Қазақстанда макарон брендімен танымал компания Ресейде қудалауға ұшырады

5263

Отандық дүкен сөрелерінен оның арзан өнімдері жоғала бастады. 

Қазақстанда макарон брендімен танымал компания Ресейде қудалауға ұшырады Фото: eda.show

Ресей Қаржы университетінің профессоры Константин Симоновтың айтуынша, кейінгі уақытта ресейлік прокуратура шетелдіктердің және ресейлік жеке компаниялардың активтерін мемлекет меншігіне тартып алу процесімен белсенді айналыса бастады.

Ғалым "таяу уақытта жекеменшік активтерді алып қоюға қатысты жаңа талап арыздар легін күтуге болатынын" ескертті. Солтүстік көршіде байлықты қайта бөліс науқаны күш алды.

Кейінгі мысалдарға "Кубань-виноны", Челябі электромеханикалық зауытын, сондай-ақ "Макфа" холдингі кәсіпорындарын мемлекетке беру және басқасы жатады.

Соңғысы қазақстандықтарға да жақсы белгілі. Өйткені Ресейдегі макарон өнімдерінің аса ірі өндірушісі болып табылатын "Макфа" арзандау макарон өнімдерімен қымбатшылықтан зардап шеккен халық арасында аса танымал. Енді көршідегі заманауи "кәмпескелеу" салдарынан, Қазақстанның дүкендерінен де бірте-бірте осы фирманың өнімдері жоғала бастапты. Бұл елде макарон өнімдердің қымбаттауына соқтыруы мүмкін.

Ресейлік "Новые Известия" газеті Қазақстанмен іргелес Челябі облысында "үлкен ханталапай" ("Большой челябинский передел") жүріп жатқанын жазады. Зауыттар, металдар мен макарондар "дұрыс қолға" өтуде.

"Челябі зауыттары мемлекетке өтуде және жаңа меншік иелерін күтуде. Челябі облысы кәсіпорындарды национализациялау масштабы бойынша Ресейде лидерлер қатарына кірді. Мысалы, өңірде облыстың экс-губернаторының және оның іскерлік серіктесінің бақылауында болған барлық бизнесі тәркіленіп жатыр. Олардың тұтқындалған мүлкінің құны ақылдан жаңылыстыра жаздайды: жалпы құны ресми дерек бойынша 100 триллион рубльге жетті! Салыстырсақ, бүкіл Ресейдің федералдық бюджетінің көлемі 35 триллион рубльді құрайды. Бірақ бұл активтер мемлекеттің меншігінде ұзақ қалмайды", – деп жазады ресейлік саяси шолушы Николай Владимиров.

Әңгіме Челябі облысының бұрынғы "әкімі" Михаил Юревич пен МемДуманың экс-депутаты Вадима Белоусовтың активтері туралы болып отыр. Ресей Бас прокуратурасы олардың өздерінің ғана емес, бүкіл туыс-туғанының мүліктерін бұғаттады.

Соның ішінде Бас прокуратурасының талап арызын қамтамасыз ету мақсатында "Макфа" және онымен сыбайлас компаниялардың мүлкі "Ресей мүддесі үшін" деген сылтаумен бұғатталып, тартып алынды.

Экс-губернатор Михаил Юревич пен экс-депутат Вадим Белоусов шетелге қашып, табанын жалтыратып үлгерген.

Ресейлік ақпарат құралдарының хабарлауынша, Ресей Бас прокуратурасының талабы бойынша "Макфа" АҚ-ының кәсіпорындары сыртында, қосымша 34 компания жауапкер деп танылды. Оның арасында көбіне Қазақстанның шекаралас өңірлерінде өнімдерімен таныс "Смак", "Новая Пятилетка", "Долговская", Мишкинский комбинаты сияқты компаниялар бар.

Өнімдерін әзірге елордалық сөрелерден де табуға болатын "Макфа" брендімен 150-ден астам аталымдағы өнім шығарылады. Ол – Қазақстанның және Ресейдің макарон өнімдері мен ұн нарығындағы лидердің бірі. Компанияның сайтында "Макфаның" макарон өндірісі жөнінен тіпті жаһандық ТОП-5-ке кіретіні жазылған.

Ресейлік тергеушілер алпауыт империяны құлатып, активтерін тартып алуға салмақты себеп іздеуге бас қатырмапты. Ресей прокурорларының талап арызында бұған "Макфаның" ақырғы бенефициарларының коррупциялық істері себепші болғаны атап көрсетілген.

Қос кәсіпкер – Юревич пен Белоусов қылмыстық істер бойынша өздеріне тағылған айыппен келіспей, шетелде бас сауғалады. Бүгінде Мәскеу Юревичті сырттай тұтқындады, Белоусовты сырттай он жылға бас бостандығынан айырып та қойды.

Бұл ретте "Росфинмониторинг" дерегінше, олар акционер ретінде шетелде отырып, ресейлік активтерінен табыс алған. Жылына шамамен 2 миллиард рубль аударылған екен.

Бұдан бұрын Ресей Бас прокуратурасы сотқа жүгініп, Челябі өңірінің ең бай отбасыларының бірі Юрий Антиповқа тиесілі ЧЭМК тобын мемлекеттік меншікке алып қоюды талап етті. Арбитраждық сот прокуратураның талабын қанағаттандыратын шешімін шығарды, оны апелляциялық инстанция бекітті.

Ресейлік сарапшылардың байламынша, мұнда да "Макфаны" мемлекеттендірумен ұқсастық көп. "Макфа" сияқты, бұл жерде де билік нарықтың нақты сегментінің лидеріне ауыз салды.

Челябі электрлі металлургиялық комбинаты ("ЧЭМК") сонау 1929 жылы құрылды және содан бері ферроқорытпалардың әлемдік ірі өндірушісінің бірі саналады. Ол ресейлік металлургияның мұқтаждығын бір өзі, толығымен қамтамасыз етуге қабілетті. Соғыс жағдайында, майданға түрлі металл өнімдері аттандырылып жатқанда Мәскеу үшін бұл – маңызды фактор.   

Сондай-ақ ЧЭМК тобына Серов ферроқорытпа зауыты, "Кузнецкие ферросплавы" сияқты зауыт-кәсіпорындар кіреді. Оның бәрінің тізгіні федералдық биліктің қолына көшуде.

Челябілік "Курс дела" басылымының түсіндіруінше, РФ Бас прокуратурасы серіктестердің бизнесті өзара бөлісуін заңсыз деп танып, соның негізінде тартып алуда. Бұған дейін ЧЭМК олигарх Антипов пен оның серіктесі Александр Аристовқа тиесілі болған. Олар 1980 жылдардың соңынан бері ортақ бизнес жүргізді. Бертінде олар енші бөлісті. Антипов – металлургияны, Аристов – аграрлық жобаларды қанжығалады.  

Жергілікті басылымның жазуынша, "мемлекет челябілік бай отбасылардан барлық байлығын тартып алуға ниетті". Мемлекет пайдасына акциялары алып қойылып жатқан компаниялар қатарына "Кубань-Вино", "Агрофирма "Южная" және басқа компаниялар енді. Бұл шешім "облыстық бизнес ортада шок тудырды".

Енді бәрі тура керісінше болды. Бұл жолы Путин экологиялық нормаларды сақтамағаны үшін ЧЭМК кәсіпорны басқа инвесторға берілетінін ашық айтыпты.

"Курс дела" басылымының мәліметінше, Оңтүстік Орал аймағындағы басқа да ірі бизнес нысандары солардың жолын құшады, меншік иелері мәжбүрлі түрде ауыстырылады. Басылым эксперттері мысалға, "Равис" агрохолдингінің национализацияланып, өзге инвесторға кететінін тұспалдады. Оның шұжықтары, паштеттері, өзге өнімдері көрші елдерге де өткізіледі.

"Новые Известия" кезінде "ЮКОС" ісінен басталған кәсіпорындарды мемлекетке алып қою науқаны Украинадағы қарулы қақтығыс басталғалы үдегенін еске салады.

Ресей Бас прокуратурасының дерегінше, содан бері, мысалы, әскери-өнеркәсіптік кешенде мемлекет меншігіне алынған жеке кәсіпорындар активтерінің жалпы құны 333 миллиард рубльден асқан.

"Билік мұның мемлекеттік мүддені қорғау мақсатында жасалып жатқанын жариялады. Бір қарағанда, ізгі іс. Бірақ шенділердің шынайы мотивтері бұған қайшы. Өйткені билікке жақын және онымен көзге көрінбес миллиондаған тінмен байланысқан бизнесмендердің үлкен бір тобы санкциялар кесірінен шетелдік активтерінен айрылып қалды. Бұған қоса, олар Ресейде генерацияланатын табысы мен капиталын да шетелге шығару мүмкіндігінен айрылды. Капитализмнің негізгі заңы – ақша жұмыс істеуге тиіс. Бұл ретте кәсіпті нөлден бастағаннан гөрі, қаржыны дайын, майшелпек бизнеске салу әрдайым оңай, әрі жағымды", – дейді Николай Владимиров.

Ендеше қожайыны ауысқаннан кейін "Макфа" және басқа да ресейлік брендтегі өнімдер қазақстандық сөрелерді жаңа қарқынмен жаулай бастауы мүмкін.

Өз кезегінде германиялық Deutsche Welle адвокат Игорь Труновқа сілтеме жасап, "Макфаның" қожайындары шетелден Мәскеуге "бітім келісімін" жолдағанын хабарлады.

Келісімнің шартына сәйкес, кәсіпорын иесі оның акцияларын кері сатып алады, сонымен қатар мемлекет компанияның басқаруына кіреді.

Труновтың айтуынша, "Макфа" жыл сайын "арнайы әскери операциямен", яғни Украинадағы соғыста ресейлік әскерді қамтамасыз етумен байланысты мақсаттарға 1 миллиард рубльден аударып тұруға міндеттеме алмақ. Мәскеудің бұл ұсынысқа келісетіні-келіспейтіні белгісіз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу