– Жұмабек Оркенұлы, соңғы күндері Павлодар қаласының атауын өзгерту туралы әңгіме әлеуметтік желіде де, БАҚ беттерінде де жиі талқыға түсуде. Оған сіздің және "JEBE" қоғамдық бірлестігі өкілдерінің бастамасы себеп болғанын жақсы білеміз. Жаңа жылды мұндай бастамамен бастауға не түрткі болды?
– Бұл аяқ астынан туған бастама емес. Бұған дейін де көпшіліктің көкейінде жүрген дүние еді. Кез-келген дүниенің айтылатын сәті болады. Осыдан он шақты жыл бұрын бұқара талқысына түсіп, белгілі бір себептермен тоқтап қалған жайы бар еді. Сол себепті мұны аяқ астынан туған ой демес едім.
– Қала атауын өзгерту туралы бастаманы Мәжіліс депутаты Айзада Құрмановамен болған кездесуде көтердіңіздер. Әдетте, халық қалаулылары, шенеуніктер мұндай тым нәзік мәселелерге келгенде тығырыққа тіреліп, "тыпыршып" қалатыны бар. Халық қалаулысы бұл бастаманы қалай қабылдады? Мәселені Мәжіліс мінберінен көтеруге уәде берді ме?
– Жаңа жылдың алғашқы жұмыс күндері өңірімізге Мәжілістің бір топ депутаты жұмыс сапарымен келді. Халық қалаулысы Айзада Құрманованың тарапынан "JEBE" қоғамдық бірлестігі мүшелерімен кездесу өткізсек деген ұсыныс түсті. Ол кісінің ұлттық құндылықтарды дәріптеу бағытындағы азаматтық көзқарасын жақсы білеміз. Сондықтан біз депутатпен кездесу барысында ұлттық тәрбие, әдебиет пен мәдениет, руханият төңірегінде әңгіме өрбітуге тырыстық. Облыс орталығының атын "Ertis" деп атау жөніндегі ұсыныс дәл осы бас қосуда айтылуы керек деп шештік. Бұл жерде біз бүгін ұсынып, ертең өзгерту керек деген принцип ұстанып отырған жоқпыз. Айзада Құрманова да оған өз сөзінде тоқталып өтті. Ұсыныстың орынды екенін, мезгілі келіп, сәті түскенде іске асып қалатынына сенім білдірді.
– Нақтылап алайықшы, Сіздер қаланың атауын өзгеруді ұсынып отырсыздар ма? Әлде жалпы облыстың ба?
– Бастан жақты айырмайсың ғой. Қала атауын ауыстырып алып, облысымыз сол қалпында қала бергеннен не пайда? Орайы келсе екеуін де бір деммен өзгерту дұрыс деп санаймыз. Облыстық ономастикалық комиссияның мүшесі ретінде бұл үрдістің қас-қағым сәтте шешілмейтінін жақсы білемін. Ендеше, сағызша созудың қажеті шамалы. Қысқасы, бір оқпен екі қоян ату керек мүмкіндігінше.
– Павлодардың атауын өзгеруге ниеттілер бұған дейін де болған. Өкінішке қарай, олардың қадамдары сәтсіз болып жатты. Сіздер де солардың күйін кешеміз деп қорықпайсыздар ма?
– Ол енді тек қана ұсыныс айтқан "JEBE" қоғамдық бірлестігіне байланысты емес. Қоғамның дайындығы, мүдделестердің белсенділігі басты рөл ойнайды. Бұған дейінгі "сәтсіздіктерге" негізгі себеп – ауызбіршілік таныта алмаған өзімізден дер едім. Есімде, тұрғындар тарапынан 27 түрлі ұсыныс түскен. Өкінішке қарай, сол тұста Кереку, Тұзқала, Абылайкент, Баянтау, Қимақ сынды көптеген атауларды қалаған белсенділер өз ұсыныстарын айтып, аққу, шортан һәм шаянның күйін кешкенбіз. Нәтижесін көзімізбен көрдік. Шыны керек, осы жолы да сол "сүрлеуге" түсіп кетпес үшін қоғамның бір мәмілеге келіп, осы нұсқамызға тоқталуын қалар едім. Жан-жаққа тартып, тағы да бірнеше онжылдыққа бүгінгі қалпымызда қалып қоймағанымыз абзал.
– Павлодар атауын өзгерту туралы жергілікті халықтың пікірі қалай? Сауалнама жүргізіп көрдіңіздер ме?
– Арнайы сауалнама жүргізген жоқпыз. Сауалнама деген не? Өзіміздің мүдделес жүз адамды таңдап алып соның 97-сі қолдады десек сіз сенесіз бе? Оның үстіне қазіргі кезде әлеуметтік желі деген бар. Кімнің пікірі қандай екенін сол арқылы бағамдауға болады. Иә, қарсы пікір айтушылар да болады. Оны біліп, сезіп отырмыз. Шешінген судан тайынбаса керек. Енді осы бағытта мейлінше түсіндіру жұмыстарын жасай бермекпіз.
– Ертіс деген атауға тоқтап отырсыздар. Неге Кереку, Сарыарқа емес?
– Себебін жоғарыда айтып өттім. Ертіс өзенінің жағасында орналасқан қала жалғыз Павлодар емес екенін білеміз. Алайда, Ертістің Павлодар өңірі, Ертіс-Баян деген түсінік бізге бұрыннан сіңісіп қалған. Аймағымызда "Ertis" футбол және хоккей клубтары бар, жуырда ғана тұсауы кесілген мультимедиялық музей, облыстың басты телеарнасы дәл осылай аталады. Бұл бізге жақын атау. Кереку ауызекі тілде жиі айтылады. Бірақ, тарихшыларымыздың өткен ғасырдың соңынан бері дау-дамайға салып, түрлі пікір қалыптастыруынан Сіз айтып өткендей сәтсіз аяқталып отырды. Әлі де Коряков па, Кереге тас па деген күмәнді сауалдың жауабы табылмай отыр. Сондай-ақ, шалғайда жатқан Железин, Успен аудандарының көршілес мемлекетпен шекаралас аумағын Сарыарқа даласына жатқыза аламыз ба? Байқасаңыз мәселені көтерген күннен бастап жерлестеріміз Кенесары, Керей мен Жәнібек хандардың атымен атау керек еді деген уәждерін жеткізді. Іле-шала неге Жұмабек Тәшеновтің атын ұсынбайсыңдар дегендер табылды. Оған келіспегендер Дінмұхамед Қонаевтың немесе Қаныш Сәтбаевтың есімімен атау керек еді деді. Бұл аталғандың әрбірінің тұлғасы биік, бәрі де лайықты. Сонда не істеуіміз керек? Ал, "Ertis" нұсқасын таңдасақ, ортақ мәмілеге жылдам келер деген ойдан тоқталдық.
– Сұхбатқа келіскеніңізге көп рақмет! Тағы алып-қосарыңыз болса, мархабат...
– Ешкімнің жеке басына тіл жарақатын салып немесе біреудің ығына жығылғым келмейді. Сөзім қатты тиіп жатса тағы да кешірім сұраймын. Бірақ, "бүйректен сирақ шығарғаннан" ұтылмасақ, ұтпасымыз анық. Жалпы, Павлодар атауына тиіспеңдер деп шулап жатқан топтың барын біле отырып біздің жан-жаққа тартып, жік-жік болғанымыз абырой әпермесі анық. Тұтастығымызды танытайықшы, ағайын.
Сұхбаттасқан Фархат Әміренов