Өскемендегі қоғамдық тасымал тығырыққа тіреліп тұр. Бұған жергілікті тасымалдаушылар мен облыстық мемлекеттік кірістер департаменті арасындағы құқықтық дау себеп болып отыр.
"Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасы кәсіпкерлер құқығын қорғау департаментінің директоры Олег Савеленконың баяндауынша, департамент қала ішінде жолаушылар тасымалымен айналысатын автобус парктерін тексерген. Мемлекеттік мекеменің өкілдері тексеру қорытындысы бойынша "парктер салық төлеуден жалтарып отыр" деген шешімге келеді.
"Автобус парктері қала ішіндегі тиісті бағыттарды бөліп алған соң, өз автобустарын жеке кәсіпкерлерге береді. Яғни, жолаушыларға жеке кәсіпкерлер қызмет көрсетеді. Олар бірлескен қызмет шартымен жұмыс істейді. Бірақ салық органдарының өкілдері мұндай қызмет түріне қарсы. Айтуларынша, мұндай жағдайда бюджетке түсетін салық күрт азаяды. Демек, бұл – заңсыз. Алайда, кәсіпкерлер мұнымен келіспейді. Себебі, қызмет көрсетудің бұл жүйесі бұған дейін де қолданылып келген. Кемшіліктер де болған емес. Тығырыққа тірелген кәсіпкерлер "Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасының көмегіне жүгінді", – деді Олег Савеленко "Атамекен" КҰП кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес кеңесінің отырысында.
Осылайша, өскемендік тасымалдаушыларға қосымша салық салынған. Өсімақысы күн санап өсетін салықтың қазіргі сомасы 4,5 млрд теңгеге жеткен.
"Мемлекеттік кірістер департаменті өкілдерінің мәлімдеуінше, автобус практері мен жеке кәсіпкерлер арасында келісімшарт жасауда кемшіліктерге жол берілген. Яғни, қалаішілік бағытқа қызмет көрсету құқығы жасырылған. Айтуларынша, бұл жолаушылар тасымалының қағидаларына қайшы келеді. Дегенмен, аталған келісімшарттар заңсыз деп танылған жоқ. Демек, бәрі дұрыс. Бірлескен қызмет шартына сәйкес, парктер автобустарын жеке кәсіпкерлікке береді. Ал олар өз кезегінде жүргізушілер мен кондукторлардың жұмысын ұйымдастырады. Билеттерді сатудан түскен табыс салықтық есепте жеке кәсіпкердің табысы ретінде көрсетіледі. Ал қалған табыс автобус парктеріне тиесілі", – деді мән-жайды түсіндірген кеңестің мүшесі Серік Төрегелдин.
Бұл мәселеге "Атамекен"-нің өңірлік палатасы араласқан. Өңірлік палата прокуратураға жүгінген. Облыс прокуратурасы мемлекеттік кірістер департаментінің шешімін жою туралы наразылық білдірген. Бірақ, мемлекеттік мекеме тарапынан тиісті әрекет байқалмай отыр.
Кәсіпкерлердің айтуынша, бұл жағдай өскемендіктер арасында әлеуметтік дүмпу туғызуы мүмкін. Себебі, қалада 50-ден астам бағыт бар болса, соның тең жартысынан көбі мемлекеттік кірістер департаментінің салдарынан "қылкөпір" үстінде тұр. Егер тасымалдаушылар жұмысқа шығудан бас тартса, өскемендіктер қоғамдық қатынассыз қалады. Ал кәріне мінген қыста бұл жағдай тұрғындарға ауыр соққы болары анық.
ҚР қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Тілеу Жанғарашевтің айтуынша, тасымалдаушыларға салынған салық заңды. Яғни, жолаушыларды және жүктерді тасымалдау ережелеріне сәйкес, билет жолаушылар тасымалымен айналысуға құқық беретін құжат болып есептеледі. Билетті қолма-қол ақшаға сату заңды болып табылады.
"Бұл жағдайда жол жүру билеттері тасымалдаушылар, яғни заңды тұлғалар атынан берілген. Тасымалдаушылар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімімен және облыстық көлік департаментімен шарт жасасқан. Сондықтан олар есеп беріп отыруға міндетті. Алайда, тасымалдаушылар салықтық есепте жол жүру билеттерінің көлемін көрсетпей келген. Қосымша салықтың салынуына осы жағдай себеп болып отыр", – деді Тілеу Жанғарашев.
"Атамекен" КҰП кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес кеңесінің төрағасы Қайырбек Сүлейменовтің айтуынша, бұл мәселеге облыс басшылығы да араласуы керек. Себебі, жағдай ушығып тұр. Егер тасымалдаушылардың есепшоты бұғатталатын болса, Өскемендегі қоғамдық қатынас тоқтайды. Сондықтан кеңес мүшелері бұл мәселені прокуратура тексеріп, нүктесін қоюы керек деп есептейді.
Ал кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Болат Палымбетов аталған мәселені шешу үшін арнайы жұмыс тобын құруды ұсынды. Бұл ұсыныс кеңес мүшелері тарапынан қолдау тапты.
Фархат Әміренов