Қырғызстан тауарлары қосымша құн салығынсыз кіріп жатыр

4184

Марат Сұлтанғазиев Қырғызстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына Қазақстанның үстінен шағымдануына қатысты пікір білдірді.  

Қырғызстан тауарлары қосымша құн салығынсыз кіріп жатыр

Еуразия экономикалық одағының аясында елімізге Қырғызстаннан кіретін тауарлардың басым бөлігі ішкі қосымша құн салығынсыз өтіп жатыр. Бұл заңсыздық бауырлас екі елдің шенеуніктерін шекістіріп қана қоймай, Дүниежүзілік сауда ұйымынан төрелік сұрауға дейін жеткізген болатын. Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Марат Сұлтанғазиев осы мәселеге қатысты пікір білдірді.

"Қырғыстанмен бір экономикалық кеңістікте екеніміз белгілі. Екі ел арасында фитосанитарлық және басқа да  кедендік бақылау жоқ. Кедендік бақылаудың бәрі одаққа мүше елдердің сыртқы шекара периметріне көшірілген. Бірақ одақтас елдердің ішінде саудаға ішкі қосымша құн салығы салынады. Яғни, ЕАЭО тауарларына бөлек қосымша құн салығы бар деген сөз. Мұндай қосымша құн салығы импортқа да салынады. Бірақ мұнда баж салығынсыз. Осыған байланысты аталмыш салықтың сомасын әкімшілендіру қажет. Яғни, Қырғызстаннан экспортталған тауарлар бізге нөлдік мөлшерлемемен экспортталып, оны қабылдап алған импорттаушы 12 %  ҚҚС төлеуі керек. Одақтас елдермен шекара бойындағы 37 бекетте кіретін тауарларға бақылау жүргізіп, құжаттарын сканерлеп отырмыз. Осыдан кейін аталмыш құжаттар өңделеді. Мысалы, былтыр Қырғызстаннан 7 мыңнан астам көлік ел аумағына аталмыш ҚҚС-ны төлемей  тауар алып кірген",  – деген ведомство басшысы қазақстандық кеденшілердің неліктен мұндай бассыздыққа жол беріп алғандарын да түсіндірді.

"Олар импорттаушы ретінде жалған мекенжайлар көрсетіп отырған. Біз құжатта көрсетілген импорттаушыларды базадан таба алмадық. Кейде тіпті жүкқұжатта транзиттік тауар тасушы ретінде көрсетілген көліктер еліміздің аумағынан әрі қарай шықпаған. Тәуекелдерді басқару жүйесі арқылы осыларды анықтадық.  Шынымен  бұл мәселе Дүниежүзілік сауда ұйымының жалпы кеңесінде қаралды. Бір кедендік одақта отырғандықтан, мәселе ЕАЭО аясында екіжақты форматта шешіледі. Біз өз тарапымыздан қырғыз әріптестерімізге тауардың бізге қалай кіріп, Ресей жағына қалай жеткенін бақылап отыратын навигациялық пломб бекітуді ұсынғанбыз. Шекарадан өтетін тауарлардың барлығы бойынша ақпараттар алмасуды сұрадық. Әйтпесе, электронды жүкқұжат енгізуді ұсындық. Ресейлік әріптестеріміз оны қолдап, ілкі жоба ретінде қолға алды. Ал Қырғызстанмен былтыр пломбтар бойынша келіссөз бастаған болатынбыз. Осы іс екіжақты форматта соңына дейін жеткізілетін болады", – деді МаратСұлтанғазиев.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу