Керекудегі қоғамдық көліктер электронды билетке көшеді

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
3277

Мұны мемлекет меншігіндегі автопарктер қолдағанымен, жекеменшік компаниялар құптамайды.

Керекудегі қоғамдық көліктер электронды билетке көшеді

Павлодар қаласындағы қоғамдық көліктерге валидаторлар орнатылмақ. Оған Павлодар қаласының бюджетінен 51 млн теңгеге жуық қаржы бөлінеді деп күтілуде.

Жалпы, Павлодарағы қоғамдық көліктерді электронды билетке көшіру жайы біраздан бері айтылып келеді. Осы жылдың маусым айында пилоттық жоба да қолға алынды. Оны Ресейдің ISBC Group компаниясы жүзеге асырды.

"Біз ұсынған валидаторлар Павлодар қаласындағы бір автобус мен бір трамвайға орнатылды. Бұған дейін мұндай жобаларды Ақтау қаласында да жүзеге асырғанбыз. Валидаторлар Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларындағыдай арнайы картаны талап етпейді. Кез келген банктік картаны қабылдай береді. Ал картасы жоқтар қолма-қол ақшамен есеп айырысады", – дейді ISBC Group компаниясының өкілі Денис Михнев.

Пилоттық жобадан кейін қоғамдық көліктердің бәріне валидатор орнату туралы шешім қабылданған. Бұл ретте, Павлодар қаласының №1 автопаркі жаңашылдыққа дайын. Кәсіпорынға валидаторларды алматылық компания жеткізеді деген жоспар бар.

"Әуелде жергілікті атқарушы билік валидаторларды қоғамдық көліктердің барлығына орнатамыз деген. Оның ішінде екі жекеменшік автопаркке де. Мұның бәрі бюджет есебінен жүзеге асырылуы тиіс еді. Алайда, құрылғыларды мемлекет меншігіндегі екі автопаркке орнататын болыпты. Осылайша, Павлодардың трамвай паркі мен №1 автопаркке шамамен 200 дана валидатор қойылмақ. Бұған шамамен 51 млн теңгеге жуық қаржы бөлінбек. Валидаторларға жұмсалатын қаржы көлемі өзгеруі де мүмкін. Ал жекеменшік парктер құрылғыларды өз қаражатына сатып алып, орнатуы қажет. Бір құрылғының бағасы 71 600 теңгені құрайды", – дейді Павлодар қаласындағы №1 автопарктің директоры Вадим Ковальчук.

Оның пікірінше, қоғамдық көліктерді электронды билетке көшіру автопарктердің кірісін арттырмақ. Өйткені, ақша айналымы ашық жүргізіледі әрі үнемі бақылауда болады.

"Десе де, жергілікті халық жаңашылдықты қабылдамауы мүмкін. Сондықтан қосарланған тариф енгізу керек болады. Яғни, қолма қол ақшамен есеп айырысу тарифін электронды билеттен қымбатырақ етіп қою керек. Сонда тұрғындар артық ақша төлегісі келмей, электронды билетке көшеді. Бүгінде Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалалары қосарланған тариф бойынша жұмыс істейді. Республикалық маңыздағы үш қаланың қатарын облыс орталықтары да толықтыруы керек. Аталған мәселе үкімет деңгейінде пысықталып жатқан көрінеді. Осы мәселе шешілсе, жолаушыларды ынталандыра аламыз. Жүйе де жұмыс істейтін болады", – дейді Вадим Ковальчук.

Қалада қолға алынған пилоттық жоба №1 автопарк базасында жүзеге асырылған болатын. Автопарк басшысының айтуынша, бір автобусқа орнатылған валидатор арқылы осы жылдың маусым айынан бері тек 500 транзакция ғана жасалған. Бұл ретте, ай сайынғы жолаушылар ағыны 600 мың адамға дейін жететінін қаперге алған жөн.

Ал "Павлодар автокомбинаты" компаниясының экономисі Елена Панченконың пікірінше, электронды билет автопарктерді шығынға ұшыратуы мүмкін.

"Алысқа бармай-ақ Елорда тәжірибесін мысалға алсақ жеткілікті. Электронды билетті енгізген соң, астанадағы кәсіпорындар біршама шығынға батқан. Өкінішке қарай, көп жағдайда біздің айтқанымыз бола бермейді. "Енгіз" деді, демек, енгіземіз. Әзірше, мұның экономикалық тұрғыдан тиімсіздігін түсіндіріп жатырмыз. Иә, электронды билетті бюджеттен қаржыландырылатын кәсіпорындарға енгізген дұрыс. Ал жекеменшік автопарктерге мұндай талап қойылмауы керек. Өйкені, олар құрылғының бәрін өз қаражатына сатып алады. Оның үстіне, ақша айналымының ашықтығы жекеменшік компанияларға қажет те емес. Өйткені, олар жүргізушілермен келісімшарт арқылы жұмыс істейді. Яғни, жүргізушілер белгілі бір соманы автопаркке аударып отыруы керек", – дейді Елена Панченко.

Экономист электронды билетке көшудің тағы бір кемшін тұсын айтып берді.

"Бүгінде біздің кәсіпорын корпоративтік салық төлейді. Компанияға табыс түсіп отыр. Соның есебінен жаңа техникалық сатып алынады. 2016 жылы "ЛиАЗ" маркалы автобус шамамен 35 млн теңге тұратын. Қазір оның бағасы 50 млн теңгеге жетті. Ал жол жүру тарифі 2017 жылдың желтоқсан айынан бері көтерілген жоқ. Элекронды билет енгізілген соң, қазір жүргізушілер көтеріп отырған шығынның бәрі автопаркке артылады. Демек, автопарктің табысы айтарлықтай азаяды. Бұл ретте, салық төлеу тұрғысынан мемлекет те ұтылатын болады", – дейді Елена Панченко.

Оның пікірінше, электронды билетке көшу жолаушылар тасымалы саласындағы жеке сектордың түбіне жетпек. Ал мемлекет бұл бизнесті уысында ұстап, басқара алмайды дейді.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу