Қазақстанда шекаралық бақылауды алып тастау ұсынылды

2546

Оның орнына жолаушылар шекарадан паспорттық және биомертриялық деректері негізінде өз бетінше өте алар еді. Бұл үшін "eGates" шекаралық бақылаудың автоматты жүйесі орнатылуы керек. Бірақ мұның қаупі де болуы мүмкін.

Қазақстанда шекаралық бақылауды алып тастау ұсынылды

Цифрландыру мемлекет тіршілігі мен қоғам өмірінің барлық саласына енді. Бұл жөнінен еліміз ТМД кеңістігінде – алдыңғы қатарлы ел. 

"Қазақстанда инфрақұрылым – әлемдегі озығының бірі, өте жоғары деңгейде. Қазақстанның цифрландырылуына келсек, әлдебір болашақтағы заман мұнда қазір орнағандай. Халқы қандай тамаша! Біздің Ресейден соғысқа қарсы болғанымыз үшін кетуге мәжбүрленгенімізді естігенде, аяушылық танытады, көмек қолын созады. Барлық жерде адамдарға адам сияқты қарайды. Тіпті мемлекеттік органдарда да зіркілдемейді, ілтипат білдіріп тұрады. Бізде, Ресейде бұл өте сирек құбылыс", – дейді көрші елдің Түмен қаласынан күйеуімен бірге қоныс аударған релокант Альбина Бондаренко германиялық Deutsche Welle басылымына сұхбатында.

Әрине, цифрландыру саласының кем-кетігі де көп: ол ашық айтылып жүр. Оның үстіне цифр дендей ене алмаған салалар да жетерлік. 

IT-маман, SEO басшы, кәсіпкер Ахмет Албаков шекаралық бақылауда да адамдарды "құлтемірмен" ауыстыруды ұсынды. 

"Бізде шекаралық бақылау жүйесі ескіріп қалды, негізінен, бұрынғы замандағы күйде сақталған. Ал біздің ел – жоғары технологияларды енгізуде аймақтағы көшбасшы саналады. Сондықтан ең озыққа ұмтылғанымызды кіреберістен, яғни әуе қақпасынан бастап көрсетуіміз керек. Қазір әуежайларымызда ұшақ қонса болғаны, паспорттық бақылау алдында ұзын-сонар кезек қалыптасады, жолаушылар біраз уақытын соған сарп етеді. Сондықтан ең болмаса, Қазақстан азаматтары кез келген әуежайымызға рейстермен ұшып келгенде, шекаралық бақылаудың автоматты жүйесін пайдалануға мүмкіндігі болуға тиіс", – деді Ахмет Албаков.

Ай-ти маманның ұсынуынша, бұл жүйеде жолаушылардың паспортын, биометриялық деректерін, соның ішінде, бет-жүзін, көзінің тор қабағын машина "оқып", таниды. 

"Таяуда электронды цифрлық қолтаңба орнына енгізілген Қазақстан азаматтарының QR кодпен қол қоюы технологиясын да осы мақсатта жаратуға болады. Бұл ретте шекаралық бақылау қызметкерлерінің қатысуы қажет болмайды. Ұқсас жүйе сонау 2011 жылдан бері Англияда Еуропалық Одақ елдерінің азаматтары үшін енгізілген", – деді ол. 

Қазақстанда шетелдіктердің биометриялық деректері немесе жеке QR кодтары жоқ. Сол себепті ең болмаса, осы технологияны өз азаматтарымыздың игілігіне жаратуға болады. 

Оның үстіне маманның байламынша, Қазақстан бұл істе кешіге бастағанға ұқсайды. Мысалы, 2022 жылдан бастап, Өзбекстан Самарқан қаласының халықаралық әуежайында E-gates шекаралық бақылаудың автоматты жүйесін енгізді. 

Уикипедияның ағылшын тіліндегі сегментінде "Automated border control system" (ABC) немесе "eGates" шекаралық бақылаудың өзіндік қызмет етуге арналған автоматты тоспалары кем дегенде 34 мемлекетте енгізілгені баяндалған. 

"Бізде ол болмаған соң, шетелден Алматыға ұшып келгенде, көңілсіз көрініске куә боламыз. Қазақстан азаматтары өз еліне енуі үшін, шекаралық бақылау қызметкеріне жетіп, оны өз Отанына қайдан оралғаны туралы хабардар етіп, мөр басқызуы үшін ұзақ кезек күтуге мәжбүр. Шекаралық бақылау қызметкерлері көбінесе, қазақстандықтарға ешқандай сұрақ та қоймайды, тек автоматты түрде паспортты сканерлейді де, мөр қойып, әрі өткізе салады. Бұл осы кезеңде адамның еңбегі қажет етілмейтінін дәлелдейді. Ал соған жеткенше, кейде бір сағатқа дейін кезекте тұруға тура келеді. Бірнеше рейс қатар келсе, одан да ұзауы мүмкін. Туристік және жолаушылар ағыны алда тек арта береді, демек, кезектер де, күтуге кететін уақыт та ұзарады", – деді ақпараттық технологиялар маманы. 

Жалпы, авиарейстердің көптеп келуі кезінде туындайтын кезектер проблемасы дамыған елдердің әуежайларына да тән екеніне, оларда бірнеше сағат бойы кезек күтуге тура келетініне, бұл мәселенің әлі күнге шешілмегеніне журналист ретінде өзіміз де талай куә болдық.

Дегенмен, сервисті жақсарту үшін бұл тәсілді балама ретінде қарастыруға, пилоттық режимде бірер әуежайда енгізуге болса керек.

Әлемде бар үлгілеріне жүгінсек, жолаушылар eGates-та саусақ таңбасын, бет-жүзді немесе көздің мөлдір қабығын сканерлеу арқылы биометриялық верификациялаудан өтеді. Егер паспорттың жалған еместігі расталса және сәйкестендіруден өтетін жолаушының бейнесі ондағы фотосуретке сай келсе, тұлға тексеруден өтті деп саналады да, оның алдындағы қақпа, турникет түріндегі физикалық кедергі ашылады. Егер паспорт иесінің тұлғасы расталмаса, немесе жүйе істен шықса, онда қақпа не турникет ашылмайды, дабыл қосылады да, жолаушыны көші-қон қызметінің қызметкерлері қарсы алады. 

Бұрын кеденде істеген маман Жандос Ермұраттың айтуынша, бұл жүйенің біраз кемшілігі бар. Біріншіден, кейбір елдерде адамдарға жабық будкаға кіруге тура келеді, егер жүйеде ақау болса, немесе ол жолаушыны сәйкестендіре алмаса, аза бойын қаза қылардан дабыл азынап, адам кабинада жабылып қалады. Бұл жағдай, тіпті соның болу мүмкіндігінің өзі біраз азаматтың бойында үрей туғызуы мүмкін. 

"Тіпті дүңгіршек-тұзақ емес, жай турникет болса да, соның өзі ашылмай қалады деген қорқыныш жолаушылардың кейбірінің бойын билеп алуы, фобия туындауы мүмкін. Өйткені адамдардың көбі аяшылық дегенді білмейтін мейірімсіз роботқа, ботқа қарағанда, өзі сияқты тірі адаммен істес болғанды қалайды. Екіншіден, бұл жүйе саланы шекаралық бақылау қызметкерлерінен бәрібір арылта алмайды. Олар жалпы қауіпсіздікті, кезек күту кезінде төтенше оқиғалардың болмауын, идентификациядан бір адамның өтіп, ал ашылған турникеттен мүлдем басқа адамның елге шығып кетпеуін қадағалап тұруы қажет болады", – деп түсіндірді Ж.Ермұрат.

Үшіншіден, шекаралық бақылаудың автоматты жүйесі адамдарды ұлтына қарай кемсітуді қарастырады: дамыған елдердің өзінде одан тек АҚШ, Еуропалық Одақ, Ұлыбритания, Швейцария азаматтарының ғана өтуіне рұқсат етіледі. Түркияда, нақтыласақ, Ыстамбұлдың жаңа әуежайында "Hızlı Pasaport Geçiş Sistemi" жүйесі тек түрік паспорты бар жергілікті тұрғындарды өткізеді. Басқа елдердің азаматтары, басқа ұлт өкілдері көші-қон қызметкерлеріне жүгініп, солардың тексеруінен өткен соң ғана паспортына мөр қойғыза алады. 

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Әсет Тұрысов шекаралық қызметте де цифрландыру қарастырылғанын жеткізді. Бірақ оның үлкен бөлігі құпия болса керек. Оған цифрлық даму ведомствосының азаматтық қызметкерлері араласа алмайды.

"Бізде шекаралық саясатты Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекаралық қызметі жүзеге асырады. Осыған байланысты шекаралық бақылауды жетілдіруге қатысты ұсыныстарды да азаматтар тікелей соған бағыттағаны жөн. Ал өз кезегінде біздің министрлік төл құзыреті шегінде мұндай бастамаларды іске асыруға көмектесуге дайын. QR код арқылы қол қоюға келсек, шынында да біз биыл осы жаңалықты енгіздік. Ол әлдебір құжатқа қол қоюдың қосымша және анағұрлым ыңғайлы тәсілі болады. Онымен қол қою үшін құрылғы eGovMobile ұялы қосымшасында QR кодты оқуы қажет. Бүгінде осы механизм "электронды Үкімет" порталында, Сот кабинетінде және Отбасы банк сайтында қолжетімді", – деді вице-министрі Әсет Тұрысов.

Жалпы, цифрландыру әлем мен әр салада қарышты адымдауын жалғастыруда. Демек, бүгін скепсиспен, күмәндана қабылданған бастамалар болашақта әдеттегі жайтқа айналуы әбден мүмкін. Егер өткен ғасырдың 90 жылында азаттыққа жаңа қол жеткізген Қазақстанда бір сәуегей енді шамалыдан соң азаматтарымыз әмиян орнына телефонмен есеп айырысады десе, оған сонда кім сенер еді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу