Қазақстанда картоптың келісі 30 теңгеден сатылып жатыр

15428

Отандық картоп өсірушілерді қазақстандық нарықтан ресейлік өндірушілер ығыстыруда.

Қазақстанда картоптың келісі 30 теңгеден сатылып жатыр Фото: canva.com

Еліміздегі тегін хабарландырулар платформалары, әлеуметтік желілер "Картоп сатамын, арзан" немесе "Картошка, срочно и оптом" деген тәрізді жарнамаға толып кетті. Қазақстандықтар да мессенджерлердегі туыс-туғанның, көрші-қолаңның топтары арқылы ұқсас хабарландырулар ала бастады.

Орташа бағасы – әр келісіне 50-65 теңгеден. Егер қап-қап қылып, көп алса, кейбірі 30-40 теңгеден де бере салуға даяр. Бірақ өз көлігіңізбен алып кетуіңіз керек. Былтырғы егіннің өнімі екені мәлім.

Дегенмен, жылыжайда өсірілген балғын картопты да келісін 65-75 теңгеден табуға болады.

"Таяуда елордада тұратын анам хабарласты. "Картоп артылып қалды, алып кетсең!" дейді. Әдетте қаладағы ата-анама азық-түлікті мен жеткізіп тұрамын, сондықтан бұл ұсынысқа қайран қалдым. Барсам, балконның бір бұрышына бес қабын үйіп қойыпты. Анам бұл айда көп дегенде, екеуін жеп, еңсере алатындарын айтып, үш қабын арқалатып жіберді. Туыстарының бірі тегін әкеліп беріпті, базада босқа шіритін болғаннан кейін таратып жатқан көрінеді. Үйде қабын жарып, жайып қарасам, бірліжарым босағаны, шірігені болмаса, негізгі бөлігі жап-жақсы", – дейді шағын кәсіпкер Азамат Шәмшиев.

Хабарландыру бойынша хабарласқанда, дақылдың бұл түрін сатушылардың кейбірінің өнімі ресейлік екені белгілі болды. Олар біздікінен арзандау.   

Өз кезегінде, ауыл шаруашылығы саласына маманданған Eldala қазақстандық картоп өсірушілерді өз нарығымыздан Ресей ысырып шығарып жатқанын жазады.

Ресеймен іргелес еліміздің Қостанай облысының ауыл шаруашылығы өндірушілерінің қауымдастығы да дабыл қағып жатыр.

Оның мәліметінше, қостанайлық диқандар картоптарын елу теңгеден арзанға сатуға мәжбүр. Өңірде бұл өнімнің бір келісінің өзіндік құны шамамен 83 теңгені құрайды екен.

Өнімді осы өзіндік құнынан 20-30 теңге төмен сатуға тура келуде. Соның өзінде өтпейді, салдарынан қоймаларда былтырғы картоптың үлкен қорлары жиналып қалған. Сәуірге қарай олар жылу лебін сезіп, жаппай өніп, көктей бастайды.

Ауыл кәсіпкерлерінің айтуынша, басқа өңірлерде көтерме бағада картоптың әр келісі 60 теңгеден сатылуда. Еліміздің батыс өңірлері тіпті 50 теңгеден сатып алғысы келмейтін көрінеді. Себебі, қоңсылас Ресейдің өндірушілері батыс облыстарымызға одан арзан өнімін лек-лекпен тоғытуда.

Бизнесмендер ұқсас ахуал былтыр болғанын еске салды. Соғыс пен санкция аясында біраз нарықтан шеттетілген Ресей Қазақстан мен Орталық Азия нарықтарын жаулауға кірісті. Салдарынан, отандық өндірушілердің бұл саладан біртіндеп кету үрдісі белең алды. Картоп өсіруді доғарған фермалар жетерлік. Бұл республикамыздың Ресейге тәуелді болуына соқтырады.  

"Біз өз Қазақстанымызда картоп өсіру ісінің дамуы үшін перспектива көріп отырған жоқпыз! Былтырғы егінді жинауда біраз қиналдық. Қосымша  шығындар туындады. Елде барлығы жаппай қымбаттауда. Салдарынан, өніміміздің өзіндік құны да жоғары болып шықты. Келген шығынды өнімді сатудан түсетін табыс өтер деп үміттеніп едік. Солай болуы ықтимал еді. Алайда Ресейден өте көп көлемде арзанқол картоп тасқындап келе бастады. Сапасы отандыққа қарағанда нашарлау, дәмі де татымсыз. Бірақ табысы төмендеп, тұрмысы титықтаған халқымыз арзанын іздейді. Осылайша, жергілікті өндірушілер нарықтан ығыстырылып шығарылуда", – деп ашығын айтты "Тэрра" шаруа қожалығының басшысы, Қостанай облысының Кәсіпкерлер  палатасының Агроөнеркәсіп кешені мәселелері жөніндегі өңірлік кеңесінің төрағасы Владимир Семейкин.

Inbusiness.kz биылғы жыл басынан бері Польша, Франция, Германия, Италия, Грекия, Чехия, Венгрия, Словакия, Испания, Португалия, Болгария, Балтық елдерінде фермерлер ереуілге шығып, тракторларымен жолдарды жаппай жауып, көлік шерулерін ұйымдастырып жатқанын жазды.

Еуропаның ауыл шаруашылығы өндірушілері Ресейден және Украинадан ағындаған арзанқол өнімнен зардап шегіп жатыр. Сондықтан шекараны жауып, олардың ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортына тыйым салуды талап етті.

Қазақстандық фермерлер шетін шараға барған жоқ, басым көпшілігі  тағдырдың салғанына үнсіз көнді.

Бұл ретте кәсіпкерлік қауымдастықтар Үкіметке жағдайды түзеуге бағытталған түрлі ұсыныстарын жолдап жатыр.

Владимир Семейкин ауыл шаруашылығы дақылдарының өндірісін дамытуға арналған жеке бағдарлама қабылдау қажеттігін атап өтті. Онда Қазақстанның қай өңірінде қандай ауыл шаруашылығы дақылдарын қанша көлемде өсіру керектігі, сонда диқан қандай мемлекеттік қолдау көретіні қолмен қойғандай, нақты көрсетілуге тиіс.

Олай болмаған соң, өз білгенінше егін салған фермерлеріміз қиыншылықтармен жалғыз қалды. Мыңмен жалғыз алысуға мәжбүр.

"Көкөніс өсірушілерге өз проблемаларын өз бетінше шешуге тура келуде. Олардың көбісі күйреу қарсаңында тұр, дәрменсіз жағдайға жетіп қалды. Ауыл шаруашылығы министрлігі бір ғана біздің Қостанай өңірінде көкөніс өсірілетін алқаптар ауданын 1 мың гектарға арттыруды жоспарлап отыр", – деген шаруа қожалығының басшысы үкіметтегілердің жоспары өмір шындығымен қабыса бермейтінін қаперге салды.

Үкіметтен қайыр болмағаннан кейін қостанайлық  көкөніс өсірушілер жергілікті әкімдікке жүгінді. Олар саланы күрделі шақта қолдаудың шұғыл шараларын қарастыруды ұсынды. Оның арасында мысалы, тұрақтандыру қорларымен арадағы келісімшарттардың мерзімін ұзарту, артылған өнімді кейін нарыққа шығару үшін сол қорға сатып алу, субсидиялар бойынша мемлекеттің қарыздарын өтеу бар. Сонда осы қаржыға диқандар алдағы көктемгі егіс жұмыстарын лайықты өткізе алар еді.

Ауыл шаруашылығы өндірушілері пияздан басқа дақылдардың бәрі бойынша ел қажеттілігін өздері өтей алатынына сенімді. Картоп өндірісінің көлемі қазірден жеткілікті. Қолдау болса, басқа көкөністердің көлемін арттыру қиын емес көрінеді.

Алайда алынған өнімді өткізу жағы оларды тығырыққа тіреді. Көкөністі Орталық Азия елдерінің өзі көп өндіреді, ала бермейді. Өрісі шектелген Ресей өз өнімдерін қайда жіберерін білмейді. Еуропа елдерінің биліктері төл фермерлерінің қуатты қарсылығына бола, ішкі нарығын шетелдік өнімнен қорғауға кірісуде.

Қазақстандық нарық ресейлік фермерлердің талауына қалды. Содан қазақ фермерінің барар жер, басар тауы қалмай барады.

Кәсіпкерлер палатасы тұйықтан "көкөністерді өңдеу" шығара алуы мүмкін екенін алға тартты. Бірақ отандық сауда орындарының сөрелерін тағы да ресейлік, беларусьтік, орталықазиялық тосаптар, банкіленген, консервіленген көкөністер жайлап алған.

Оның үстіне қауымдастық өкілдері фермерлердің көкөніс өңдейтін кәсіпорын сияқты инвестициялық жобалардың шығынын жалғыз көтере алмайтынын растады. Мұны кооперативтерге бірігіп, шешуге болар еді, оған қатысты мемлекеттік шаралар тежеліп тұр. Жағдайды өзгерту үшін көкөніс өңдеу секторына қуатты мемлекеттік қаржыландыру керек, немесе ірі инвесторлар кіруі қажет.

Әзірге Қостанай облысының ауыл шаруашылығы өндірушілерінің қауымдастығы, кәсіпкерлер палатасының сарапшыларымен бірге Ауыл шаруашылығы министрлігіне хат дайындады. Онда диқандар қалыптасқан проблемаларды атап көрсетіп, оларды шешу жолдарын ұсынды.

Ауыл шаруашылығы ведомствосының мәліметінше, былтырғы 2023 жылы қазақстандық егіншілер 182,4 мың гектар алқаптан жалпы көлемі 3,6 миллион тонна картоп жинады. Өнімділігі гектарынан 200,4 центнерден айналған. Сонымен қатар, 165,3 мың гектар егістіктерден 4,3 миллион тонна өзге де көкөніс дақылдарын алды. Олардың өнімділігі гектарына 262,4 центнерді құрайды.

Ендеше тиісті көмек болса, қазақ ауылы елімізді көкөніске қарық қыла алады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу