Президентке жүгіну: "Катон – жер жәннаты" деп аузымызды құр шөппен сүртумен келеміз

2982

Шығыс Қазақстан облысының шекара шебіндегі тұрғындары бұрынғы аудандарды қалпына келтіруді белсенді сұрай бастады.  

Президентке жүгіну: "Катон – жер жәннаты" деп аузымызды құр шөппен сүртумен келеміз

Күршім ауданына қарасты Марқакөл өңірінің (бұрынғы аудан) тұрғындары Президентке бейнеүндеу жолдады. Сонымен қоса Жазушылар одағының облыстық филиалының директоры Әлібек Қаңтарбаев та Президентке ашықхат  жазып, Катонқарағай ауданын қалпына келтіруді сұрады.

"Марқакөлдіктер өз елінде өз қазынасына қолы жетпей, өгей баланың күйін кешіп отыр. Көп мәселенің жалғыз шешімі Марқакөл ауданын қайта қалпына келтіру деп білеміз. Аудан қалпына келсе, халықтың жағдайы жақсарып қана қоймай, еліміздің шекарасы да бекитіні белгілі. Қазір көршілес Қытай Халық Республикасының түнгі шамдары жарқырап, тордың арғы жағында елді мекендер жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай өсіп жатса, біз жақтың үйлерінің шамы сөніп жатыр, – деп кейіді марқакөлдіктер.

Айтуларына қарағанда, аудан тарағалы халықтың үштен екісі көшіп кеткен. Тоқсаныншы жылдары онда 20 мыңның үстінде халық тұрған.

Ал Әлібек Қаңтарбаевтың жазуынша, бұрынғы Катонқарағай ауданында "заманның түзу кезінде" 25-30 мыңның төңірегінде халық тұрса, қазіргі кезде "солардың жұрнағы" – 10 мыңға жетер-жетпес қана адам қалды. Олардың 1 700-і зейнеткер.

"Біздердікі құр тамсаныс: "Катон – жер жәннаты, ғажап табиғат, керемет көркемдік!" деп аузымызды құр шөппен сүртумен келеміз. ...Бүгінгі аудан орталығы болып тұрған Үлкен Нарын ауылы – ауданның батыстағы шығар аузында. Бұрынғы Катонқарағай ауданының ең шеткері ауылы Аршаты - Үлкен Нарыннан 200 шақырым. Жазық жер емес, таулы-орманды өңірде бұл қашықтыққа барып-қайту қияметқайым", – деп жазды қаламгер.

Ал облыс әкімдігі шекара шебіндегі бес аудан "жанданып" жатқанын, оған былтыр 43 млрд теңге бөлінгені туралы есеп берді.

Айта кету керек, былтыр Күршім ауданында алтын шаюмен айналысатын компаниялар заңсыздыққа барғаны да анықталған.

Тасқын Болатұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу