Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатов түсіндірді.
Егер клиенттің "Стоп кредитте" тұрғанын базадан көре тұра, банк немесе микроқаржы ұйымы оның атына несие беріп қойса, бұл енді қаржылық ұйымның өз жауапкершілігі болады. Ол кредитті толығымен "кешіруге" тура келеді.
Олжас Төлегенұлы заем алудан ерікті бас тарту туралы заң 2024 жылғы ақпанда күшіне енгенін жеткізді.
"Бүгінде, осы заң талаптарын жүзеге асыру кезінде біз банктер мен МҚҰ-лардың қосымша жауапкершілігін қарастырдық. Егер олар кредит алудан ерікті түрде бас тартқан тұлғаларға кредит беріп қойса, банктер де, микроқаржы ұйымдары да міндетті түрде бұл кредиттерді 3 күн ішінде есептен шығаруға және ол адамның кредиттік бюро жүйесіндегі кредиттік тарихына теріс әсерін жоюға тиіс болады", – деді қаржылық реттеуші басшысының орынбасары.
"Банктік несиелерді, микрокредиттерді алудан ерікті бас тартуды" электронды Үкіметтегі келесі сілтемемен өтіп, тегін рәсімдеуге болады.
Агенттіктің түсіндіруінше, "Стоп кредит" қызметі арқылы сіз алаяқтардың өз атыңызға жаңа заемдар рәсімдеуіне тосқауыл қоясыз. Бұл ретте өзіңіз соған дейін алған несиелеріңізді, ипотекаңызды, бөліп төлеуді аяғына дейін өтеуге тиіссіз. Олар есептен шығарылмайды, немесе бұғатталмайды.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, несие рәсімдеуден ерікті түрде бас тарту сондай-ақ қолданыстағы кредиттік карталарға және бөліп төлеу карталарына да ықпал етпейді, олар қолданыс мерзімі аяқталғанға дейін жұмыс істеуін жалғастырады.
Аталған сілтеме бойынша қолжетімді "Стоп кредит" автоматтандырылған қызметін іске қосқаннан кейін жаңа несиелер ала алмайсыз.
Бірақ қолданыстағы несиелерді қайта қаржыландыруға, сондай-ақ 75 АЕК-ке (2025 жылы 294 900 теңгеге) дейінгі төлем картасындағы кредиттік лимитті пайдалануға рұқсат етіледі.
Бұдан бөлек, тыйым тек банктер мен МҚҰ-ларға таралатындықтан, ол адамның ломбардта микрокредит алуына тыйым салынбаған.
Агенттіктің мәліметінше, кез келген азамат өзіне банктік заемдар мен микрокредиттерді беруге кез келген мерзімге тыйым белгілеп қоя алады.
Азамат сондай-ақ кез келген уақытта ол тыйымды жойып, несие ала алады. Бұл ретте қаржылық реттеушінің түсіндіруінше, бұл тыйымды орнату мен алып тастаудың саны және жиілігі бойынша ешқандай шектеу жоқ. Мың рет салып, мың рет алғызсаңыз да еркіңізде.
Кредит карталарына қатысты тыйым бар ма?
Сонымен, заң бойынша ерікті тыйымы бар адамға кейін кредит рәсімдеп қойған банктер мен микроқаржы ұйымдары ол қарызды дереу кешіріп, есептен шығаруға міндеттелді. Бұл талап кредиттік карталарға тарала ма?
Қаржы нарығын реттеу агенттігі сарапшыларының айтуынша, егер азамат кредит карталарын немесе бөліп төлеу карталарын пайдаланып жүрсе, соған қарамастан ол өзіне банктік немесе микро несие рәсімдеуге ерікті түрде тыйым салғыза алады.
Егер "Стоп кредитті" рәсімдеу кезінде қолыңызда осы карталар болса, олар мерзімі аяқталғанға және ол бойынша тараптардың барлық міндеттемелері орындалғанға дейін күшінде болады.
"Банктер туралы заңына сәйкес, банктік қарыз алудан ерікті бас тарту орнатылғаны туралы ақпарат болған кезде, оған банктік қарыз беруге тыйым келесілерге таралмайды:
- жеке тұлғаның банктік қарызы бойынша берешегін өтеу мақсатында банктік қарыз алуына (яғни, қайта қаржыландыру),
- немесе 75 АЕК-тен аспайтын мөлшерде (биыл 294 900 теңгеге дейін) төлем картасы бойынша белгіленген кредиттік лимит шеңберінде банктік қарыз беру жағдайларына қолданылмайды.
Ал, "Микроқаржы қызметі туралы" заңының нормаларына сәйкес, аталған тыйым (Стоп кредит қызметі) ломбардтардың беретін микроқаржысына таралмайды", – деп түсіндірді қаржылық реттеу агенттігі.
Алайда ерікті түрде бас тартқандар кез келген банктің мобильді қосымшасынан тіпті қарапайым бөліп төлеуді де рәсімдей алмайды.
Осылайша, "Стоп кредит" рәсімдегеннен кейін де қолданыста болатын кредит карталары мен бөліп төлеу карталары бойынша жасалған сатып алулар есептен шығаруға жатпайды. Айталық, егер техниканы "рассрочкаға" алсаңыз, оны тиынына дейін төлеп шығуға міндеттісіз.
Сонымен бірге, сарапшылар кредит рәсімдеп, оны төлемеудің бір тәсілі барын "құлаққа" сыбырлады. Мұны әрине, қолдануға кеңес бермейміз, бірақ біле жүргеніңіз жөн.
Атап айтқанда, "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" заңының 34-ші бабына сәйкес, негізінен ірі несие беру кезінде банк, сондай-ақ банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым қарыз алуға жеке тұлғаның жұбайының да келісімін алуға міндетті.
Егер құжат жүзінде күйеуінің (немесе әйелінің) келісімін алмай рәсімдесе, ол отбасыға кредитті өтемеуіне болады екен.
"Жеке тұлғаның жұбайының келісімінсіз банктік қарыздар беруіне тыйым салынады. Клиент-жеке тұлғаның жұбайының (зайыбының) келісімінсіз банктік қарыз берген жағдайда, банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым ол жеке тұлғадан осындай банктік қарыз бойынша міндеттемелерін орындауды талап етуге құқылы емес", – делінген аталған заң нормасында.
Егер қомақты кредит жұбайының келісімінсіз берілгені әшкереленсе, факті анықталған күннен бастап 3 жұмыс күнінен кешіктірмей, банк мынадай шараларды қабылдайды:
- клиенттің осындай банктік қарыз бойынша берешегін есептен шығару ("списать") туралы шешім шығарады,
- клиенттен осындай банктік қарызы бойынша берешекті өндіріп алу және сотқа талап-арыз беру жұмысын тоқтатады;
- осындай банктік қарыз бойынша ақпарат туралы жазбаларды жою арқылы клиенттің кредиттік бюролардағы кредиттік тарихына оң түзетулер енгізеді;
- осы банктік қарыз бойынша сыйақының, тұрақсыздық айыбының бұрын ұсталған не төленген сомаларын клиентке кері қайтарады.
Есіңізге саламыз, бұл сараптама ешкімді ешқандай іс-қимыл жасауға үгіттемейді, тек ақпараттандыру мақсатын ғана көздейді. Әрбір адам өз бетінше немесе мамандармен ақылдасып, жеке шешім қабылдағаны жөн.