Қазақстанда сүт зауыттары тоқтай бастады

5318

Ал Қазақстанның Сүт одағы Ауыл шаруашылығы министрлігінен жаңа сүт өңдеуші зауыттарға мемлекеттік қолдау көрсетпеуді қиыла сұрады. Мұның мәнісі неде? Мемлекеттің қаржысын қызғанғаны ма?

Қазақстанда сүт зауыттары тоқтай бастады

Елде сүт өңдеп, оны қаптаумен және сүттен түрлі өнімдер өндірумен айналысатын кәсіпорындар дағдарысқа тап болды. Оның бір мәнісін "Солнечный" сүт зауыты" ЖШС-нің директоры Лариса Магай айтып берді. Ол осының алдында Алматы қаласының кәсіпкерлік басқармасында болып, қалыптасқан жағдайды баяндапты. Алайда салмақты шешім табылмай тұр деп қапаланады. Бұл зауыттың проблемалары саладағы ойыншылардың көбіне тән деуге болады. 

"Қазіргі уақытта біздің зауыт қызметін уақытша доғаруға мәжбүр. Өйткені қарызға батты. Салдарынан, банктер есепшоттарымызды бұғаттап, қарызды өндірту амалдарына кірісті. Біз әлденеше рет банкке жүгініп, борышты қайта құрылымдауды сұрадық. Осының арқасында кәсіпорынды дағдарысты жағдайдан алып шығып, қайтадан даму жолына түсіруге болатын еді. Бірақ банктер түсіністікпен қараудан бас тартып отыр. Компаниямыздың өндірісті толыққанды жандандыру, сүт өнімдерінің экспортын дамыту жоспары бар. Өнімдеріміз Ресейде де кең сұранысқа ие еді", – дейді Л.Магай.

Зауыт бір емес, бірнеше (РБК, Еуразиялық, Jusan) банктердегі қарызын қайта құрылымдауға зәру. Егер оған қол жеткізе алмаса, 933 маманы далада қалуы мүмкін. Жұмыскерлері жұмысқа шықпай, билік органдарына шағымданып, ереуіл ұйымдастыра бастапты. Салықты төлеуде де қиындық туындаған. Зауыт төлейтін салық көлемі 2018 жылғы 223,3 млн теңгеден 2021 жылы 335,1 миллионға дейін артқан. Егер қалыпты жұмыс істегенде, 2022 жылы бюджетке 480 миллион теңге салық аудармақ болған. Әзірге кәсіпорынның ахуалы әрі қарай нашарлап бара жатқан көрінеді. Жағдайды қарыздың бір бөлігін өтеуге бағытталған 800 млн теңге де түзей алмапты. Кәсіпорын бұған дейін қаладағы ірі бизнес қатарында саналған.

Маманның түсіндіруінше, жағдайды пандемия, содан соң қаңтар оқиғалары күрделендірген. Сондай-ақ Украинадағы соғыс және одан кейін енгізілген батыстық санкциялар салаға жойқын соққы берген.

"Бұл күйзелісті жағдай зауытты жүрелетіп кетті. Қаңтардағы оқиғалар және төтенше жағдай жариялануына байланысты қаражат тапшылығы туындады. Біз оны банктерде ашылған кредиттік желілер арқылы жоюдан үміттенгенбіз. Сонда өндірісті еселеп арттырсақ, табыс та үстемеленеді ғой. Алайда наурызда валюта бағамы күрт өсіп, 510 доллардан асты да, банк кредиттік желіні жауып тастады. Бұл бизнесмендердің қаржылық ахуалын нашарлатты. Қазір бүкіл әлемге азық-түлік тапшылығы, аштық төніп тұр деген болжамдар бар. Әрбір ел шама-шарқына қарай өз әлеуетін толыққанды жүзеге асырып, отандық өндірушілерін қолдап, импорт алмастырып жатыр. Ал Қазақстанда тіпті қаптама материалдары да жоқ. Оны және сүт өнімдерін өндіруге қажетті кейбір шикізатты Ресейден, Беларусьтен алғызатынбыз", – дейді зауыт басшысы.

Қазір бұл елдердің өзінде қаптама қат. 

Өз кезегінде Алматы қаласының кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы "Агроөнеркәсіптік кешенін дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба" аясында биылғы жылдың бірінші тоқсанында "Солнечный" сүт зауытына 1,4 млн теңге көлемінде мемлекеттік қолдау көрсетілгенін алға тартты. Бұл 2020-2021 жылдары АӨК субъектілері несиелерінің сыйақы ставкаларын субсидиялау келісімшарттары аясында төленіпті.

Осы орайда Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнерксіптік кешенді субсидиялау жүйесіне түзетулер әзірлеп шықты. Бүгінде ведомство ұсыныстарын бизнес талқыға салуда. Бұл ретте Сүт одағы жаңа сүт зауыттарын субсидиялауға қарсы шығып отыр. Бір жағынан ол субсидиялау нормативтерін қайта қарап, қаржыны арттыруды сұрайды. Екінші жағынан қауымдастық жаңа өңдеуші зауыттарды қолдауды орынсыз деп санайды, себебі қолданыстағы кәсіпорындардың үлкен бөлігі жартылай ғана жүктеліпті.

"Елімізде сүт өңдейтін 130-дан астам кәсіпорын тіркелген. Бірақ қазіргі кезде кейбірі мүлдем жұмыс істемейді. Қалғанының айтарлықтай бөлігі 50%-ға да жүктелмеген. Республикада сүт өңдеуде басыартық қуаттылық бар. Онда субсидиялаудың қажеті не? Сүт өңдеушілер бағдарламадағы бұл бағытты қаржыландыруды қысқартып, босаған қаражатты құрал-жабдық сатып алуға арналған субсидияны арттыруға бағдарлау керек деп есептейді. Олар қымбаттауда. Жабдықты субсидиялау сомасын валюта бағамын және инфляцияны ескере отырып, 50%-ға ұлғайтқан жөн", – деді Сүт одағының оңтүстік өңір бойынша өкілі Дінмұхамед Айсауытов.

Ауыл шаруашылығы министрлігі сүтті субсидиялау тетігін республикалық деңгейден өңірлерге беруді ұсынып отыр. Меморган жобасында механикалық сиыр сауу құрылғысы бар барлық өңдеушілерге 1 литр сүт үшін 20 теңгеден, ал кем дегенде 600 бас сиыры бар сүт кешеніне ие өңдеушілерге 1 литрі үшін 45 теңгеден қайтарымсыз субсидия беру ұсынылып отыр.  

АШМ қосымша 100 миллиард теңге бөліп, оның 30%-ын инвестициялық субсидиялауға, 70%-ын – Аграрлық несие корпорациясының жарғылық капиталын толықтыруға жұмсауды жоспарлады. Бұл қаражат сүт тапсыратын фермерлерге жаңа бағдарлама аясында 15 жылға, жылдық 3% сыйақы ставкасымен арзан кредит ретінде таратылады деп күтілуде.

Үкіметтің ұсыныстары және жаңа қағида жобасы өндірушілердің сын-ескертпелері негізінде пысықталмақ. 

Әзірге санкциялық қыспаққа қарамастан, қазақстандық сөрелерді сүт өнімдерімен – йогурттармен, қоюлатылған сүтпен, балмұздақпен және басқасымен Ресей және Беларусь толтыруын жалғастырды.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу