Жарылыста туыстары өлген азаматтар билікке шағымдануда

2737

Олар кәсіпорын басшыларын қылмыстық жазалауды талап етті.  

Жарылыста туыстары өлген азаматтар билікке шағымдануда

Биыл 16 маусымда Шығыс Қазақстан облысындағы "Востокцветмет" компаниясының "Орлов" өндірістік кешенінің шахтасында, 13-ші көкжиекте қуатты жарылыс болғаны мәлім. Салдарынан "Востокцветметтің" 2 қызметкері қаза тапқаны ақпарат құралдарында хабарланды. Тағы бір жұмыскер ауыр жарақат алып, мертіккен. Алайда қайғылы апаттың егжей-тегжейі, оқиғаның кейінгі өрбу барысы елеусіз қалды. 

Енді анықталып отырғандай, опат болғанның екеуі де өмірдің қызығын көріп үлгермеген қыршын жас екен. 1991 жылғы Айдын Құнанбаев мерт болған, оның кәмелетке толмаған екі баласы – 3 жасар қызы және 2 жасар ұлы асыраушысынан айырылды.

Сонымен бірге 1995 жылы туылған Н.Т.Идрышевтың қаза болардан бірер күн бұрын ғана, 12 маусымда тұла бойы тұңғышы – қызы дүниеге келіпті. Сәби әкесіз өсетін болды.  

Жарылыстан кейін 17 маусым күні ШҚО Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының бұйрығымен арнайы комиссия құрылды. Оның мүшелері еңбек қызметімен байланысты топтық жазатайым оқиғаны тергеп тексеру нәтижесінде арнайы акт толтырды. Құжатта қаза тапқан жұмысшылардың да, сонымен қатар "Востоцветмет" ЖШС басшылығының да апатқа кінәсі бағамдалған.

Актіде қайғылы оқиғаға жол берген компанияның басшылық құрамы тек тәртіптік жазаға тартылатыны көрсетіліпті.

Зардап шеккен жақ бұл шешіммен келіспейді.

"Негізі, "Востокцветмет" ЖШС басшылық құрамының әрекеттерінде тәртіптік емес, қылмыстық құқық бұзушылық құрамы бар. Комиссияның оны неге көре алмай қалғаны беймәлім. Бұған қоса, іс бойынша жарылыс-техникалық сараптама жүргізілмеген. Сондықтан бұл апатқа қатысты қорытынды шығару асығыстық болып отыр. Актіде зардап шеккен Құнанбаевтың апатқа айыбының дәрежесі 40% деп белгіленген. Сараптама өткізілмесе, бұл санды қайдан алған? Жарылыс болған кездегі тау-кен қазындыларының және газды-температуралық режимнің жағдайы белгісіз болғанын ескерсек, оның өзінен-өзі жарылуы да әбден мүмкін", – дейді зардап шегуші жақтың адвокаты Гүлбахрам Тайырова.

Оның түсіндіруінше, өзіндік жарылыс туралы мәліметтердің барлығына қарамастан, сотқа дейінгі тергеу органдары істің мән-жайын толыққанды анықтау мақсатында жарылыс-техникалық сараптама тағайындау туралы қаулы шығармаған. Сондай-ақ іс бойынша барлық жағдайларды анықтау үшін ешқандай тергеу іс-шаралары жүргізілмепті.

"Қаза тапқан жігіттердің артында отбасылары, жас бөбектері аңырап қалды. Ал сол жарылыста жарақат алған Л.Құнанбаева іс бойынша зардап шегуші ретінде мүлдем шақырылмаған. Ол елеусіз қалғанына қапаланып, апаттан кейін 1,5 ай өткенде өз бетінше адвокатқа жүгінеді. Өзінің процестік құқы барын және сотқа дейінгі тергеу органдары оны зардап шегуші ретінде тартуға тиістігін сонда ғана біліпті. Дұрысы, азамат өз құқығын білмесе де, тергеушілер оны біліп, зардап шегуші ретінде белгілеуге міндетті еді. Жарылыстан бері үш айдай уақыт өтіп кетті. Ал Құнанбаева осы іс бойынша сотқа дейінгі тергеу қандай сатыда тұрғанынан мүлдем бейхабар. Қылмыстық іс бойынша тергеу іс-шаралары қолға алынып жатқан жоқ. Тіпті апатқа жауапты күдіктілердің тобы анықталмаған. Бұл қатардағы оқиға емес, атпалдай екі арыстың басын жалмаған жарылыс қой!" – дейді қорғаушы.

Зардап шегушілердің адвокаттары А.Қасымова және Г.Тайырова осы кәсіпорынның өндіріс орнында жұмысшылар жиі жарақат алатынын, жыл сайын адамдар жантәсілім болатынын айтады.

"Алайда басшылығы өз байланыстары мен мүмкіндіктерін пайдаланып, тасада қалады. "Востокцветмет" басшылығы төлем төленетінін алға тартады. Бірақ ол адамды қайтармайды ғой. Сотқа дейінгі тергеу органдары осы іс бойынша қасақана әрекетсіз отырғаны және сотқа дейінгі тергеу жүргізуге берілетін процестік мерзімдерді әдейі созбалаңға салып жатқаны байқалады. Салдарынан зардап шегушілердің конституциялық құқықтары мен мүдделері аяқасты етіліп, өрескел бұзылуда", – дейді Гүлбахрам Тайырова.

Қорғаушылар осы қылмыстық істің дұрыс тергелуі, сотқа дейін жетуі және кінәлілер жазалануы үшін оны ерекше бақылауға алуды сұрап, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевқа жүгінген көрінеді.

Алайда антикоррупциялық агенттік өтінішті қарай келе, ведомстволық бақылауға алуы үшін оны Бас прокуратураға және Ішкі істер министрлігіне жолдады.

Орлов шахтасы Шығыс Қазақстан облысының Бородулиха ауданындағы Жезкент кентінде орналасқан. Онда өндірістік жарақаттың адам өліміне соқтырған кезі жетерлік. Мысалы, 2017 жылдың желтоқсанында KAZ Minerals тобы осы Орлов шахтасында көтергіш құрылғының жүргізушісі жазатайым оқиға кесірінен қаза тапқанын хабарлады: "Машинист 5 желтоқсанда сол қолынан қатты жарақат алды. Зардап шегуші ауруханаға жіберілді. 6 желтоқсанда ол дүние салды", – деді сонда компания. 

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу