Қазақстанда "ресейлік пропаганда" көлемі күрт кемитін болды

2043

Елімізде ресейлік телеарналарды заңсыз таратып келген "интернет оператор" бұғатталды.

Қазақстанда "ресейлік пропаганда" көлемі күрт кемитін болды Фото: canva.com

Сондай-ақ теледидарда да ресейлік өнімдер күрт азайтылады.

Қазақстан ресми уәкілетті органның рұқсатын алмай, ресейлік телеарналарды республика аумағында трансляциялап келген Sputnik24.tv порталын бұғаттады. Мұны ақпарат министрлігінен көп жылдан бері қоғам белсенділері талап етіп келген еді.

Солтүстік көршінің телевизиялық бағдарламаларын және жаңалықтарын осы портал арқылы онлайн тамашалап келген қазақстандықтар енді ол мүмкін болмай қалғанын әлеуметтік желіде хабарлауда.

Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрлігінің ресми интернет ресурсындағы тізілімде көрсетілгендей, аталған портал "ҚР территориясында лицензиясы жоқ жабдықтар мен телерадио хабарларын таратушы операторлардың қызметіне шартты қолжетімділік карталары туралы ақпаратты таратқаны үшін" бұғатталған. Бұл ұйғарым 2023 жылғы 16 маусымда жасалыпты. Заң бұзушыға екі рет ескерту жасалады, сонда да заң бұзуын жалғастырса, бұғатталады. 

Осының алдында, 2023 жылғы сәуірде Sputnik24.tv сияқты ресейлік телеарналарды тарататын жалпы саны 52 порталдың өз аумағындағы жұмысына Эстония да тыйым салып тастады.

Sputnik24 порталы қазақстандықтарға ресейлік телеарналардың кең тізімін ұсынып келген еді. Ақпарат құралдарының мәліметінше, сайт Мәскеудің шетелдегі басты пропагандистік "шоқпары" саналатын Russia Today (RT) медиахолдингіне тиесілі. Бірақ Sputnik24 те, RT да өз сайттарында бұл ақпаратты растамады.

Дегенмен, ресейлік сарапшылардың болжамынша, бұл сайт әлемдегі көптеген елде тыйым салынған, әртүрлі тілдерде ресейлік пропаганданы жаһанға жаятын RT арнасын паш ету үшін құрылыпты.

RT баспасөз қызметі РБК-ға сұхбатында телеарнаның меншігіне Sputnik24.tv порталы кірмейтініне сендірді. Sputnik24.tv пайдаланушылық шартында оның иесі ретінде тек "Айтимедиа Групп" компаниясы көрсетілген. Оның қожайыны және басшысы – Александр Гуров. Оның кім екені белгісіз. Оның үстіне Ресейде Гуровтың атында басқа бірде бір фирма тіркелмеген. Яғни, жалған қожайын болуы да ғажап емес.

Inbusiness.kz сайты осының алдында Қазақстанда пропагандистік "Царьград" телеарнасының сайты бұғатталғанын жазған болатын. Ақпарат министрлігінің дерегінше, ресейлік бұл телеарна Қазақстанға қарсы экстремистік материалдарды таратып отыр. Бұл ретте Қазақстанның сұрауымен ол экстремистік материалдарын алып тастаудан бас тартқан.

Сонда біз: "Царьград" – Қазақстанда ресейлік пропаганданы бұғаттаудың басы ма?" деген басты сауалды қойғанбыз. Бұл жорамал шындыққа айнала бастағандай.   

Мәдениет және ақпарат министрлігі Парламент қарауында жатқан "Масс-медиа туралы" заңының жобасында жақсы жаңашылдық барын мәлім етті.

Егер ол қабылданса, онда республикада "отандық телеарналардың, радиоарналардың апта сайынғы хабар тарату көлемінде шетелдік теле, радиоарналардың бағдарламаларын ретрансляциялаудың жалпы көлемі қазіргі 20%-дан 10%-ға дейін азайтылады".

Яғни, қазақстандық арналар өз кестесіне қосатын ресейлік бағдарламалар, токшоулар, ресейлік өмір салты мен идеологияны насихаттайтын телесериалдар және басқасының саны екі есе кемиді.

Қынжылтатыны сол, Қазақстанда ресейлік өнімдер әлі де болса,  кең сұранысқа ие. Сонымен бірге жүрізілген зерттеулер қазақ тілді контентке деген қызығушылықтың күрт артқанын паш етті. Нәтижесінде, мемлекеттік тілде хабар тарататын арналар рейтингінің басына шықты. Бұрын рейтинг шыңында тек ресейлік арналар немесе солардың өнімдерін ретрансляциялайтын қазақстандық коммерциялық телеарналар ғана тұратын.

"Отандық телеарналар мен радиоарналар эфиріндегі шетелдік телерадиобағдарламаларды ретрансляциялау көлемін 20-дан 10 пайызға дейін азайту – отандық өнімді дамыту, ел үшін қазақ тілінде отандық бірегей контент құру қажеттілігінен туындап отыр. Әйтсе де, қазақстандық телеарналардың аудиториясы қарқынды өсіп келе жатқан тренді тіркелуде", – деп хабарлады министрлік.

2022 жылдың қорытындысында анықталғандай, Қазақстанда азаматтар телеарналарды тәулік ішінде орта есеппен 37,08 миллион рет қараған. Соның ішінде отандық телеарналардың үлесіне 19,8 миллион немесе 53,4% тиесілі. Ал шетелдік, соның ішінде ресейлік арналарды азаматтар – 17,28 млн (46,6%) қараған.  

Сауалнама жүргізу барысында қазақстандықтардың 48%-ы отандық телеарналарда өздерін толық қанағаттандыратын ақпараттық және талдамалық бағдарламалардың жеткілікті санының барын жеткізген.

Ведомство бүкіл әлемде жат пропаганданы тыю үрдісі кең таралғанына назар аудартты.

"Тұтастай алғанда, шетелдік телерадиоарналар мен телерадио бағдарламаларын ретрансляциялау үлесін азайту мәселесі көкейкесті. Себебі, бұл ұлттық ақпараттық кеңістікті шетелдік контент өндіруші мемлекеттің жеке мүдделеріне қызмет ететін нарративтерден қорғауды қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Халықаралық тәжірибеге келетін болсақ, шет елдерде телекоммуникациялық инфрақұрылымды реттеу және жергілікті медиа индустрияны қорғау тұрғысынан отандық контентті қолдау үшін шетелдік арналарды таратуға тыйым салудың тренді үстем болып келеді", – деп мәлім етті Мәдениет және ақпарат министрлігі.

Сонымен қатар, меморган: "Отандық өнім санының жетіспеушілігі отандық ақпараттық айдынды менталитетімізге, болмысымызға жат құндылықтарды өрістетіп, өршітетін шетелдік өнімдер толтырды", – деген қатаң сын қазақстандықтар тарапынан жиі естіле бастағанына екпін түсірді.  

Мұндай сынды Парламент депутаттары да көп жылдан бері айтып жүр. Биылғы қыркүйекте Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай Үкіметтен ресейлік пропагандамен күресті күшейтуді талап етті. Оның айтуынша, Қазақстан азаматтарының бір бөлігі Ресей пропагандасынан әбден зәрезап болды. Екінші бөлігі керісінше, соған елігіп, ереді, есіреді, сөйтіп, Қазақстанның мүддесіне қайшы, тіпті қауіпсіздігіне қатер төндіретін ресейлік идеологияны өздері таратады. Салдарынан "өңірлерде дүркін-дүркін ұлтаралық қақтығыстар туындап" тұрады. 

Әрине, министрліктің біздің арналардың ресейлік өнімдерді ретрансляциялауын қатты шектеуі құптарлық. Мүлдем тыйым салғанда тіпті жақсы болатын еді.  

Осы орайда шектеудің орындалуына бақылау да қатаң болғаны жөн. Әйтпесе, пайдакүнемдікке салынған отандық арналар қазіргі жеңіл талапты да бұзады.

Министрлік заңнама талаптарының сақталуына мониторинг жүргізіп шықты. Оның барысында сарапшылар 19 республикалық, 30 өңірлік телеарналар мен 28 өңірлік радиоарналарды қарады.

Нәтижесінде, 2023 жылдың қаңтар-тамыз айлары аралығында республикалық телеарналар бойынша шамамен 79 873 сағат, өңірлік телеарналар бойынша 88 756 сағат эфир уақыты қаралды. Радиоарналарға қатысты 102 332 сағат эфир көлемі тыңдалды.

Оның қорытындысында, радиоарналарда отандық заңнаманы бұзудың 1 778 дерегі анықталды. Оның ішінде – 9-ы немесе бұзушылықтардың жалпы санының 0,50%-ы – отандық радиоарналарда шетелдік өнімдерді ретрансляциялау үлесінің бұзылуына қатысты болды.

Осы кезеңде мониторинг барысында шетелдік телеарналарды ретрансляциялау үлесіне байланысты бұзушылықтар анықталмапты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу