Елімізде мал қырылып жатыр

8534

Мал да "ақ халатты абзал жанға" зәру.  

Елімізде мал қырылып жатыр Фото: canva.com

Ветеринария саласында ауқымды реформа басталды.

Ауыл шаруашылығының жаңа басшылығы бұрынғы министрлер тұсында ветеринария секторын жайлаған деградация, кері кетушілік және күйреуді тоқтатуға ниетті. Саланы даму жолына шығару қолынан келер ме екен?

"Ақтөбе фермерлік орталығы" қауымдастығының басқарма төрағасы Марлен Баймағамбетов маңызды проблеманы көтеріп, дабыл қағып, Үкімет басшысы Әлихан Смайыловқа жүгінді. Ауыл кәсіпкері, қоғам белсендісі өз үндеуін Facebook парақшасында жариялады.

Оның мәліметінше, Ақтөбе облысының Алға ауданы аумағында бірнеше күннен бері шаруалардың малдары қырылып жатыр. Жергілікті ветеринарлар дұрыс диагноз қоя алмай отыр деп сезіктенеді.

"Малдар ауруларының барлық симптомы қарасан дертіне ұқсайды. Енді Ерболат Жалашевтың шаруа қожалығының малдары да белгісіз ауруға ұшырап, қырылып жатыр. Ақтөбе облысының ветеринария басқармасының мамандары "олардың ішектері үзілген" деп жалған ақпарат таратты. Сонда 7 бас малдың бірдей, бір мезгілде ішектері үзіліп кеткен бе? Неге аудан әкімі Нұрбол Eржанов пен оның орынбасары Арман Бошанов басына барып, тиісті шараларды қабылдамайды? Аудандық ветеринария станциясының басшысы қылып, тәжірибесі аз, жұмысқа қабілетті төмен адамды тағайындады. Ауданда елді мекендердегі жағдайды жақсы білетін, жұмыс тәжірибесі бар мамандар баршылық еді, бірақ өкінішке қарай оны ескермеді", – деді Марлен Баймағамбетов.

Оның айтуынша, өлген малдардың өлексесі бірнеше күннен бері далада жатыр, мамандар жинап алып, өртемеген, не көмбеген. Салдарынан, оларды иттер, аңдар тартып жейді. Ауылдықтар "ауру малмен қоректенген жыртқыштар оны кейін сау малға таратады" деп қауіптенеді.

Қоғам белсендісі жергілікті ветеринарлардың жағдайының қиын екеніне де назар аударды. Олардың көліктері жөңдеу көрмеген екен. Қара жаяу мал дәрігерлері шаруалардан өздерін алып кетіп, кері әкеліп тастауды өтінуге мәжбүр көрінеді. Әкете алмаса, қиядағы фермаларға өздері бара алмайды.

Марлен Баймағамбетов төрт түлікке салынатын вакциналардың сапасыздығына да назар аудартады. Ауылдықтар тіпті егілген малдың ауырып қалатынын айтып жүр.

Қыс толыққанды күшіне енген жоқ, әлеуметтік желі ыңыршағы айналып, көтеріле алмай жатқан малдар бейнеленген видеоға толды.

Жалпы, ветеринария саласының шаруасының шатқаяқтағаны сонша, ондағы дау-дамайлардың дүмпуі Президенттің құлағына жетті. Содан шыдамаған Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында осы проблемаға баса көңіл бөліп, Үкіметке ветеринария саласын реформалауды, орталық пен өңірлердің нақты міндеттерін айқындауды, ветеринария жүйесін цифрландыруды, мамандар даярлауды, олардың жалақысын арттыруды жүктеген болатын.

Малдарды емдеуге маманданған "ақ халатты абзал жандардың" айлығы аз. Егер ресми статистикаға сенсек, Қазақстанда 2023 жылы жоғары білімді ветеринарлардың орташа жалақысы 145–282 теңге аралығында болған. Олардың өздерінің айтуынша, ветеринарлық санитарлар шамамен 70 мың теңге, ветеринарлық фельдшерлер – 110-120 мың алады.

Мемлекет сала мамандарының жалақысын 70% арттыруды жоспарлады.

Шенеуніктер салада ахуал жақсарып келе жатқанына сенімді.

"Қазақстан бүкіл Еуразиялық одақтағы ауыл шаруашылығы жануарларын есепке алудың бірыңғай жүйесін қолдана бастаған алғашқы ел. Жүйеде 35 миллионнан астам ауыл шаруашылығы жануарлары тіркелген. Салада 4,5 мыңға жуық ветеринарлық маман жұмыс істейді", – деді Ауыл шаруашылығы вице-министрі Бағлан Бекбауов.

Ал "АӨК Экономикалық саясаты талдау орталығы" ЖШС төрағасының орынбасары Шалқар Амантұровтың айтуынша, бұл орталық мал шаруашылығына арналған маңызды ескі жүйелерді пысықтап, жаңа жүйелерді әзірлеген екен. Бұлар: Vetlab (ветеринариялық зертханалық зерттеулер), РПО (жануарлардың аса қауіпті ауруларының ошақтары), процессингтік орталық (жануарлардың жеке нөмірлерін генерациялау және олардың мониторингі, ветеринариялық-санитариялық сараптама, сою пунктерінде эспертиза актілерін беру және олардың мониторингі), Vetmobile (ветеринариялық дәрігерлерге арналған мобильді қосымша), TortTulik (ауыл шаруашылығы жануарларының иелеріне арналған мобильді қосымша) ақпараттық жүйелері.

Ең бастысы, салада реформа басталады. Осы мақсатта бүгінде "ҚР агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіту туралы" Үкіметтің 2021 жылғы 30 желтоқсандағы №960 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізетін жаңа Үкімет қаулысының жобасы әзірленіпті. Құжат:

  • эпизоотиялық саламаттылықты қамтамасыз етуді;
  • мал шаруашылығы өнімдерінің экспорттық нарықтарын игеруді;
  • жекеменшік ветеринариялық қызметтер нарығын дамытуға жағдайлар жасауды;
  • ветеринария саласындағы ақпараттық жүйелерді әзірлеп, енгізуді және процестер мен құжаттаманы автоматтандыруды;
  • ветеринария мамандарының жалақысын көтеруді;
  • материалдық-техникалық базасын жақсартуды қарастырады.

Егер Республикалық бюджеттік комиссия мен Парламент депутаттары шөміштен қақпаса, көп жылдан бері алғаш рет осы салаға мол қаражат құйылады.

Біріншіден, Ауыл шаруашылығы министрлігінің түсіндіруінше, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қазақстандық мал шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің экспортын сақтау мақсатында ветеринариялық зертханаларға арнап, заманауи жаңа зертханалық жабдықтар сатып алынады. Қаржыландыруға деген қажеттілік 12,3 миллиард теңгені құрайды.

Екіншіден, мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторларды жарақтандыруға мән беріледі. Осы мақсатта азық-түлік қауіпсіздігі бойынша сынама алу құралдарын (инструментарийлер), термочемодандарды, жеке қорғаныш құралдарын, бейнетіркегіштерді (видеорегистратор), планшеттерді сатып алу жоспарланған. Әрине, егер мемлекет қажетті 1,5 миллиард теңгені бөлсе...

Үшінші бағыт ең көп қаржыны талап етеді. Жергілікті әкімдіктер құрған мемлекеттік ветеринариялық ұйымдар мен ветеринариялық пунктері бар аудандық ветстанциялар үшін жалпы сомасы 21 миллиард теңгеге 695 бірлік арнайы техниканы сатып алу көзделген. Егер бюджеттен тиісті қаражат бағытталса, онда инсинераторлар, Комаров дезинфекциялық қондырғысы (КДҚ) бар арнайы автомашина, ауыл шаруашылығы жануарларын тасымалдауға арналған тіркемесі бар машиналар және басқасы алынады.

Төртіншіден, әкімдіктер құрған мемлекеттік ветеринариялық ұйымдар үшін жалпы сомасы 1,5 миллиард теңгеге мобильді, жылжымалы бөліністерді (мобильные, передвижные расколы) алу қарастырылады.

Бұл жабдық ветеринариялық іс-шараларды, соның ішінде паспортымен сәйкестендіруді, қан алуды, вакцинациялауды және басқасын жүргізу кезінде малды қозғалтпай, қысып ұстау үшін керек. Әйтпесе, қауіп сезіп, жан сала қарсыласқан әрбір малды тырп еткізбей тастау үшін бірнеше адам табылып, жабылуы қажет. Әрі бұл көп уақытты алады.

Бесіншіден, Ауыл шаруашылығы министрлігі "типтік мал қорымдарын", басқаша айтқанда, мал өлекселерін көметін биотермиялық шұңқырлар салуға жалпы сомасы 6 миллиард теңге жұмсағысы келеді.

Осынша астатөк ақша беріле ме, берілсе, ол талан-тараж етілмей, нысаналы мақсатына жұмсала ма, сөйтіп саланың дамуына серпін бере ме, ол жағы әзір белгісіз. Ауыл шаруашылығы министрлігінің басшысы шамамен екі жылда бір рет ауысады екен. Әрбір жаңа министр жаңа реформаны бастайды. Одан ветеринария саласы кері кетпесе, өркениетті елдердегідей өркендеу өріне көтеріле қойған жоқ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу