Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті бұған дейін 2018 жылдан бастап, "шетелдік көздерден қаржыландырылатын тұлғалардың тізімін" жүргізе бастайтынын жариялаған болатын. Сонда оған ешкім мән бермеді. Оның үстіне бұл – дамыған елдердің, соның ішінде Америка Құрама Штаттарының тәжірибесі.
Шетелден қаржы алып, тапсырыс орындайтын адамдардың тізімін жүргізуге FATF, яғни қылмыстық жолмен алынған лас ақшаны заңдастырумен және лаңкестікті қаржыландырумен күрес саласында әлемдік стандарттарды түзетін үкіметаралық ұйым да кеңес береді.
"Салық кодексіне шет мемлекеттерден, шетелдіктерден, халықаралық және шетелдік ұйымдардан ақша немесе өзге де мүлік алған тұлғалардың мемлекеттік кірістер органдарына есеп беруі туралы талап енгізілді. Мәліметтерді қызметі заң көмегін көрсетуге, қоғамдық пікірді зерделеуге, социологиялық сауалнамаларды жүргізуге бағытталған тұлғалар ұсынады (Салық кодексінің 29-бабының 1-тармағының 1-тармақшасы). 2022 жылы Салық кодексінің 29-бабына түзетулер енгізілді, осыған сәйкес Мемлекеттік кірістер комитеті өз интернет-ресурсында шетелдік көздерден ақша немесе өзге де мүлік алған азаматтардың тізімін жариялайды", – деп хабарлаған еді бұдан бұрын Мемкірістер комитеті.
Осылайша, ісі шетелден қаржыландырылатын тұлғалар есептерін ұсынып болған соң, ел тарихында алғаш рет қазақстандық "иноагенттердің" тізімі ресми жарияланып отыр. Мемкірістер ведомствосының түсіндіруінше, осы тізімдегі адамдардың "Иноагент болғанымды енді біліп, таңғалдым" деуі шындыққа жанаспайды. Олардың өздері уәкілетті органға тиісті есебін ұсынып тұрады.
Онда неге шетелдік қаржыға жұмыс істейтін қазақстандықтар шошынып, шоршып, шу көтеруде?
Жауап белгілі, оларға бұл тізімнің жұртшылыққа жария етілгені ұнамайды. Содан осы тізімді жүргізетін Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті қазақстандық бұл тетіктің ресейлік атышулы "иноагенттерден" қатты ерекшеленетінін түсіндіруге тырысып, шат-шәлекей болуда.
Өйткені қанқұйлы саясат жүргізіп, өткен ғасырдағы тоталитарлық репрессия заманына оралған Мәскеу шетелдік көздерден қаржыландырылатын тұлғалардың төл тізімін қуғын-сүргін құралы ретінде пайдаланып жатыр.
Мысалы, солтүстік көршіде "иноагенттер" реестріне 500-дей ұйым мен жеке тұлға енгізілген және дәстүрлі түрде әр жұма сайын "қара тізім" толығып тұрады. Бұл "атаққа" іліккендер көптеген шектеуге ұшырайды. Оларға мемлекеттен қолдау көрсетуге, мемлекеттік тапсырыстарға, гранттарға, тендерлерге қатысуға тыйым салынған.
newsae.ru
Оларға білім беру, ағартушылық қызметпен айналысуға, мемлекеттік және муниципалды білім беру ұйымарында жұмыс істеуге рұқсат етілмейді. Бұқаралық ісшараларды ұйымдастыруына, сайлау комиссиясының мүшесі болуына және басқасына тыйым қойылған.
Тіпті иноагенттерді жұмысқа алған немесе оның қызметін пайдаланатын жұмыс берушілер мен ұйымдар да қиянат көруі мүмкін. Сондықтан мысалы, университеттер аталған реестрге кірген професор, ғалымдардан бірден бас тартады, өзге компаниялар да иноагент болғандардан ат-тонын ала қашады.
РФ Үкіметі қаулысымен бекітілген қағидаларға сәйкес, иноагенттер ақпарат құралдарындағы, ғаламтордағы, YouTube пен әлеуметтік желідегі, тіпті кітаптардағы өздерінің жарияланымдарын міндетті түрде келесі мазмұндағы ескертпеден (плашка) бастауға тиіс: "Настоящий материал (информация) произведён, распространён и (или) направлен иностранным агентом (аты-жөні немесе ұйым атауы) либо касается деятельности иностранного агента (аты-жөні немесе ұйым атауы)". Егер осының бір әрпін түзетсе, онда таңбаны дұрыс жазбады деп қомақты айыппұл салады, немесе тіпті түрмеге қамауы мүмкін.
stylishbag.ru
Салдарынан Ресейде демократия үшін, немесе Украинадағы қырғын үшін жаны күйіп, ақиқатты айтқаны үшін жазаланған, қара тізімге енген "иноагенттерді" шынымен қаһарман деуге болады. Олар шындық үшін қаншама қиындық пен мехнат көруде.
Мысалы, Ресейде Ярослав облысының "Ярновости" басты басылымы "иноагенттер" тізіліміне енгізілген соң, өз жұмысын толық тоқтататынын жариялады. Өйткені одан қаржылай қолдаушылары, жарнама берушілер теріс айналған. Барлық тілшісі де онымен ары қарай жұмыс істеуді қауіпті санап, кетіп қалған.
Ал Қазақстанда мұның бірде бірі жоқ. Отандық тізілімге енгендер өз жарияланымдарында шетелден алған тапсырысты орындағаны туралы ескертпе-маркировка да жазбайды. Мемлекеттен қолдау алады, түрлі тендерлер мен мемлекеттік ақпараттық тапсырыстарға еркін қатысып, ұтып, оны да орындап жүр.
"Бұл "иноагент" деп мойындалу үшін еңбек сіңіру қажет. Қазіргі кезде бұл журналистикада "Оскармен" бірдей. Ендеше сіз шын мәнінде біздің билікте үрей туғызасыз. Құттықтауымды қабыл алыңыз! Біздің елімізде демократия үстемдік құрғанда сіздің атыңызды халық дауыстап ұрандата айтатын болады!", – деп жазыпты Қазақстанда "шетелдік көздерден қаржыландырылатын тұлғалардың тізіміне" енген белгілі журналистке оқырманының бірі.
Қуанышымызға орай, Қазақстанда бұл тізімге кіру үшін қудаланған адам болудың қажеті жоқ. Тек шетелден тапсырыс алып, елімізде заң көмегін көрсетсеңіз, сауалнама жүргізсеңіз жетіп жатыр.
Шулаушылар шектен шығып, Қазақстанның бұл заңды талабына бола, халықаралық құқық қорғау ұйымдарын шулатып, ел беделіне нұқсан келтіре бастаған соң, құзырлы орган кезекті рет түсініктеме берді.
Мемлекеттік кірістер комитеті бұл талаптың Қылмыстық кодексте немесе басқасында емес, тек Салық кодексінде ғана көзделгенін, тиісінше ол салық салуға ғана қатысты екенін нықтады. Қарапайым тілмен айтқанда, шет мемлекеттерден және шетелдік ұйымдардан "Қазақстанда заң көмегін көрсетуге, қоғамдық пікірді зерттеуге, әлеуметтік сауалнамаларды жүргізуге" ақша алсаңыз, одан салық төлеңіз. Сонымен болды.
Ал жұмысы шетелден қаржыландыратындардың тізімінің халыққа ашық жариялануы – жариялылық пен демократияның белгісі. Оның үстіне заң талабы. Салық кодексінің 29-бабында Мемлекеттік кірістер комитеті өзінің интернет-ресурсында шетелдік көздерден ақша немесе өзге де мүлік алған тұлғалардың тізілімін жариялайтыны бекітілді.
"Бұл түзету тек мемлекетке ғана емес, үкіметтік емес ұйымдарға да азаматтардың сенімі деңгейін арттыруға бағытталған. Аталған нормаларды іске асыру мақсатында Қаржы министрлігі тиісті қағидаларды бекітті. Ол бойынша тізілімде шетелдік көздерден ақша немесе өзге де мүлік алған тұлғалардың аты мен сәйкестендіру нөмірі (БСН/ЖСН) көрсетіледі. Салық кодексінің 30-бабына сәйкес салық төлеушінің атауы мен сәйкестендіру нөмірі салықтық құпия болып табылмайды", – деп түсіндірді Мемкірістер комитеті.
Дауға ақпарат құралдарына қатысы бар адамдар тартылған соң Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева да түсініктеме берді. Ол да әңгіме тек салық жинау жөнінде болып отырғанына екпін түсірді.
"Қаржы министрлігінің осындай тізім жасағаны рас. Алайда біз бір нәрсені түсінуіміз керек. Бұл жерде заң жүзінде бекітілген нақты талаптар бар. Яғни, Қазақстанда ресми түрде тіркелген және жұмыс жасайтын барлық қоғамдық ұйымдар өз қаржылық есептерін еліміздің салық органдарына, ал қызмет туралы мәліметтерді – Мәдениет және ақпарат министрлігінің азаматтық қоғам істері комитетіне тиесілі Үкіметтік емес ұйымдардың дерекқорына ұсынады. Бұл әлемнің барлық елінде қолданыста бар механизм. Сол шетелдік гранттар АҚШ-тың өзінде үш қағидаға негізделген. Яғни, кез келген қаржылық операция ашық, адал және бәсекеге негізделуі керек. Біздің мысалдағы ҮЕҰ-лардың дерекқоры қоғамдық бірлестіктің жұмысының ашықтығын қамтамасыз етіп, қоғамға ол туралы хабардар қылады. Сонымен қатар конкурстық негізде мемлекеттік қаржыландыруға қол жеткізуге мүмкіндік береді", – деді Аида Балаева.
akorda.kz
Министр заңға бағынатын қоғамда шетелден қаржы алып, елімізде жобаларды жүзеге асыратын кез келген ұйым мен тұлға заң талаптарын сақтауға міндетті екенін еске салды.
"Сондықтан Қаржы министрлігінің бұл шешімі заң талабына сай келеді. Бұл жерде аталған жаңашылдықты Ресейдегі иноагенттер туралы заңмен салыстырып, ұқсастық іздеудің қажеті жоқ. Өйткені әңгіме тек салық төлеу туралы екенін ұмытпауымыз керек", – деді ақпарат министрі Аида Балаева.
Қазақстандық "иноагенттер" тізіміне Динара Егеубаева, Айнур Коскина, "MediaNet" халықаралых журналистика орталығы, "Әділ сөз" халықаралық қоры, Internews Kazakhstan, Қазақстанның адам құқығы мен заңды сақтау жөніндегі халықаралық бюросы, "International Paradigm of Human Rights", "Tilshi", "Дәріс-2016", "БлагоДарую", "Амелия" және басқа ақпарат құралдарының жекелеген өкілдері, қоғам қайраткерлері, үкіметтік емес ұйымдар кірді. Олардың кейбірі Батыстан, біразы Ресейден қаржыландырылады.
Қазақстандық "иноагенттер" тізіміне, ресми тілде: "Жариялануға жататын шетел мемлекеттерден, халықаралық және шетелдік ұйымдардан, шетелдіктерден, азаматтығы жоқ адамдардан ақша және (немесе) өзге де мүлік алатын адамдардың тізіліміне" жалпы саны 240 ұйым мен тұлға енді.