Ақтаулық тасымалдаушылар тарифті көтеруді ұсынды

Елена Калинина Елена Калинина
3177

Олар жол жүру ақысын 80 теңгеге дейін қымбаттату қажеттігін алға тартты.

Ақтаулық тасымалдаушылар тарифті көтеруді ұсынды

Жаңаөзен қаласында өздерінің жеке меншік ҚазГӨЗ-і бола тұра Маңғыстауда жыл сайын отынға қатысты проблема туындайды. Отын бағасы үнемі өседі, ал тарифтің құны қаз-қалпында қалады. Тасымалдаушылардың айтуынша, Қазақстандағы ең төменгі тариф осы өңірде.

Желтоқсан айының соңында қалааралық бағдарда жүретін автобус жүргізушілері ереуілге шыққан. Сол кезде  тарифке қатысты мәселе 10 қаңтар күні шешіледі делінген. Алайда тарифке өзгеріс енгізілген жоқ. Қазір Ақтауда ересек жолаушылар үшін жол жүру ақысы 50, балалар үшін 25 теңгені құрайды. Ал тасымалдаушылар жол ақысын 80 теңгеге дейін қымбаттатуды ұсынып отыр.

Облыстағы жағдай барлық қалалар бойынша бірдей. Облыс ішіндегі, қаларалық және ақтаулық тасымалдаушылардың айтар уәжі бірдей. Осылардың ішінде ақтаулық тасымалдаушылар өздерінің жағдайын басқаларға қарағанда мүшкіл деп есептейді. Жолаушылар ағыны шамамен 25-30 мың адамды құрайтын Ақтау қаласында алты қозғалыс бағдары бар. Бұл бағдарларға үш кәсіпорын қызмет көрсетеді, оның екеуінің иесі бір адам.

"2015 жылдың 11 тамызында тариф ересек адамдар үшін 35 теңгеден 50 теңгеге көтерілген, балалар бұрын 15 теңге төлеген, енді 25 теңге төлейді. Алайда соңғы девальвация барлық табысты "жеп" қойды. Барлығы қымбаттап кетті. Мысалы, 2012 жылы семейлік кәсіпорындағы "ДЭУ" автобусы 11 млн теңге тұрған, қазір оның бағасы 35 млн теңге, ал бір-екі млн-ға ғана алуға болатын "ПАЗ" автобустарын қазір 10 млн-нан төмен бағаға ала алмайсың. Жанар-жағармайдың да бағасы қымбаттап кетті. Осының барлығы біздің бас ауруымызға айналды", – деді "Айна" ЖШС директоры (Ақтаудағы ең сұранысқа ие №3 бағдар) Набидулла Айғарақов.

2016 жылы экономика министрлігінің бұйрығына сәйкес, Маңғыстау облысының барлық көлікке газ құю станциялары үшін газдың шектік рұқсат етілген бөлшектік бағасының бір литрі 35 теңге, ал Бейнеу ауданында бір литрі 45 теңге болған. Сол кезде бұл тариф 2017 жылы ұзартылады деп жоспарланған болатын. Алайда 2017 жылдың 1 шілдесінде үкімет өңірдегі ең ірі газоператоры – "ҚазМұнайГаз Өнімдері" ЖШС-ның жаңа бағасын  бекітетіні туралы хабарлады.

"ҚазМұнайГаз Өнімдері" ЖШС-ның автокөліктерге жанармай құю станциясында газдың бір литрі 53 теңге тұрады. Бірақ ол жерде кезек күтіп тұруың керек. Сол себепті жекеменшік жанармай құю станцияларына баруға тура келеді, ал олардың бағасы қымбат. Жазғы солярканың бір литрі –155 теңгеден сатылуда, қысқы солярканың бағасы өте қымбат – 219 теңге. Жүргізушілер автобустарға дизельді 115 теңгеден сатып алады, сондай-ақ қоспа пайдаланады. Табыс көріп отырғанымыз жоқ, тек шығынға батудамыз. Өйткені жанар-жағармай мен қосалақы бөлшектердің бағасы өсіп барады", – дейді "Жолаушы Ақтау" ЖШС директоры Руслан Ахметнабиев.

Осы арада желтоқсан айында Ақтау-Жаңаөзен бағытына жұмысқа шықпай қалған "Керуен-Куддус" ЖШС бағдарының 63 жүргізушісі тап осы жайтты айтқанын атап кету керек.

"Үш жыл бұрын осы бағыт бойынша жолаушы тасымалдауға конкурс өткен кезде газдың бағасы 25 теңге болған, қазір 55 теңге тұрады. Ал тариф бұрынғыша қалып отыр. Біз  тек шығын ғана көріп отырмыз. Жанар-жағармай, қосалқы бөлшек бағасы ай сайын өседі. Сонымен қатар техникалық қызмет көрсету бағасы артып, жаңа көліктердің құны жоғары және автостанциялардағы орын-жайды жалға алу бағасы да өсті", – деп отыр жүргізушілер.

Ал ақтаулық тасымалдаушылар мүлдем басқа мәселені алға тартты.

"Ақтауда жолаушылар автокөлігінде тегін жүру құқы бар азаматтардың 10 категориясы бар, ал еліміздің басқа қалаларында мұндай категория бесеу ғана. Мысалы, екінші топтағымүгедектерге облыстық бағытта жүретін автобустар тегін қызмет көрсетпейді, ал біздегі жеңілдік берілген адамдар тізімінде (тегін жүру құқы бар  адамдардың жалпы тізімі) олар бар. Әкімдіктің мәліметі бойынша, бұл 1700 адам. Отбасылық типтегі балалар ауылының қызметкерлері мен тәрбиеленушілерін тегін тасимыз. Ал әкімдіктен бұған ешқандай субсидия жоқ", – деді Руслан Ахметнабиев.

Оның айтуынша, тасымалдаушылар бұған дейін айтылған уағдаластықты орындауға тырысуда, бірақ оларға автопаркті жаңартатын ақша жоқ.

"2015 жылы "БТА Банк" 10 автобус алуға 53 млн теңгені мақұлдаған болатын. Девальвациядан кейін бұл қаражат екі автобусқа да жетпей қалды. Егер тариф көтерілмесе, онда бұл жағдайдан тек метан құю станцияларын салу арқылы ғана шығуға болады. "Каспий" ӘКК-пен метанмен жүретін 10 жаңа автобус сатып алу туралы  меморандумға қол қойдық. Бұл – 350 млн теңге қаражат. Автопаркті жаңартуға мұны 2018-2019 жылы жылдық алты пайызбен алуымыз мүмкін. Бірақ бұл үшін осындай екі станция салу керек. Біз үшін бұл тығырықтан шығатын жол, өйткені метан газға қарағанда арзан. Бағдарлардың тиімділігі екі есе артатын болады", – деп атап кетті Руслан Ахметнабиев.

Осы орайда Ақтау қаласының жолаушылар көлігі және көлік жолдары бөлімінің басшылығы да қол қусырып қарап отыр деуге келмейді.

"2015 жылы KazInterSoft компаниясымен келісімшарт жасадық. Осының нәтижесінде барлық 60 қалалық автобусқа GPS-мониторинг жүйесін орнатып, автобустардың саны, жүру бағдары, автобустар арасындағы интервал және тағы басқалары онлайн режимде бақыланатын болды. Қала тұрғындарының Infobus деген ыңғайлы қосымшаға қолдары жетті. 2017 жылдың көктемінде сынақтан өткізу үшін жаңа үш бағдарды қостық. Бірақ олардың жұмысы өзін ақтамады, тендерге қатысуға ынта білдіргендер болмады", – деді бөлім басшысы Жетібай Құбашев.

Жергілікті билік сұйытылған газ бағасына қатысты мәселені де қарастырды. Нәтижесінде "ҚазМұнайГаз Өнімдері" ЖШС автогазқұю станцияларындағы газдың бір литрі 53 теңге болып тұрған тариф пен жекеменшік станциялардағы 55 теңгелік баға Қазақстан бойынша ең төмен баға екенін анықтады.  

"Ақтау қаласы бойынша жол жүру ақысы бұрынғыша қалады", – деп қорытты сөзін Жетібай Құбашев.

Гүлназ Ермағанбетова, Елена Калинина

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу