Атаулы әлеуметтік көмекке қолдары жетпей жатыр

Өскемендегі жұмыспен қамту орталығына жоспардан тыс бас сұқты.

Атаулы әлеуметтік көмекке қолдары жетпей жатыр

Шығыс Қазақстанға Премьер-министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова бастаған үкіметтік жұмыс тобы келіп кетті. Кездесулердің бірінде көпбалалы отбасыларды тіркеуде түрлі кедергілер бар екені анықталды.

Үкімет мүшелері әуелі Семей қаласында болып, әлеуметтік бастамалардың дұрыс бағытта жүріп жатқанына куә болған. Гүлшара Әбдіқалықова Өскемендегі жұмыспен қамту орталығына жоспардан тыс бас сұқпағанда

бүкіл кездесу осылай өте беруі мүмкін еді. Әкімдік өкілдерінің қақпайлауына қарамастан, жұмыспен қамту орталығының мамандары жұмыс барысында қандай кедергілерге тап болатындарын бүкпесіз баяндады.

Биыл Шығыс Қазақстан бойынша 46 мың адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалады. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі үкіметтік жұмыс тобының облыс активімен кездесуінде айтты.

Бердібек Сапарбаев бірінші маусымнан бастап білім, мәдениет, медицина, спорт, әлеуметтік сала қызметкерлерінің, облыстық және аудандық әкімдік қызметкерлерінің еңбекақысы 15-30 пайыз көлемінде өсетінін мәлім етті. Министрдің айтуынша, бұл өзгерісті қуаттайтын нормативтік актілер мен бұйрықтардың барлығына қол қойылған. Ал көпбалалы отбасыларға берілетін төлемге Қазақстан бойынша 830 мыңға жуық адам қол жеткізбек. Оның ішінде 46 мың шығысқазақстандық бар.

"Бірінші сәуірге дейін бір адамға берілетін атаулы көмек 4834 теңге болса, енді бұл сома 20789 теңге болмақ. Табысты есептеу кезінде әлеуметтік төлемақылар мен шәкіртақы саналмайды. Халықтан зейнетақы мен қолдағы азын-аулақ малдан түсетін табысты есептеуге өзгеріс енгізсеңіздер деген ұсыныс түсіп жатыр. Бағдарлама 10 жылға арналған. Ол жағын да ойластырып жатырмыз. Ұсыныстың бәрі кезең-кезеңімен, заңға сәйкес қаралады", – деді Бердібек Сапарбаев.

Министрдің айтуынша, мүгедектік бойынша төленетін жәрдемақы көлемі 10 мың теңгеге өспек. Мұндай көмекке ел бойынша 100 мыңнан астам адам мұқтаж. Шығыс Қазақстан бойынша 6 мыңнан астам адамға аталмыш жәрдемақы тағайындалмақ.

Білім саласында 500 мың адамның еңбекақысы өседі. Бұл туралы білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова айтты.

Министрдің мәлімдеуінше, білім саласы қызметкерлерінің еңбекақысын көтеру үш санат бойынша жүзеге асады. Бірінші санатқа колледж, мектеп мұғалімдері мен писхологтар, әдістемелік қызметкерлер кірсе, екінші санатқа техникалық персонал еніп отыр. Ал колледж меңгерушілері мен мектеп директорлары, олардың орынбасарлары үшінші санатқа жатқызылған. "Бюджеттік сала қызметкерлерінің еңбекақысыны көтеру үшін бөлінген қаржының 75 пайызы білім саласына бағытталып отыр. Бұл шамамен 500 мың адам", –  деді Күләш Шәмшидинова.

Министр тәуелсіздік жылдарында елімізде 1672 мектеп жаңадан салынғанын тілге тиек етті. Бұл көрсеткіште Шығыс Қазақстанның үлесі 142 мектеп екені де айтылды. Ол сондай-ақ пән мұғалімдерімен қатар мектеп психологтары мен сынып жетекшілерінің біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөлінетінін атады. Мектептердің білім сапасын арттыру үшін 700 "тірек мектеп" іріктеп алынбақ. Дәл осындай ұстаныммен 180 таңдаулы колледж, 20 университет таңдалмақ.

"Колледждер мен университеттердің тиімділігі түлектерінің еңбек нарығына өтімділігі бойынша анықталады. Соңғы 2-3 жылда жаңа мамандықтар пайда болып жатыр. Алдағы уақытта елімізге керек 100 мамандықтың тізімін жасаймыз", – деді министр.

Бес баласын анасыз өсіріп отыр
Гүлшара Әбдіқалықова 5 баласын жалғыз асырап отырған әкенің үйіне бас сұқты. Нұрлан Жетпісовтің бес баласы бар. Жұбайы өмірден ерте озып, бес балаға ана орнына ана, әке орнына әке болып отырған жайы бар. Өзінің айтуынша, бұған дейін пәтер жалдап, көрінгеннің есігін сағалап жүрген екен. Осындай отбасының бар екенін білген "ВК Техногрупп" ЖШС өздері салған көпқабатты үйден екі бөлмелі пәтер сыйлапты.

"Қыздарымның үлкені 10 сыныпта, ал кенжеміз бірінші сыныпқа барады. Басымызға пана табылып, қатты қуанып жатырмыз. Ең бастысы баспана болатын. Қалғанын өз күшімізбен көреміз", – деді Нұрлан.

Гүлшара Әбдіқалықова отбасының жаңа пәтеріне көрімдік ретінде ақшалай сертификат табыстады.

12 бала өсіріп отырған Черкашиндер отбасы Өскеменге былтыр ғана көшіп келген екен. Бұған дейін Алтай ауданында тұрыпты.

"Жолдасым "Қазцинк" кәсіпорнында жұмыс істеді. Сондықтан жоқшылық көрген кезіміз жоқ. Ал мұнда келгелі жеке кәсіппен айналысып жүр. Үйіміз таудың етегінде, 0,2 гектар бақшамыз бар. Санаулы ешкі ұстаймыз. Қыздар соны сауып, сүтін сатады. Ұлдар қорадан шықпайды. Баланың көп болғаны қолыңды жұмыстан босатады", – дейді көпбалалы ана.

Отағасы үйді 12 балаға лайықтап, кеңейтіп жатқанын айтты. Жергілікті кәсіпкерлердің бірі сол үшін құрылыс материалдарын сатып әперген екен. 12 баланың бірі әкімдік ұсынған жеңілдік бойынша, Өскемендегі педагогикалық колледжде тегін білім алуда. Гүлшара Әбдіқалықова аталмыш игілікті іске көмек ретінде  еңбекқор отбасыға 150 мың теңгенің қаржылай сертификатын табыстады.

Гүлшара Әбдіқалықова көпбалалы отбасыларды тіркеу жұмыстарымен де танысты. Саладағы сорақылықтың беті осы кезде ашылып қалды. Әуелі Вице-премьер құжат өткізіп жатқан аналармен кездесіп, жағдайларын сұрады. Өзін Ақбота Жекебаева деп таныстырған бес баланың анасы құжаттары толық өткенін, атаулы көмек тағайындалғанын айтып, қуанышымен бөлісті.

Орталық қызметкерлері толассыз келген адамдардың барлығын жылдам тіркеуге техникалық кедергілер кесірін тигізіп жатқан айтты. Ортақ база қайта-қайта тежеліп, соның салдарынан жұмыс бәсеңсіп жатқан көрінеді. Мамандардың айтуынша, қала шетінде мал ұстайтын отбасылардың мал-мүлкі туралы ақпарат алу да қиындық туғызуда. Ал саяжай кооперативтері мен саяжай серіктестерінде үйлердің мекенжайы ретсіз жазылған. Бұл өз кезегінде атаулы көмек тағайындауға үлкен кедергі келтіруде. Аталмыш мәселені еңбек және халықтың әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев белгілеп алды.

Орталық қызметкерлері құжаттарды онлайн қабылдау жүйесі 30 сәуірде тоқтамаса екен деген тілектерін білдірді. Өйткені бүгінге дейін Өскемендегі 2157 көпбалалы отбасының тек 248-не ғана жаңа форма бойынша атаулы әлеуметтік көмек тағайындалыпты.

"Бұл мәселені шешуге болады деп ойлаймын. Қажет болса, уақытын созу қажет. Өйткені құжат жинауда түрлі кедергілер бар екенін білеміз", – деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу