Бір қателіктің құны – ондаған миллион теңге

10021

Бұрыс сөз кесірінен елдегі аса ірі элеватор шығынға батпақ.

Бір қателіктің құны – ондаған миллион теңге

Кеңес заманында Солтүстік Қазақстан облысындағы "Сулы элеваторы" тек біздің республикамыздағы ғана емес, сонымен қатар бүкіл КСРО-дағы осы саладағы ең ірі кәсіпорындардың бірі саналатын. Тәуелсіздік алған жылдары ол жекешелендіріліп, "Тимирязев элеваторы" деп қайта аталды. Өйткені СҚО-ның Тимирязев ауданының Тимирязев ауылында орналасқан.

Одақтық маңыздағы мәртебесін де өзгертіп, жергілікті ЖШС ретінде құрылды. Ол қазір дәнді және майлы дақылдарды қабылдаумен, кептірумен, тазалаумен, сақтаумен және жыл он екі ай бойы нарыққа жөнелтумен айналысады.

Кәсіпорын 29,2 гектар аумаққа, ал астық қоймалары 4,6 мың шаршы метрге жайылып жатыр. Бір мезгілде 160 мың тонна егін қабылдай алады. Өзінің бірнеше шақырымдық жеке теміржолы және автожолы бар. "Сулы" темір жол станциясы да соған қызмет етеді.

Мамандарының айтуынша, оған күн сайын автокөліктермен 3,8 мың тоннадай, ал теміржолмен 3,7 мың тоннадай астық әкеліп-әкетіліп жатады. Мұндай қауырт жағдайда қателеспеу оңай болмаса керек.

Былтырғы күзде осы астық қабылдау кәсіпорны өзінде сақтауға 500 тонна арпаны қабылдап алады.

"Қабылдау кезінде кәсіпорынның лабораториясы және "Қазақстанның аграрлық сараптамасы" АҚ-ның СҚО филиалының сынақ орталығы сол астыққа бірлесе талдау жүргізеді. Оның қорытындысында арпа сапасыз, еш сыныпқа жатпайды деп танылған. Себебі, өніп кеткен, уытты иісі мүңкіп тұр. Алайда астық қолхатын рәсімдеу кезінде қатеге жол берілген: "Астық қолхаты" бөлімінің "Класс" деген жолында "2 класс", ал "Запах" деген жолында "Нормальный" деп көрсетіліп кетіпті. Ал дұрысында, "Класс" деген графада "неклассный", иісіне қатысты "Солодовый" деп жазылуға тиіс еді. Өз кезегінде астық қолхатын қалыптастыру кезінде біздің астық қабылдау кәсіпорнының (АҚК) жұмысшылары ол қатені аңғармаған", – дейді "Тимирязев элеваторының" директоры Владимир Терещенко.

Бұл қате неге соқтырды?

Элеватор басшының айтуынша, астығының жарамсыз екенін біле тұра, арпа иесі сарапшылар мен АҚК қызметкерлерінің қателігін өз мақсатына пайдаланып кетті.

"Ол екінші сыныптағы астық қолхатын шығару туралы бұйрыққа келісім бере қойған. Құжатта көрсетілген астық сапасы өзі өткізген арпаның сапасына мүлдем сәйкес келмейтінін біле тұра солай істеген. Артынша арпа иесі астығын толық көлемде үшінші тұлғаға сатып жібереді. Бұл ретте клиентін де өнімінің шынайы сапасы туралы хабардар етпеген. Салдарынан, қазіргі кезде 500 тонна арпаның жаңа иесі біздің астық қабылдау кәсіпорнынан астық қолхатында көрсетілгендей сападағы қымбат астықты босатып, жөнелтуімізді талап етіп жатыр", – дейді Владимир Александрович.

"Тимирязев элеваторы" одан бас тартты: оның АҚК-сында сонша көлемде 2-ші сыныптағы арпа жоқ екен. Демек, нарықтан соны өзі сатып алып, шығын шегуге мәжбүрленбек. Олай жасағысы келмейді.

"Біздің қызмет астықты қабылдап алып, өңдеп, жөнелтумен шектелген. Біз астық өсірмейміз ғой. Қазір жақсы сапалы әрі ауқымды көлемде арпа жөнелтуге мүмкіндігіміз жоқ: басқа арпа қабылдаған жоқпыз. Сонша мөлшердегі шіріген арпа ғана жатыр. Тіпті басқалардан қабылдаған арпамыз болса да оны бере алмас едік, ол өзге жеке және заңды тұлғалардың меншігі болып табылады. Біз олардың құқығын аяққа таптап, қылмыс жасай алмаймыз", – дейді кәсіпорын директоры.

Арпаның бағасы отандық нарықта тоннасы үшін 68 мың теңгеге дейін барады. Ендеше 500 тоннасын сатып алу үшін кәсіпорынға 34 миллион теңгедей шығын шығаруға тура келмек.

"Тимирязев элеваторының" астық қабылдау кәсіпорны шірік арпаның жаңа иесіне анағұрлым жоғары сапалы астық артудан бас тартты. Ол кәсіпкердің әрине, еш айыбы жоқ. Екі ортада алданғаны да сол: бір жағынан, сарапшылар қателігін байқамағаны – элеватордың өз кінәсі. Екінші жағынан, астық қолхатындағы деректер шындық ауылынан алыс жатқанын біле тұра, келісімін берген арпаның бастапқы иесінің ісі де құптауға жатпайды.

Сондықтан арпаның жаңа қожайыны астығын бермей отырған АҚК-ге қарсы шағымданып, өңірлік астық инспекциясына жүгінді. Бірақ инспекция оған қорған болудан бас тартып, өз құқығын қорғау үшін сот органдарына жүгінуге кеңес беріпті.

Өз кезегінде "Тимирязев элеваторы" ЖШС астық қолхаттарын ұстаушылардың мемлекеттік электронды тізілімін қалыптастыратын және жүргізетін регистраторға – Қаржы министрлігінің "Ақпараттық-есептеу орталығы" АҚ-ына көмек сұрап жүгінді. Ол қате кеткен астық қолхатына өзгеріс енгізуді өтінді. Сонда уытты иісті арпа орнына 2-сыныпты арпа беру міндеттемесінен құтылмақ. Алайда АЕО өз жауабында астық қолхатына өзгеріс енгізуге болмайтынын хабарлады. Сондай-ақ орталық элеваторға астық қолхатын өтеу (арпа иесіне астығын беру) операциясын жүргізуге ұсыным берді.

Осылайша, бір қатенің құны тараптардың біріне ондаған миллион теңгеге түскелі тұр.

Жанат Ардақ

Фото: pkzsk.info

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу