, әкімшілендіру,
  • Data center, ақпаратты сақтау және өңдеу қызметтері,
  • Домендік атауларды, хостинг қызметтерін сату,
  • Іздеу жүйелері, шынайы уақыт режиміндегі қор биржалары,
  • Электронды кітапханалар, сондай-ақ жарияланымдарға, ғылыми журналдарға, газеттерге, білім беру материалдарына, суреттерге, музыкалық туындыларға және басқасына қолжетімділікті электронды түрде ұсынатын ресурстар,
  • Сайттардағы статистиканы жүргізу бойынша қызмет көрсету және өзгесі кіреді.

Сарапшылар бұл тізімнің тез ескіруі мүмкін екеніне назар аудартады. Себебі, кейінгі жылдары жасанды интеллект қарқынды дами бастады. Алайда тізімде жасанды зерде көрсететін және оның өркен жаюымен бірге пайда болатын қызмет түрлері қамтылмаған. Яғни, олар салық салудан тыс қалмақ.

Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев осы 14 қызмет түріне қанағаттануға тура келетінін білдірді.

"ЕЭК кеңесінің шешімінде тек 14 қызмет анықталды. Бұл хаттама жобасын пысықтауға мамандар жұмылдырылған. Біз Қазақстанда да оны талқыладық. Әзірге барлық қажетті қызметтер қамтылған деп санаймыз. Хаттамада бұл тізімге өзгеріс енгізу қарастырылмаған. Дегенмен, қажет деп жатса, кез келген мемлекет тиісті өзгерістер енгізу туралы бастамамен шығуға құқылы", – деді Е.Жамаубаев.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу