Қазақстанда кендірден дәрі-дәрмек те жасайды

6026

Қазақстанда кендірді (конопля) экономикалық тұрғыдан пайдаға асыру мәселесі көтерілсе де, ғаламдық деңгейде оны тек медицинада қолдану туралы шешім қабылданыпты.

Қазақстанда кендірден дәрі-дәрмек те жасайды

Осы тақырыптағы жаңа ақпарат 2 қарашада елордада өткен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің Есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл жөніндегі құзыретті органдар басшыларының үйлестіру кеңесінің (ЕҚОҮК) 18-ші кеңесінде жария етілді. Мәселен, осы жиында кендірден жасалған көйлектің қандай қаупі барлығы хабарланды.  

Қазақстан мен Қырғызстанға қарайтын Шу алқабы – посткеңестік кеңістіктегі атышулы жердің бірі. Шу алқабы көптеген музыкалық туындыға, әнге қосылды. Атап айтқанда, MC Жан & DJ Riga – "Тёплый ветер", "Noize MC" тобы – "Пакурим", Бранимира – "Лопнули треноги", "ПО факту" тобы "Чуйская долина", "R@MAIL" – "Старый Город", "Da Budz" тобы – "Дар Джа", "E.S.T." тобы – "Дымный бизнес", "Ундервуд" – "Серенада Чуйской долины", "Красная плесень" симферополдік панк-группасы – "Чуя", "На поле панки", Мистер Кредо - "Чудная долина", "Звезда востока", "Jen-Shen" тобы – "Чуйскай картина" және басқа да әндер шығарылды.

Алайда, Шу алқабында жайқала өскен кендір (кенепшөп, қарасора деп те аталады) Қазақстанның "қарғысына" айналған сияқты. Мұндағы өсетін қарасораның бір маусымдағы өнімі бүкіл Еуропа мен Азияны уландыруға жетеді! Сондай-ақ көптеген елде тәркіленген марихуананың Шудан екені анықталып тұрады.

Жалпы, Шу алқабына кендірді кезінде Кеңес одағы тұсында Сібірден әкеліп, арнайы еккен екен. Кеңестер бұл өсімдікті өнеркәсіптік мақсатта пайдалануды жоспарлапты. Рас, одан бұрын ХІХ ғасырдың соңына қарай Түркістан әскери генерал-губернаторы Герасим Колпаковскийдің бұйрығымен құм көшкінін тоқтату үшін кендір әдейі егілген деген де дерек бар.

ХХ ғасырдың 60-ыншы жылдарына дейін шамамен 140 мың га алып жатқан алып кендір егістігі жайында тек жергілікті жұртшылық қана білетін. Ал кейін ол туралы кеңестік хиппилар естіп, "ганджа-турға" ағыла бастады. Нашаға деген сұраныс қылмыстық құрылымдардың назарын аударды.

Қазақстанның заңнамасы кеңес кезінен бері кендірді "есірткі заттарының" қатарына қосады. Арнаулы бөлімшелер жыл сайын қарасора "егінін" орып, өртеп отырады. Соңғы жылдары оны дефолианттар көмегімен жоюға талап жасалды. Одан нәтиже шықпаған соң кендірді экономикалық мақсатқа пайдалану ұсынысы қайта бас көтерді. Мысалға, 2014 жылы Мәжіліс депутаты Дариға Назарбаева бастама көтерген болатын. Ал қазіргі жағдай қандай?     

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, биылғы 31 қазанда жыл сайынғы "Көкнар" операциясы қорытындыланды. Ол бүкіл республиканы қамтыса да, басты назар Шу алқабына аударылыпты. Нәтижесінде, 35 тоннадан астам канабистік топқа жататын есірткі тәркіленіпті.  

– Мұның сыртында соңғы кезде құрамында есірткісі бар өсімдіктерді өсіру белең алды. Атап айтқанда, бес облыста 114 тоннадан астам осындай қолдан өсірілген кендір тәркіледік. Ол "Үнді кендірі" деп аталады. Өйткені, оның тұқымы Үндістаннан жеткізіліпті. Осылайша, біз Шу алқабында жиналған жабайы кендірдің 35 тоннасы мен қолдан өсірілген 114 тонна есірткіні қолданыстан алдық, – дейді ІІМ-нің Есірткі бизнесіне қарсы күрес және есірткілердің айналымын бақылау жөніндегі департаменттің бастығы Сұлтан Күсетов.

Сұлтан Күсетов Шу алқабындағы жабайы кендірді экономикалық мақсатта өнеркәсіптік әжетке жарату үшін не істелетініне тоқталды.

– Мамандар кендірді "бейбіт" мақсатта пайдаланудың әртүрлі жолын ұсынады. Әйткенмен, бүгінде бұл мәселе шешімін таппай, ашық күйінде қалды. Мемлекет бұл өсімдікті экономикалық пайда алу үшін қалай қолданануға болатынын пысықтау үстінде. Ал халықаралық Конвенция бойынша, жабайы кендірді тек медициналық мақсатта ғана пайдалануға рұқсат етіледі. Себебі, басқа жағдайда ол есірткі тұтынушылардың қолына оңай түсуі ықтимал. Егер жабайы кендірден қандай да бір зат жасалса, онда "тетрагидроканнабинол" (ТГК) қалады. Мәселен, егер кендірді жіпке айналдырып, одан көйлек тіксе, ол көйлекте шамалы мөлшерде болса да ТГК сақталады. Демек, нашақорлар үшін ол есірткі өндіру көзіне айналады. Сол себепті ғалымдардың зерттеулері қорытындысына сүйене отырып, жаһандық деңгейде кендірді тек медициналық мақсатқа қолдану туралы шешім қабылданды, – дейді Сұлтан Күсетов.

Нәтижесінде, дәл қазір Қазақстан Шу алқабында жайқалған осы өсімдікті "қандай препарат жасау үшін қолдануға болатынын" ойластыру үстінде көрінеді. Үстіміздегі жыл осы мәселеге арналып, жеке кеңес өткізіліпті. Онда тапсырма бойынша медициналық препараттар әзірлеумен айналысатын отандық кәсіпорынға осы проблеманы зерттеу жүктеліпті.

"Біз қазір Үкіметтен квота сұратып отырмыз, аталған кәсіпорын осы бағытта ғылыми зерттеулермен шұғылданады. Соның қорытындысы бойынша біз жабайы кендірді әжетке жарату бойынша нақты қорытынды шығаратын боламыз. Яғни, жұмыс жүргізілуде", – деді департамент басшысы.

Тағы бір "қызықты" мәлімет: кендірді заңды түрде өзге өңірлерде де өсіруге талап жасалыпты!

– Кендір "құрамында есірткісі бар" және "құрамында есірткісі жоқ" болып бөлінеді. Бұл бағытта да Қазақстанда пилоттық жоба болған, оның аясында биыл бес облыста өнеркәсіптік мақсатта "техникалық кендір" егілді.

Өйткені, техникалық кендірдің құрамында тетрагидроканнабинол болмайды деп саналған. Сынақты жүргізушілердің тұжырымдауынша, бұл кендірде өсуінің бірінші жылында ТГК-ның жоқтығы анықталды. Дегенмен, әлемдегі бірқатар ғылыми зерттеулер екі-үш жылдан кейін техникалық кендірде де ТГК пайда болатындығын дәлелдеп отыр, – деді Сұлтан Күсетов.

Айтқандай, Ұжымдық Қауіпсіздік Шарты ұйымы Қазақстанға кендірді өнеркәсіптік мақсатта өсірмеуге кеңес беріпті.

– Кеңес кезінде де, қазіргі уақытта да канабистік топтағы есірткіні тұтыну үлесі жоғары болып табылады. Тәркіленетін есірткілердің 70%-ы соның үлесінде. Қазақстанның ғана емес, Ресейдің де үлкен алқапты біраз жері жабайы кендір өсіру үшін өте қолайлы саналады. Яғни, бізде де бұл мәселелер қарастырылуда. Бірақ, Ресейде кендірді өнеркәсіптік мақсатта өсіруге тыйым салынған. Өйткені, біз кендір өндірісін өнеркәсіптік ауқымда жолға қойған Ауғанстанның тәжірибесін естен шығармаймыз. Бұл елдегі жағдай бізді алаңдатады: оларда егістіктердің көбі мақсатты түрде кендірге бөлінген, жыл сайын егіліп, жүйелі түрде жиналады және өңделеді. Белгілі бір күштер шаруалардың бұл "егінін" ынталандырып отырады. Бұл – өзіндік бір "криминалды экономика", – деді ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің Есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл жөніндегі құзыретті органдары басшыларының үйлестіру кеңесінің төрағасы Игорь Зубов.

Ал кендірден медициналық препарат өндіру мәселесін ҰҚШҰ ұйымына мүше елдер бірлесе талқылайды. "Себебі, дерті ауыр жандар тән азабын азайту үшін ауыруды басатын препарттарға зәру. Бұл препараттар ол науқастар үшін қолжетімді болуы үшін не істеу керек? Мұны да ойластырған жөн", – деді Игорь Зубов.

Жалпы, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп қажеттілігі үшін Қазақстан аумағында техникалық кендір өсіру және қайта өңдеу мүмкіндіктері кәсіпкерлердің ұлттық палатасында ғалым-аграрийлер, мүдделі министрліктер мен ведомстволар өкілдерінің қатысуымен арнайы талқыланған болатын.

Ауыл шаруашылық ғылымдарының докторы, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің профессоры Серік Оразбаев кендір шаруашылығы КСРО кезінде гүлденгенін еске салды. Шу алқабынан жиналған кендірден мықты жіп және сапалы кендір майын дайындайтын ірі өндіріс орындары болыпты. Әскери теңіз флоты тіпті осы қарасорадан дайындалған кендір жіптерді пайдаланыпты.

Алайда, 1961 жылы БҰҰ "Есірткі заттар туралы" Конвенция қабылдады да, кендір егу мен қолдану бойынша кез-келген әрекетті жаһандық деңгейдегі құқыққа қарсы жайт деп таныды. Сол кезден бастап бұл сала тоқыраған және кендірдің табиғи тоғайларын жою қолға алынған.

– Сонымен бірге кендір шаруашылығын қайта жаңғырту мәселесі өткір тұр. Кендір еш қалдық шығармайтын таза өнім, демек, бұл қалдықсыз технологиялар мен экология туралы мәселеге сай келеді. Дегенмен, жылдам шешуді талап ететін бірқатар ғылыми және өндірістік сипаттағы мәселелер анықталды. Атап айтқанда, кендірдің өнеркәсіптік құнды сұрыптары, будандарының биотехнологиясы мен тұқым шаруашылығы, селекция бойынша ғылыми зерттеулер жүргізіп, оларды өсіру мен пайдаланудың инновациялық және кластерлік технологиясын әзірлеп, кендір шаруашылығы саласын барлық инфрақұрылымымен қайта жаңғырту үшін инвестициялар тарту қажет болады, – дейді Серік Оразбаев. Яғни, терең ғылыми іс-қимыл қажет, бірақ оны қаржыландыру мәселесі шешілмей келеді.

Оның үстіне бұл саланың экономикалық тиімділігіне қатысты есеп қажет.

Шымкенттік "Қағаз шаһары" кәсіпорны қағаз өнімдерін шығару үшін шикізатты (сүректі) шетелден әкеледі. Алайда, теңгенің құнсыздануына байланысты шикізат бағасы, өз кезегінде, ақырғы өнімнің өзіндік құны қымбаттап шыға келген. Бұл отандық қағаз өнімдерінің шетелдік баламаларына баға бәсекелестігі тұрғысынан ұтылуына соқтырған.

Тұйықтан шығар жол ретінде компания басшысы Максим Скрынник қағазды техникалық кендірден жасауды ұсынған. Компания техникалық кендір өсіруге рұқсат та алыпты. Ішкі істер министрлігі арнайы сот-медициналық сараптама жүргізіп, оның қорытындысында қарасораны егуіне қарсы еместігін білдіріпті. Содан Алматы, Павлодар облыстарында алғаш рет қарасора өсіреді. Алайда, ғалымдардың техникалық кендірге қатысты соңғы зерттеу қорытындысы бұл іске тосқауыл қоятын сияқты. 

Қазіргі кезде өндіріс үшін кендірден медициналық дәрі-дәрмек жасау бағыты қалып отыр. Фармацевтика ғылымының докторы, профессор Кеңес Үшбаев қарасорада ағзаға күш беретін протеиннің негізі барлығын айтады. "Егер одан дәрі жасаса, ол ағзаны тазартып, иммунитетті көтереді. Мысалы, қарасора құрамының 60-70%-ы адам психологиясына әсер ететін заттарға жатпайды. Керісінше, оның құрамындағы марихуана экстрактілерін қатерлі ісік, эпилепсия мен шизофрения, семіздік пен қан қысымын емдеуде пайдалануға болады. Сондай-ақ қарасорадан тері ауруларының барлығын дерлік емдеуге болатын дәрі жасап шығаруға болады. Сондықтан есірткі шөптерін өңдеп, дәрі шығаратын зауыт салсақ, бұл еліміздің медицинасына, экономикасына орасан зор пайда әкелер еді", деп түйді профессор Кеңес Үшбаев.

Қарасорадан жасалатын препараттармен бүгінде әлемде қатерлі ісік, ЖИТС дертіне шалдыққандарды емдейді. Бұған қоса қарасораны есте сақтау қабілетіне қатысты аурулардан, Альцгеймер ауруын емдеуге пайдаланады.

Қорыта айтқанда, кендірден дәрі-дәрмектен басқа ешқандай өнім өндірілмейтін болды. Ендігі зерттеулер тек фармацевтикалық бағытта ғана жүрмек.

Айхан Шәріп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу