Қазақстанда қаруланған 200 мыңға жуық адам бар

3135

Қайран қалдыратыны сол елде қару иелену тәртібі жеңілдетілген. 

Қазақстанда қаруланған 200 мыңға жуық адам бар

Қазіргі кезде сарапшылар халықтың қолындағы қару көп екенін айтып жүр. "Қасіретті қаңтар" тәртіпсіздіктері кезінде қару-жарақ дүкендері тоналды. Қарулы радикалды топтардың күштік-құрылымдардан тартып алуы, шетелден әкелуі мүмкін екені де айтылуда.

Құқық қорғау органдары қару-жарақ пен оқ-дәріні өз еркімен тапсырған адамның үстінен іс қозғалмайтынын, әкімшілік жазаға тартылмайтынын жариялады. Халық үрейленіп қалса керек, өз бетінше әкелушілер некен-саяқ. Полицейлер қару-жарақтың бір бөлігін ауыл-қала шетінен, сай-саладан, басбұзарлар тығылған баспаналардан тауып алуда.

Дегенмен қазақстандықтардың заңды жолмен белсенді қарулана бастағаны да белгілі болып отыр. Мысалы, "Казохотрыболовсоюз" қоғамдық ұйымының мәліметінше, 2000 жылдары елімізде 100 мыңдай ғана аңшы тіркелген. Бұл сан ұзақ жылдар бойы өзгермеді. Алайда кейінгі жылдары қатары күрт өсіпті.

Нәтижесінде, осыдан бес жыл бұрын аңшылар саны 164 мыңға жетті. Алайда соның тек 19 мыңдайы ғана аң аулаумен белсенді айналысқан. Қалғаны әлдекімнен қорғану үшін үйінде қару ұстауға көңілі құласа керек. Қазіргі кезде аңшылар саны 200 мыңнан асып жығылған деседі. Олардың үлкен бөлігі Алматы қаласы мен Алматы облысында шоғырланған көрінеді.

Әрине, бұдан да көп болуы мүмкін еді. Бірақ үйде қару ұстауға қатысты қатаң талаптар мен шектеулер бұған біршама тосқауыл. Мысалы, ол үшін арнайы сейф сатып алу, оған сигнализация орнату талап етілетін. Бұл біршама қымбат тұрады. Сондай-ақ басқа да шығындары бар.

Таяуда осы талаптардың көбі жұмсартылған екен. Ол жайында алдымен аң аулаумен әуестенетіндер хабарлады.

Айтқандай, азаматтардың көбі мүлкі мен отбасын қорғау үшін газды тапаншалар мен револьверлер, сондай-ақ электрлі қару алғысы келеді. 

"Қару иеленуге рұқсатнама алу үшін бұрын тұрғылықты үйіңде арнайы сейф болуы және оған сигнализация орнатылуы талап етілетін. Алайда білуімше, өткен жылғы шілдеде Азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарының айналымы қағидаларына өзгерістер енгізіліпті", – дейді Асқар Бисекеев.

Нәтижесінде, осы қағидалардың 135-бөлімінің 10-тарауында: "тегіс ұңғылы, ұзын ұңғылы атыс қаруын қоспағанда, белгі беру қаруын, механикалық тозаңдатқыштарды, көзден жас ағызатын немесе тітіркендіргіш заттармен жарақталған аэрозолды және басқа да құрылғыларды, үрлемелі қуаты 7,5 Дж-дан аспайтындарын және калибрі 4,5 миллиметрге дейінгілерін қоса алғанда, конструкциясы жағынан қаруға ұқсас бұйымдарды, өзін-өзі қорғау қаруын сақтау үй-жайларда орналасқан, құлыппен жабылатын, металдан, ағаштан немесе пластикадан жасалған шкафтарда жүзеге асырылады және шкафтарға рұқсаты тек қару иесінде болуға тиіс" деп жазылыпты.

Қарапайым тілмен айтқанда, енді кейбір қару түрлерін үйде сақтау үшін сейф қажет емес, қарапайым шкаф болса жеткілікті. "Бұл ретте ағаштан немесе пластиктен жасалған шкаф қабырғаларының қалындығы 5 миллиметрден кем болмауы шарт" деп көрсетілген жаңарған қағидада.

Билік не дейді?

Талаптардың бұлайша жеңілдетілгеніне сеніңкірей қоймаған қазақстандықтар мұның мән-жайын сұрап, құзырлы органдарға жүгінді.

"Заң бойынша газды пистолеттер, револьверлер, электрошокерлер өзін-өзі қорғау қаруына жатады. Жаңа өзгеріске сай, осы қару түрлерін алып жүруге және сақтауға рұқсат алу үшін үйде енді сейф орнату керек емес, құлыпталатын ағаш шкаф болса жеткілікті деген сөз бе?" деп сауал қойды азаматтар. 

Жұртшылықтың сауалына жауап осы аптада Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың ресми блогында жарияланды. 

"Азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарының айналымы қағидалары 2019 жылғы 1 шілдеде Ішкі істер министрлігінің бұйрығымен бекітілген. Оған 2020 жылы толықтырулар енгізілді. Соған сәйкес, тегіс ұзын ұңғылы атыс қаруынан басқа, өзін-өзі қорғауға арналған қаруды құлыптап жабылатын, металдан, ағаштан не пластиктен жасалған шкафта сақтауға енді рұқсат етіледі. Тиісінше, тегіс ұзын ұңғылы атыс қаруынан өзге, өзін-өзі қорғау қаруына рұқсатнама алу және сақтау үшін талапқа сәйкес келетін шкаф болса, жеткілікті", – делінген түсініктемеде.

Айта кету керек, "Жекелеген қару түрлерінің айналымына мемлекеттік бақылау жасау туралы" заңы бойынша қаһарлы аңшы қаруын алу да сонша күрделі емес көрінеді. Ол үшін Қазақстан азаматы 18 жасқа толған болуы керек. Содан тұрғылықты жері бойынша ішкі істер органдарынан нақты бір қару түрін иеленуге рұқсат алуы керек. Осы заңға сәйкес, салмақты қаруға қол жеткізу үшін аңшы болудың да қажеті жоқ: "тегіс те ұзын ұңғылы атыс қаруын Қазақстан азаматтары тұрғылықты жеріндегі ішкі істер органдары аңшы куәлігі болмаса да беретін рұқсаттар бойынша, алып жүру құқығынсыз, өзін-өзі қорғау мақсатында иемденіп алуға құқығы бар" делінген заңда.

ІІМ-нің түсіндіруінше, қаруға құмартқан адам психиатр мен нарколог дәрігерлердің мөрі қойылған, бекітілген формадағы медициналық қорытындыны полицияға өтінішімен қоса тапсыруы қажет.

Аңшылар үйде қанша қару ұстай алады? Ойық ұңғылысының – екі бірлігін, тегіс ұңғылысының – екі бірлігін ұстауына болады екен.

"Өзімнің алғашқы салмақты қаруымды 2018 жылғы мамырда сатып алдым, бұл жерде тегіс ұзын ұңғылы атыс қаруы туралы айтып отырмын, ол "Вепрь12Молот" деп аталады. Екінші қаһарлы қаруымды "Сайга 12"-ні 2020 жылғы қыркүйекте сатып алдым және әлі күнге қолымда тұр. Ал бірінші қаруымды сатып жібердім. Енді ойық ұңғылы (нарезной) атыс қаруын алуға ниеттімін", – дейді Наталья Местоева.

Ол бүгінде құралайды көзге ататын мергенге айналыпты. Қазақстанның практикалық атыс федерациясының "ханымдар" сыныбында мықты мерген саналады.

"Жиі тексеруі мүмкін"

Дегенмен қару ұстау жүйке жүйесінің мықты болуын талап етеді. Аңшылар құқық қорғау органдарының өкілдері жиі тексеріспен келуі мүмкін екенін ескертеді. Салмақты атыс қаруына заңды түрде ие Нұр-Сұлтан тұрғыны Дмитрий полицейлердің кейінгі бір жыл ішінде 6 рет тексеріп кеткенін әңгімеледі.

"Соңғы рет 2021 жылғы 21 желтоқсанда тексерді. Кешкі сағат 8-де майор бастаған полиция қызметкерлері сау ете қалып, пәтеріме баса-көктей енді. Мен майордан аты-жөнін айтып, таныстыруды және куәлігін, сондай-ақ бір жыл ішінде алтыншы рет тексеруінің негіз-себебі жазылған құжатты көрсетуін сұрадым. Ол өзімен бірге ондай құжаты жоғын айтты. Содан смартфонындағы видеоны қосып, пәтерімді аралап, түсіре бастады. Видеоесебі болса керек. Салмақты аңшы қаруы сейфте ұсталуға тиістігін айтып, оны көрсетуімді талап етті. Ашқызып, сейфті және дабылқаққышын тексерді. "Қару қайда?" деп сұрады. Мен аңға шығуға әзірленіп жатқандықтан, оны чехолымен қаптап, кіреберіске қойып қойғанымды, бірақ есік қағылған соң дереу жатын бөлмеге апарып, тығып тастағанымды айттым", – дейді Дмитрий.

"Неге қаруды жатын бөлмесінде ұстайсың?" деп майор сезіктене қалады. Аңшы мен оның әйелі түнге қарай аңға, жолға шығуға әзірленіп жатқанын, қаруды ертерек дайындап қойғанын қайталаумен болған. Майор, оның қасындағы аға лейтенант пен жергілікті учаскелік инспектор мұның заңға қайшы екенін алға тартып, тіпті қаруды тәркілемек болыпты. Шу шыққан соң көршілер жиналған. Отбасыдағы кішкентай балалар жылаған. Ахуал "азан-қазан" болған соң, майор шығып кетеді.

"Мен заңның атынан сөйлеймін деп айғайлады майор. Неге олай айтқанын түсінбедім. Мен қылмыскер емеспін ғой. Әйелім мен балаларым естен тана жаздады. Мен заңды болса, қаруды тартып алуына қарсы болмайтынымды, тек куәгерлерді шақырып, хаттама толтыруды талап еттім. Қалған екеуі қаруды сақтауда бұзушылықтар болғаны жөнінде хаттама толтырды, мен қол қоя салдым. Планшеттеріне мені суретке түсіріп, қаруымды өзіме қалдырып, кетіп қалды. Қызуым көтеріліп, таблетка ішіп алдым. Бес минуттан кейін қайта есік қағып тұр. Ашсам, біздің учаскелік инспектор екен: "Шықшы, сенімен майор сөйлескісі келеді" дейді. Мен хаттамаға қол қойғанымды, басқа ешқандай сөз болуға тиіс еместігін айтып, бас тарттым. Олар содан кейін оралмады", – дейді қару иесі.

Айта кететін жайт, осы азаматтың шағымы негізінде елордалық "Сарыарқа" ауданының полиция қызметкерлерінің әрекетіне қатысты қызметтік тексеру жүргізіліпті. Оның нәтижесінде "полиция қызметкерлері өз әрекетімен заңды және қызметтік тәртіпті бұзбаған" деген қорытынды жасалды. Сондықтан оларды тәртіптік жауапкершілікке тартуға негіз жоқ деп танылды.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу