Даудың басы қосымша құн салығы мен корпоративтік табыс салығынан басталды. Мемлекеттік кірістер департаменті облыс орталығындағы алты ірі тасымалдаушыдан қазынаға 4,5 млрд теңге төлеуді талап етіп отыр. Соңғы бес жылда "РОСТ", "Вебас", "Возка" сияқты бірнеше компания қосымша құн салығы мен корпоративтік табыс салығынан жалтарған.
Бұған қатысты тасымалдаушылардың өз уәжі бар. Автопарк иелері мелекеттен тендер ұтқанымен, тапсырысты жеке автобус иелеріне орындатып отыр. Ал олар осы кәсіптен тапқан табысының бір бөлігін салық ретінде кешіктірмей төлеп жүр. Автопарк иелері бір қызметке екі рет салық салу орынсыз деп санайды.
Бұл дауда облыстық кәсіпкерлер палатасы тасымалдаушылардың сөзін сөйлеуде.
"Қазақстан бойынша қоғамдық көлік иелерінің барлығы жеңілдетілген тәртіп бойынша жұмыс істейді. Бұл жол жүру ақысының қымбаттауын тежеуге бағытталған шара. Егер осы салықты автопарк иелері де төлеуге міндеттелсе, жол жүру ақысы қазіргіден 20 теңгеге қымбаттайды. Мемлекеттік кіріс саласының өкілдері салықтың бұл түрін жергілікті бюджет есебінен субсидиялауды ұсынуда. Ондай шығын қала бюджетіне ауыр тиеді. Сондықтан салық жеке автобус немесе автопарк иелеріне ғана салынуға тиіс. Екеуіне де салық салынатын болса, қарапайым халық зардап шегеді", – деді палата директоры Игорь Шацкий.
Мамандардың айтуынша Ресей, Беларусь сияқты одақтастарымыз автопарк иелерін қосымша құн салығынан әлдеқашан босатқан. Кәсіпкерлер құқығын қорғау кеңесінің төрайымы Галина Казанцева салық кодексінің жаңа нұсқасына қосымша осындай бап енгізді ұсынды.
"Мәселенің басын ашып алу керек. Автопарктерді қосымша құн салығынан босатпасақ, олар жаппай банкротқа ұшырайды. Бұлай болмаған күннің өзінде салықтың салмағы жолақысына тікелей әсер етіп, қазіргі 65-90 теңгеден 120-170 теңгеге дейін көтерілуі керек. Жергілікті әкімдік автпопарктерге үнемі автобустарды жаңарту туралы талап қояды. Осының өзі үлкен қысым. Бұған салықтың әлегі қосылса, жығылған үстіне жұдырық болады", – деді Галина Казанцева.
Қазір қаладағы 16 автопарктің алтауына санкция салынған. Талап етілген 4,5 млрд теңге бюджетке түспесе, олардың шоттары бұғатталуы мүмкін. Осының салдарынан қоғамдық көлік қатынасы тығырыққа тірелуі мүмкін.
Игорь Шацкийдің айтуынша, өңірдің өзге қалаларындағы автопарктер әлі мұндай тексеруден өтпеген. Яғни өскемендік тасымалдаушылардың қазіргі жағдайы олардың да басына түсуі ғажап емес.
"Соңғы жылдары әкімдіктің талабы бойынша 58 жаңа автобус сатып алдық. Бұған қыруар қаржы кетті. Енді 5 жыл талап етілмеген салықты төлеуді талап етіп отыр. Олардың сұрап отырғанын біздің қосалқы мердігерлер төлеп отыр. Сонда бір қызметтен екі рет салық алмақшы ма? Мәселенің ақ-қарасын анықтау үшін автопарк иелерімен бірлесіп, құзырлы органдарға шағымданбақпыз", – дейді "Возка" ЖШС директоры Қанат Қалелов.
Қазір бұл мәселе бас прокуратураның бақылауына өткен. Автопарк иелерінің ендігі үміті Астанада.
Дәл осындай мәселе трамвай паркінің басына да бұлт үйіріп тұр. Аталмыш паркте соңғы бес жылда қазір сұралып отырған салықты төлемеген. Төленуге тиісті ақшаны трамвай паркінің орнына жеке трамвай иелері өтеп келген. 2013 жылы қалалық салық басқармасы осы қайшылықты анықтап, артынша трамвай паркіне қатысты әкімшілік шара қолданған екен. Қазір трамвай паркінің шоттары бұғаттаулы.
Трамвай қатынасының монополисі "Шығысэнерготрейд" компаниясына электр қуатының ақысын да кешіктіріп төлеп келеді. Осының салдарынан тұрғындар арасында "трамвай тоқтайды екен" деген ақпарат желдей есіп жүр.
"Шотымыз бұғаттаулы болғандықтан қаржылық операция жасай алмай отырмыз. Еншіміздегі трамвайлардың барлығы ескірген. Соны жаңарту үшін екі банктен инвестициялық несие алып, 25 жаңа вагон әкелмекші болғанбыз. Банктер жобаны мақұлдағанымен, бұғаттағы шот әрекет етуге мүмкіндік бермей отыр", – дейді парк директоры Анатолий Успенский.
Ал қала әкімі Қуат Тұмабаев трамвай қозғалысын тұрақты әрі сенімді жолға салу үшін паркті жекеменшіктен әкімдік балансына өткізу қажет деп есептейді.
"Трамвай паркі банкке 40 млн теңге, "Шығысэнерготрейд" ЖШС-ға 70 млн теңге, мемлекеттік кірістер басқармасына 100 млн теңге қарыз. Осының салдарынан электр энергиясын ұсынушы компания тоқ беруді тоқтатпақшы болды. Келіссөз нәтижесінде компания басшылығын райынан қайтарып, қарыз төлеудің парк үшін икемді кестесін бекіткенбіз. Ол кесте де қағаз жүзінде қалып отыр. Қаңтар айының соңына қарай "Шығысэнерготрейд" трамвай қозғалысын тоқтатса, қызмет көрсетпей қалған маршруттардың орнына қосымша автобус шығарамыз. Жалпы трамвай паркін бастан-аяқ жаңарту қажет. Вагондардан бөлек, электр сымдары мен бағаналардың әбден тозығы жеткен. Бұлай жалғаса берсе трамвай паркі сатуға қойылуы мүмкін. Ондай жағдайда паркті муниципалды кәсіпорынға айналдырамыз. Германиядан жаңа вагон әкеліп, заман талабына сай тасымал ұйымдастыруға қадам жасаймыз", – деді Қуат Тұмабаев.
Қала әкімінің айтуынша, мемлекеттік кірістер департаментінің талабымен келіспеген Анатолий Успенский жоғары сотқа жүгінген. Құзырлы орган кәсіпкердің шағымын орынсыз деп тауып, мемлекеттік кірістер департаментінің пайдасына шешім шығарған.
Есімжан Нақтыбайұлы