Павлодарлықтар егін жинау науқанын бірінші болып аяқтады

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
19650

Есесіне, өңірде әлеуметтік нанның бағасы күрт қымбаттап кетті.    

Павлодарлықтар егін жинау науқанын бірінші болып аяқтады Фото: Валерий Бугаев

Павлодар облысы астық көлемі жағынан республикада бесінші орынға ие. Биыл бұл өңір егін жинау науқанын өзге облыстардан бірінші болып аяқтады.

Жергілікті диқандардың пікірінше, биылғы маусым анау айтқандай қолайлы болған жоқ. Сондықтан шығар, дәнді және бұршақты дақылдардың өнімділігі гектарына 10,5 центнерден айналды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда сәл-пәл аздау.    

Павлодар облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне сүйенсек, 2019 жылы өңірдің егін алқабы қосымша 87 мың гектарға ұлғайған. Бүгінде егін алқаптарынан 790 мың тонна астық алыныпты.   

"Шаруашылықтар астықты толықтай жинап алды. Биылғы маусымдағы ауа райының қолайсыздығын ескерсек, өнімділік көрсеткіштерін жақсы деп бағалауға болады. Осы жылы Павлодар облысының егін алқабы 1,1 млн гектарды құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 8,6%-ға көп. Оның жартысына жуығына, яғни 530 мың гектар жерге бидай егілді. Бидайдың өнімділігі орташа есеппен гектарынан 10,5 центнерді құрады. Жалпы, 538 мың тонна бидай жиналды. 2018 жылы бидайдың өнімділігі 11,2 центнерді құрап, алқаптардан 511,5 мың тонна өнім жиналған еді", – деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрлан Сәдібеков.

Оның айтуынша, республика бойынша егін жинау науқанын бірінші боп аяқтаудың бірнеше себебі бар. Біріншіден, биыл павлодарлық диқандар астық өсіру кезінде ресурс үнемдейтін заманауи технологияларды қолданған. Соның нәтижесінде өнімділік өз жемісін берді. Екіншіден, павлодарлық диқандар техника мен адами ресурстарды дұрыс бөле білген. Осының бәрі науқанды алғашқы болып тәмамдауға септігін тигізген.

"Картоп өсірушілер кезекті рет рекорд орнатты. Бұл жолы олар 17,8 мың гектар жерден 542 мың тонна өнім алды. Өткен жылы дәл сондай аумақтан бұдан едәуір аз өнім алған болатын. Оның үстіне картоптың өнімділігі гектарына 304 центнерді құрады. Былтыр бұл көрсеткін гектарына 280 центнерге тең болған еді", – дейді басқарма басшысы.

Бүгінде павлодарлық картопты килограмы 45-55 теңгеден сатылуда. Картоптың негізгі бөлігі Ресей мен Өзбекстанға экспортталады. Сондай-ақ Ертіс бойынан жиналған "екінші нан" Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларына, Оңтүстік және Батыс Қазақстан облыстарына жеткізіледі.

"Көкөніс өсірушілер 5,9 гектар жерге егілген өнімнің 90%-дан астамын жинап алды. Алдын ала деректер бойынша, өнімділік гектарына 317 центнерді құрап отыр. Шөп шабу науқаны да аяқталды. Бүгінде 1,3 млн тонна шөп дайындалды. Шөптің өнімділігі гектарына 8,3 центнерге тең", – деді Нұрлан Сәдібеков.

Еске сала кетейік, жыл басынан бері Павлодар облысының шаруашылықтары лизинг бойынша 100-ден астам техника алған болатын. Сондай-ақ шаруалар жеңілдетілген жанар-жағармайға да қол жеткізді. Бұл ретте, күзгі жиым-терім жұмыстарына 21 мың тонна дизель отыны берілген. Оның бір литрі 175 теңгеден сатылды.

Бір қызығы, Павлодар облысында жиым-терім жұмыстары ойдағыдай аяқталғанымен, өңірде нан бағасы күрт өсті. Бүгінде бір бөлке әлеуметтік нанның бағасы 85 теңгеден 105 теңгеге дейін көтерілген. Ал кейбір дүкендерде нан бағасы 110 теңгені құрап отыр. Яғни, баға шамамен 20-25 теңгеге қымбаттаған.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Марат Шұғаевтің айтуынша, Павлодарда 15 наубайхана бар. Олардың нан өнімдеріне баға белгілеуі бұрынғы деңгейде сақталып отыр. Десе де, Павлодар нан-тоқаш комбинаты нан бағасын шынымен де қымбаттатқан екен.

"Компания басшылығы коммуналдық қызмет, жанар-жағармай және басқа да тауарлардың қымбаттауына байланысты нанның бағасын көтеруге мәжбүр болып отыр. Біздің мәлімет бойынша, қазір әлеуметтік нан 105 теңгеден сатылуда. Павлодар нан-тоқаш комбинаты осыдан 5-6 жыл бұрын нарықтың 80 пайызын қамтитын. Қазір компанияның нарықтағы үлесі 20 пайызды құрайды. Яғни, нарықта бәсекелестік жоғары. Сондықтан, Павлодар нан-тоқаш комбинатына бола дүрлігудің реті жоқ", – дейді Марат Шұғаев. 

Алдағы уақытта павлодарлық нарықта нан бағасының көтерілуіне жол бермес үшін облыстық әкімдік нан өндірушілерге арзандатылған ұн жеткізуге ниетті.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу