Ресми мәлімет бойынша бүкіл Ресейде жалғыз ғана қазақтілді мектеп қалған, оның өзі шағын. Бұл РФ Алтай өлкесінің қазақтар шоғырлана тұратын, қияндағы Құлынды ауданының Қаракөл орта мектебі. Оның өзі жабылу алдында тұр. Қазақ диаспорасы қалың тұратын өлкелерде қазақ тілі пән ретінде оқылады. Қазақ әдебиеті негізінен оқытылмайды. Ресей қазақтары Абайдың кім екенін біле бермейді. Еуразиялық одаққа мүше елдер өз қарым-қатынастары теңдікке негізделгенін жария етіп жүр. Бірақ бұл жерде әділетсіздіктің иісі аңқитын сияқты.
Англия, Франция, Португалия, Испания тәрізді империялардың бұрынғы колониялары көп, қазіргі кезде тәуелсіз мемлекетке айналған ол елдерде бұрынғы отарлаушысының әдебиеті жеке пән ретінде оқытылмайды екен. Барлық өркениетті елдер құлдық санадан арылған, оларда жас ұрпақ "Әлем әдебиетінің" таза қайнарынан сусындап, ең жауһарларын теріп, өседі.
Ұлтжанды азаматтар, тіпті педагогтер мен ғылым докторлары ең құрығанда, қазақ тілді мектептерімізде "Орыс әдебиетін" алып тастап, орнына жалпы "Әлем әдебиетін" енгізуді бұрыннан ұсынып, талай рет бастама көтерді.
Таяуда саясаттанушы, қоғам қайраткері, жастар лидерлерінің бірі Данат Жұмин осы мәселені қайта еске салды. Ол қалпымен қазақтілділер тұратын Шымкент қаласы әкімінің орынбасары болған, сондықтан бұл проблемамен жақсы таныс. Әйтпесе, орысша нашар білетін балаларды 2 мың бетке жуық "Война и мир" романын оқуға мәжбүрлеу де азаптың бір түрі болса керек.
"Қазақстандық мектептерде сол бұрынғыдай, "Русская литература" деген пән оқытылады. Мен орыс әдебиетіне қарсы емеспін. Бірақ біздің балалар оны жеке пән ретінде емес, әлем әдебиетінің бір бөлімі ретінде ғана оқуға тиіс деп санаймын. Жалпы алғанда, Қазақстан мектептерінде әлем әдебиетін зерделеуге негізсіз аз көңіл бөлінеді. Қазақстандық оқушыларға әдебиет әлі күнге дейін көнерген кеңестік қалыппен оқытылады. Сол баяғы ескірген идеологиялық постулаттар сақталып қалған. Мысалы, кәсіпкерлерлік – кесір, кесапат, ал кедейшілік – қарапайымдылық пен жақсы қасиет деп дәріптеледі. Әдебеиет халық құндылықтарын тәрбиелейді. Сондықтан әдебиеттің жаңа Қазақстанның өскелең ұрпағының бойына қандай құндылықтарды сіңіріп жатқанына мән беруге тиіспіз", – деді Д.Жұмин.
Ол мектепте оқушылардың оқуына міндетті және ұсынылатын шығармалардың тізімін қайта қарап, мән-мазмұнын тексеріп, заманауи талаптар мен сұраныстарға сәйкес етуді ұсынды.
Оның айтуынша, бұл ұсынысқа Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов жауап беріпті. Ол министрліктің осы мәселемен білек сыбана айналысып жатқанын, қазақстандық оқушылардың "теңгерімді әдеби дамуына" күш салатындарын хабарлаған.
"Қазақтілді мектептерде оқу бағдарламасына өзгерістер енгізіледі. "Орыс әдебиеті" және "Қазақ әдебиеті" пәндерінің орнына "Әлем әдебиеті" деген ортақ пән енгізу жоспарланып отыр. Осы пән аясында балаларымыз тек қазақтың ғана емес, бүкіл әлемнің, соның ішінде орыстың әдебиетін бірге оқитын болады. Болашақта біртіндеп, ұқсас өзгерістер орыс тілді мектептердің бағдарламасына да енгізілетін болады. Қазіргі уақытта министрлік қажетті зерттеулерді жүргізіп, сарапшылардың талқысына салып жатыр. Олар әлем әдебиетінің нақты қандай шығармалары қанша көлемде оқу бағдарламасына кіретінін анықтауға тиіс", – деп хабарлады Данат Жұмин.
Таяуда журналистерге сұхбат берген Оқу-ағату министрі Асхат Аймағамбетов ортақ әлем әдебиеті пәнін енгізу қарастырылып жатқанын растады.
"Бүгінде ортақ әлем әдебиеті болсын деген мәселе қарастырылуда. Соның аясында Достоевский де, Толстой да, Шекспир мен Маркес те оқытылмақ. Міне, біз дәл осы бағытта әрі қарай жұмыс істейтін боламыз. 2 жыл бұрын біз "Школа, которая жаждет учиться" деген жобаны іске қостық. Гарри Поттер де, Робинзон Крузо да, Достоевский де қазақ тілінде қолжетімді болуға тиіс. Сонда нені оқитынын балалардың өзі таңдай алады. Былтыр біз кітапханаларымыз үшін көркем әдебиеттің 2 миллионнан астам данасын алдық. Биыл тағы шамамен 2 млн кітап сатып алып жатырмыз", – деді министр.
Жалпы педагогтер арасында да, қоғамда да министрліктің Қазақ әдебиеті пәнінен бас тарту ниеті сынға ұшырады. Педагог, филолог Сәруар Айғарақызы сонау халық ауыз әдебиетінен басталған қазақтың бұл мұрасы өте бай екенін, оны әлем әдебиетіне қоса салу – ұлтқа жасалған қиянат болатынын ескертеді.
"Әңгіме әу баста орыс әдебиетінен бас тарту жайында болған. Енді министрлік ол идеяның өңін айналдырып, қазақ әдебиетіне қысастық жасағалы тұр. Қазақ тілді мектептерді қазақ әдебиетінен айырғалы тұр. Президентіміз Қ.Тоқаев өз сөзінде үнемі ұлы Абайдың даналық сөздерін қолданады. Абай әлемінің өзі – тұтас пәнге лайық. Енді оны жат елдердің ақын, жазушылары деңгейінде ғана үстірт оқытуға қалай ары барады? Шенеуніктер ата-баба аруағынан қорықпайды ма екен?", – деді педагог.
Ол бір мысал келтірді. Қазақ, орыс, аралас мектептерімізде Пушкин барлық дерлік сыныптарда оқытылады екен.
"Балаларымызды оның философиясына терең бойлатқызады. 9-сыныпта "Пушкин – солнце русской поэзии" деген тұтас тарау бар, сондай-ақ оқушыларымыз оның тұлғалық қасиеттерін, махаббат лирикасын, "Цыгане" сияқты поэмаларын, өмірбаянын, дарынының қырларын жеке-жеке таниды. Ал шынында, ресейлік әріптестеріміз ашық айтып жүргендей, Пушкин қазіргі орыс әлемінің прототипін түзген, империяшыл адам болған. Мысалы, оның "Клеветникам России" деген өлеңі бар, сонда ол Ресей елінің көрші елдерді басып алуына қарсы шыққандардан, Батыстан бұл іске, славяндардың ішкі ісіне араласпай, тыныш отыруын талап етеді. Пушкиннің шығармашылығымен танысқан дұрыс шығар, бірақ оны сонша ұлықтау қажет пе?", – деп сауал тастады педогог.
Кеңестік және ресейлік режиссер, публицист, танымал тележүргізуші, зерттеуші Александр Невзоров қазіргі кезде бүкіл әлем жұртшылығы Ресей әдебиеті мен мәдениетінен көңілі қалып тұрғанын айтады.
"Жаһан жұртшылығы соғыс басталғанға дейінгі заманда орыс әдебиеті мен мәдениетін бай санайтын. Тамсанатын, таң-тамаша болатын. Алайда Укаринадағы қырғынды сол әдебиет пен мәдениет тәрбиелеген адамдар жасады. Мысалы, агрессордан азат етілген Бучада жантүршігерлік қылмысқа барғандардың бос уақытта Ресей классиктерінің кітабын оқығаны, соны жолқапшығына салып, өзімен ала жүргені белгілі болды. Әлем орыс әдебиеті мен мәдениетінің осы қылмысқа тосқауыл қоя алмағанына, яғни оның ресейліктер бойында зұлымдыққа қарсы иммунитет қалыптастыра алмағанына түңілуде", – деді ол.
Бірақ түңілуге негіз жоқ екен.
"Себебі, ресейлік классика негізінен ұлыдержавалық өркөкіректікті тәрбиелеуге бағытталғаны жасырын емес. Мойындауға тиіспіз: дәл біздікіндей агрессивті және дидактикалық әдебиетті табу қиын. Мысалы, 1812 жылғы соғысты мадақтауға арналған пафосты, азапты, көп сөзді "Война и мир" фэнтезиінің өзі неге тұрады. Бүкіл дерлік орыс әдебиеті айқын, жабысқақ, ығыр қылатын ұлыдержавалық идеяға құрылған. Әрине, бұрынғы аласапыран замандарда ол өте көкейкесті болған шығар. Бірақ қазір әлемнің дүниетанымы толығымен өзгерді. Сондықтан оның бүгінгі заман үшін жарамдылығы шамалы", – деді А.Невзоров.
Жалпы егер шынымен Оқу-ағарту министрлігі мектептегі әдебиетке қатысты оқу бағдарламасын қайта қарап жатса, әлем және орыс әдебиетінің басқыншылық соғысты дәріптемеген, бейбітшілікке жақ болған, ары таза ақын, жазушыларын таңдап алса, құба-құп болар еді. Күлтегін бабамыздан бері билікке "елді түзеген, бәрін бейбіт еткен, азды көп қылған, кедейді бай қылған, тату елге жақсылық қылған" мемлекетті құру өсиет етілген. Ендеше өзгенің ақын-жазушылары жүз жерден ұлы болса да, өзге елдің жат идеологиясын бізге тықпаламағаны, халқымыздың бірлігіне сына қақпағаны маңызды.