Қазақстанда тағы бір таңғажайып туристік нысан табылды

38018

Өз шұңқырымыз тұрғанда өзгенің шұңқыры неге таңсық?  

Қазақстанда тағы бір таңғажайып туристік нысан табылды

АҚШ – Аризонадағы "Бэрринджерімен" (The Barringer), Германия – "Штайнхаймымен" (Das Steinheimer), Аустралия – "Хенбериімен" (Henbury), Мексика – Юкатандағы "Чиксулубымен", ал орыстар – "Тунгусымен" мақтанады. Зуылдап кеп құлаған метеориттерден қалған осы қазаншұңқырларды тамашалауға жыл сайын миллиондаған турист барады. Ал Қазақстанда да одан еш қалыспайтын кратер барын әлем түгіл қазақстандықтардың өзі білмейді.

Энциклопедияларға сенсек, осыдан шамамен 53 миллион жыл Ұлы далаға көктен метеорит (кейбір деректер бойынша астероид) құлады. Ғарыш денесінің ауқымы жарты шақырымдай болған. Оның ғаламат жылдамдықпен ауаны тіле, гүрс етіп құлағаны сонша, айналасындағы температура Цельсий бойынша 1700 градусқа дейін қызып кетіпті. Аспан тасы 1 шақырым тереңдікке дейін сүңгіген.

Оны Ұлы дала тайпалары кейін "Жаманшың" деп атап кетеді. Энциклопедияларда "Жаманшин" деп көрсетілген. Кеңес тұсында оны зерттеуге бірнеше рет ғалымдар тобы аттандырылды. Мысалы, 1937–1939 жылдары оны геолог ғалымдар А.Яншин мен В.Вахрамеев зерделеді. Келесі зерттеулер 1946, 1957, 1961 және 1963 жылдары жүрді. Мәскеулік профессор Павел Флоренский 1975–1976 жылдары кратер орнынан алынған топырақ сынамаларын ұзақ жылғы зерттеулерден кейін бұл жерге метеорит құлаған деген байламға келді. Ал аспан денесінің құлауынан пайда болған бірегей жыныс түрлеріне "иргизит" және "жаманшинит" деген жаңа атау берді.

Айта кету керек, кеңес тұсында ресейліктер "Жаманшың" орнынан тасыңан қара-қошқыл түсті, жылтыр әрі дөңгелек тастар "емдік қасиеті бар шар" ретінде сатылады. Интернетте оның бір данасының құны 1 миллион теңгеге дейін барады. Осыған қызыққан "қара археологтар" Ресейден әлі күнге ағылып келуде.

Алайда Қазақстанның "Жаманшың" кратері туралы халықаралық қоғамдастық біле бермейді. Оны насихаттап, туристік нысанға айналдыруға біздің билік асықпайды. Осы кезде қазақстандықтар ғарыштан келген "қонақ" қалдырған қазаншұңқырларды тамашалау үшін Америка, Мексика, Ресейге саяхаттап жүр.

Заңгер Мөлдір Байкомурова осы нысанға Үкіметтің назарын аудартты. Ол мемлекеттен Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында орналасқан "Жаманшың" метеорит кратерін мемлекеттік қорғауға алуды ұсынды.

"Жаманшың кратері осыдан миллиондаған жыл бұрын метеориттің құлауынан пайда болған. Ол еліміздегі құндылығы жоғары геологиялық бірегей орын. Қазіргі таңда бұл жер ешбір қорғаусыз күйде жатыр. Осыны пайдаланып, Ресей және таяу шетелдің геологтары, астрономдары, археологтары келіп, оның ашық-шашық жатқан қазынасын бірнеше жылдан бері өз білгенінше мақсаттарына жаратуда. Бұл жер олардың сүйікті зерттеу мекеніне айналған. Метеориттің соқтығысуынан жер бетіне шығып қалған құнды жәдігер-артефакттарды адамдар Ресейге үнемі тасып жатады. Ресей зерттеушілері бұл жерге турист ретінде сапарлап келеді де, осында қалып, айлап қонып, қазба жұмыстарын жүргізеді", – деп көрген-білгенін жеткізді ол.

Бұған дәлелді алыстан іздеудің қажеті жоқ. "Қара археологтардың" және олардың ізбасарларының YouTube арналары "Жаманшыңнан" әкетілген қазыналар туралы бейнероликтерге толып тұр. Олардың тірлігі жайын жергілікті тұрғындар да егжей-тегжейлі айтып, куәлік ете алады.

"Сізден сұрайтыным: "Жаманшин" (Жаман жер) метеорит кратерін мемлекеттік қорғауға алуды ұйымдастырсаңыз. Өз еліміздің геологтарын осы жерді зерттеуге жұмылдыруды қолға алсаңыз деймін. Жаманшың метеорит кратерінің орналасқан жерін білмесеңіздер, оны "Яндекс" картадан табуға болады", – деді Мөлдір Байкомурова экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевке хатында.

Бұл мәселе бойынша экология вице-министрі Серікқали Брекешев түсініктеме берді. 

Ол кратер туралы білетінін, қолдарында тиісті зерттеу қорытындылары барын білдірді. Мысалы, учаскенің геологиялық зерттеуі – А.М.Есеналиновтың, Г.М.Яруллиннің, В.Г.Коряговскийдің "Жамашин құрылымындағы КМПВ сейсмикалық барлау жұмыстарының нәтижелері туралы" есебінде, сондай-ақ Я.Й.Бойконың, В.П.Дятковскийдің "Жаманшин кратерінің геологиясы мен құрылымы" еңбегінде, А.К.Волошконың "Жаманшин құрылымдарындағы гравибарлау және магниттік барлау жұмыстарының нәтижелері туралы" баяндамасында және басқа да есептерінде сипатталған екен.

"Жаманшың кратері Ақтөбе облысының Ырғыз ауданына метеорит құлауы нәтижесінде пайда болған. Қазақстан Үкіметінің 2006 жылғы 28 қыркүйектегі "Республикалық маңызы бар мемлекеттік табиғи-қорық қоры объектілерінің тізбесін бекіту туралы" №932 қаулысына сәйкес Жаманшың шатқалындағы метеориттік кратер ерекше экологиялық, ғылыми, тарихи-мәдени және рекреациялық құндылығы бар жер қойнауы учаскелеріне жатады", – деді вице-министр Серікқали Брекешев.

Әзірге министрліктің ол жақта қандай да бір зерттеу жүргізуге қатысты жоспары жоқ. Мәдениет және спорт министрлігі де оны туристік нысан қатарына қосуға ниет танытпауда. Соған қарағанда қазақтың кратері қорғаусыз қалып, жасырын тонала беретінге ұқсайды.

Негізі, біздің Үкіметтің ол жаққа назарын әлдебір ғажайып қана аудара алатын түрі бар. Мысалы, ғарыштан дәл сол жерге екінші рет метеорит құлауы керек сияқты. Әйтпесе, "Жаманшыңды" қорғауға алу керектігін былтыр бір топ Мәжіліс депутаты көтерген-тін. Олар Үкімет басшысы Асқар Маминнен осынау бірегей нысанды сақтап қалу үшін оған "геопарк" мәртебесін беруді сұрады. Сонда ол Қазақстанның жаңа туристік "інжу-маржанына" айнала алар еді. Өйткені еш жерде жарнамаланбағанына қарамастан, Жапония, Канада және Франциядан зерттеушілер келіп қайтқан. Оның үстіне қасынан "Ақтөбе–Ырғыз" жаңа трассасы өтеді. Алайда депсауалда көтерілген мәселелер аяқсыз қалды.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу