Электронды билет енгізілгеннен кейін жолақы қымбаттайды

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
9125

Павлодарда автобустар мен трамвайларды электронды билетке көшіру жұмысы алдағы бес айда аяқталмақ.

Электронды билет енгізілгеннен кейін жолақы қымбаттайды

Бұған дейін Павлодардағы қоғамдық көліктердің электронды билетке көшірілетіні туралы жазған едік. Міне, осы айдан бастап бұл бағытта нақты жұмыстар қолға алынбақ. Дәлірек айтсақ, Павлодардағы жолаушылар тасымалдайтын автобустар мен трамвайларға электронды билет үшін валидаторлар орнатыла бастайды. Бұл жұмыс 2020 жылдың наурызына қарай толықтай аяқталады деп күтілуде.

Электронды билетпен есеп айырысатындар үшін жолақысы сол күйі қала бермек. Яғни, қала ішінде қатынау әдеттегідей 80 теңге болады. Жеңілдікпен қатынайтындарға арнайы карта беріледі. Ал қалған тұрғындар валидаторға арналған электронды картамен немесе байланыссыз төлем жасау функциясы бар кез келген банктік картамен есеп айырыса алады.

Осы уақытқа дейін Павлодар қаласындағы екі бағытқа валидатор орнатылып, электронды билетті сынақтан өткізу жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, №10 автобус пен №11 трамвай жолаушылары электронды билетпен төлем жасау мүмкіндігіне ие болды. Жаңа жоба өзін ақтаған секілді. Себебі Павлодар әкімдігі қоғамдық көліктерді электронды билетке көшіру жұмысын алдағы бес айда аяқтамақ. Бұдан кейін қолма-қол ақшамен есеп айырысатындар үшін жолақысы 100 пайызға қымбаттайды. Яғни, электронды картасы жоқтар үшін жолақысы бұрынғыдай 80 теңге емес, 160 теңге болады.

Павлодар облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының бас маманы Айдос Еренаевтың айтуынша, №11 трамвайда "Viza" төлем картасымен есеп айырысатындар жолақысын 50 пайыздық жеңілдікпен төлейді. Яғни, картадан 80 теңге емес, 40 теңге алынады. Бұл әрине, уақытша жоба. Жақын күндері аяқталмақ. Ол жолаушыларды электронды картаға көшудің қандай артықшылығы барын дәлелдеу үшін қолға алынған.

"Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларындағы электронды билет арқылы төлем жасау дәл осындай жүйе бойынша жұмыс істейді. Яғни, қолма-қол ақшамен есеп айырысқаннан көрі, электронды картамен төлем жасаған арзанға түседі. Жолаушылар қоғамдық көлікке арналған карталарына терминалдар, мобильді қосымшалар арқылы ақша сала алады. Электронды билет өз тиімділігін көрсетеді деген сенімдеміз. Бұл қадам жолаушылар тасымалы саласындағы бірқатар мәселені шешеді деп күтілуде. Ең бастысы, оның көмегімен жолаушылар тасымалындағы нақты картинаны, нақты табысты бақылап отыруға жол ашылады. Сондай-ақ жүргізушілер, кондукторлар және жолаушылар арасында орын алатын түсініспеушіліктер тыйылмақ", – дейді Айдос Еренаев. 

Павлодар облыстық көлік қызметкерлері одағының басшысы Василий Рудаков шенеуніктер алға тартып отырған "жүргізушілер, кондукторлар және жолаушылар арасында орын алатын түсініспеушіліктер тыйылады" деген уәжбен мүлдем келіспейді.

"Егер жүргізушілер үйге артық ақша әкеле алмаса, олардың жұмысқа деген ынта-ықыласы артады дегенге өз басым сенбеймін. Павлодар қаласындағы жолаушылар тасымалының 60 пайызы жекеменшік жалға алушыларға тиесілі. Оларды дәл қазіргі уақытта толғандырып отырған мәселенің бірі – валидаторларды кімнің орнататындығы. Бұл мәселе әлі шешілмеді. Жекеменшік көлігімен жұмыс істейтіндер валидаторды не үшін орнатпақ? Жалпы, жолаушылар тасымалымен айналысатындар қазіргі уақытта өлместің күнін кешіп, тиын санап отыр. Көліктер ескірген, шығындар ұлғайған, жанар-жағармай бағасы шарықтаған. Енді бұған жаңа электронды техника сатып алу міндеті қосылып отыр", – дейді Василий Рудаков.

Одақ басшысының сөзінше, жергілікті тасымалдаушылар жаңашылдыққа қарсы емес. Тек, валидаторларды әкімдік орнатып берсе дейді немесе осы бағытқа қосымша қаржы бөлінсе деген тілек білдіріп отыр.

"Сондықтан бұл мәселені әбден саралап, бірлесе отырып шешу керек. Сонымен қатар, басқарма бір жыл ішінде табыстың ашықтығына қол жеткізеді дегенге сену қиын. Индустриялық-инновациялық даму басқармасының өкілдері валидатор сынып қалған жағдайда, жүргізушілер жолаушыларды тегін тасымалдауы керек дейді. Бірақ, жүргізушілер бұған көне қояр ма екен", – дейді Павлодар облыстық көлік қызметкерлері одағының басшысы. 

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу