Ақпарат құралдары, мамандандырылған сайттар өткен жылдың соңында "2024 жылдың өндірістік күнтізбесін" жариялап тастаған еді. Оларда биылғы 17 маусым – демалыс күні ретінде белгіленген. Енді оларға "өндірістік күнтізбелерін" түзетуге тура келуде.
Елімізде мерекелерге орай қазақстандықтардың қанша күн демалатынын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі анықтайды.
Бірақ дәл Құрбан айттың демалыс ретінде жарияланатын бірінші күні қай датаға сәйкес келетінін министрлік тек Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) шешіміне сүйеніп бекітеді.
Таяуда, 7 маусымда ҚМДБ Құрбан айттың бірінші күні 17 маусымнан 16 маусымға ауысқанын мәлімдеді. Еңбекминінің түсіндіруінше, демалыс күнге сәйкес келген діни мерекелер үшін демалыс басқа күнге ауыстырылмайды. Тиісінше, 16 маусым жексенбіге тұспа-тұс келгендіктен, бұрын "демалыс күні болады" деп есептеліп келген 17 маусым енді жұмыс күніне айналды.
Құрбан айтқа арналған демалыстың осылайша жойылуы қоғам тарапынан қызу пікірталас туғызды.
Кейбір адам бұл күнге демалыс ретінде жоспар құрып қойғанын, енді одан бас тартуға тура келетінін айтып, қынжылды. Бірқатары ҚМДБ-дан шешімін өзгертуді сұрады.
Айтқандай, Орталық Азия елдері де Құрбан айттың басталу күнін биыл 17 маусымнан 16-сына көшіріп жатыр. Сонда мұның мәнісі неде?
"Былтыр 2024 жылға арналған мерекелік және демалыс күндерінің күнтізбесі түзілгенде, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Құрбан айт 17 маусымда басталуы мүмкін екенін бізге ресми хабарлады. Біз соны негізге алып, осы күнді демалыс етуді жоспарлағанбыз. Енді ҚМДБ Құрбан айттың 16 маусымда басталатынын мәлімдеп отыр. Ал, діни мерекелер демалыс күндеріне сәйкес келсе, оған арналған демалыс күні келесі күнге ауыстыруға жатпайды. Мысалы, былтыр Рождество сенбі күніне тап келгендіктен, оның да демалысы ауыстырылмады", – деп мәлімдеді Еңбек министрлігі.
2023 жылы Құрбан айт мерекесі 28 маусымда басталды.
Айта кететін жайт, мұсылман әлемінде қолданылатын Ислам күнтізбесі (Хижра күнтізбесі) Ай фазаларының өзгерістеріне негізделген. Онда бір жыл 12 синодтық айдан құралады және 354 не 355 күннен тұрады. Қазіргі заманда көпшілік елде, соның ішінде Қазақстанда да пайдаланылатын, Күн қозғалысына негізделген күнтізбеден 11 күн кем болғандықтан, Ислам күнтізбесіндегі жылдың басы жылжып отырады.
Өз кезегінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шариғат және пәтуа бөлімі Құрбан айттың бірінші күнінің неге тосыннан 17 маусымнан 16 маусымға ауысқанына қатысты түсініктеме берді.
Осының алдында ҚМДБ 6 маусым күні кеш батқанда жаңа айдың көрінуіне байланысты Зул-хижжа айының басталғанын хабарлаған болатын. Осыған байланысты Арапа (Арафа) күні – 15 маусымға және Құрбан айттың алғашқы күні – 16 маусымға сәйкес келетінін белгіледі.
"ҚМДБ-ның Шариғат және пәтуа бөлімі әр жылдың төртінші тоқсанында келер жылдың діни мерекелері мен күндері көрсетілген кесте әзірлейді. Онда хижри айлардың басталуы халықаралық астрономиялық зерттеу орталықтарының мәліметтері негізінде жасалады. Сонымен бірге пәтуа мамандары діни мерекелердің нақты күндері жаңа айдың көрінуіне байланысты көрсетілген уақыттан бір күн шегерілуі немесе алға жылжуы мүмкін екенін ескертіп отырады", – деп хабарлады Шариғат және пәтуа бөлімінің мамандары.
Олардың айтуынша, Ислам дінінде қасиетті күндер, түндер және айлар Қамари жыл санауы негізінде анықталады. Мұндай жыл санақ Ай фазасының өзгеруіне қарай есептеледі. Жаңа айдың (һиләлдың) көрінуімен бірге жаңа ай басталады. Қамари ай кейде 29, кейде 30 күн болады. Әңгіме осында.
"Зул-хижжа айын анықтау үшін Зул-қағда айының 29-ында мамандар, астрономдар Айды бақылайды. Егер күн батқан кезде жаңа ай көрінсе, онда келесі күні Зул-хижжа айы басталды деп саналады. Егер ауа райы бұлтты болып, ай көрінбесе, онда Зул-қағда айын 30 күнге толықтырады. Биылғы жылы 6 маусымның кешінде жаңа Ай нақты көрінді! Осыған байланысты 7 маусымда Зул-хижжа айы басталды деп танылды. Сол себепті жыл басында ескерткеніміздей, Құрбан айт күні биыл бір күн бері жылжып, 16 маусымға сай келді", – деді ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің өкілдері.
Егер 6 маусым кешінде айдың бетін бұлт торлап, мамандардың көзіне шалынбағанда, халық 17 маусымда демалатын еді. Жаратқан Иенің қалауы солай болып, Ай жарқырай көрінді.
Сондықтан жамағат Жаратушының бергеніне тәубе етсе, жаны қазыналы болады. Діндарға ғана емес, жалпы адамға құлқынының қамын ойлап кетпей, сабыр етіп, қанағат тұтып, ынсап танытқан жарасады.
Алла Тағала "Ағраф" сүресінің 58-аятында: "Жақсы елдің өсімдігі Раббының қалауы бойынша берекелі өніп шығады. Жаман елдің өсімдігі қиындықпен мардымсыз шығады. Шүкіршілік етуші қауым үшін аяттарымызды осылайша тарқатып баян етеміз", – деген.