Ауыл шаруашылығы министрлігі ұн, дәнді-бұршақты дақылдар және майлы дақылдар өндірісі мен экспортының соңғы бес жылдағы көрсеткіштерін жариялады. Оларды салыстырсақ, бүкіл көрсеткіште төмендеу байқалады.
Мысалы, Қазақстан ұн өндірісінен 2017 және 2018 жылдары өзіндік рекорд орнатып, тиісінше 4 млн 9,8 мың және 4 млн 36,5 мың тонна ұн тартыпты. Одан кейінгі 2019 жылы – 3 млн 271,8 мың, 2020 жылы – 3 млн 322,6 мың, ал биылғы 2021 жылы 2 млн 57,2 мың тонна ғана ұн өндірілді.
Ұн экспорты да кейінгі бесжылдықта едәуір құлдырап кеткен. Атап айтқанда, Қазақстан жаһандық нарыққа 2017 жылы – 2 млн 315,4 мың, 2018 жылы – 2 млн 292,7 мың, 2019 жылы – 1 млн 562,8 мың, 2020 жылы – 1 млн 742,6 мың, ал 2021 жылғы 9 айда – небәрі 995,7 мың тоннасын ғана сата алды.
Дәнді-бұршақты дақылдарға қатысты жағдай да алаңдатарлық. Тарата айтсақ, 2017 жылы олардың – 20 млн 585,8 мың, 2018 жылы – 20 млн 276,8 мың, 2019 жылы – 17 млн 428,6 мың, 2020 жылы – 20 млн 529,1 мың, ал 2021 жылы – 16 млн 444,7 мың тоннасы ғана жиналған. Назар аударатын жайт, дәнді-бұршақты дақылдардың шығымдылығы да төмендеп барады. 2017 жылы әр гектардан 13,4 центнерден алынса, бұл көрсеткіш биыл 10,3 центнерге дейін азайып кетті.
Осы ауылшаруашылығы өнімінің экспорттық көрсеткіштері нашарлау үстінде: 2017 жылы – 138,9 мыңнан 2018 жылы – 281,9 мыңға дейін өссе, одан кейінгі 2019 жылы – 261,3 мыңға, 2020 жылы – 136,5 мыңға дейін кеміді. 2021 жылғы 8 айда республика әзірге бар-жоғы 61,18 мың тоннасын ғана әлемдік нарыққа өткізе алды.
Майлы дақылдар бүгінде дүниежүзіндегі ең құнды өнімдердің қатарына қосылды. Бұл салада Қазақстанның өндірісі шамалы жақсарыпты. Нақтылай кетсек, 2017 жылы – 2 млн 359,3 мың, 2018 жылы – 2 млн 693,6 мың, 2019 жылы – 2 млн 583,7 мың, 2020 жылы – 2 млн 556,5 мың, ал 2021 жылы – 2 млн 916,5 мың тоннасы жиналды.
Алайда бұл секторда өнімділік әр гектардан 2017 жылғы 9,7 центнерден биыл 7,6 центнерге дейін құлдырады. Экспорты да біршама азайған: әлемдік нарыққа сатылған майлы дақылдар көлемі 2017 жылы 806,9 мың тоннадан 2018 жылы – 978,9 мың, 2019 жылы – рекордтық 1 млн 263,1 мың тоннаға дейін өссе, ал 2020 жылы – 873,8 мың, 2021 жылғы қаңтар-тамыз аралығында 421,7 мың тоннаға әзер жетті.
Гуманитарлық көмек нарықтағы бағаны бұзды
Әсіресе, биылғы жыл ауылшаруашылығына қиын соғып тұр. Мысалы, 2021 жылғы қаңтар-қыркүйек айларында Қытайға бағытталған қазақстандық ұн экспорты былтырғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда бірден 91%-ға "құлады". Яғни осы жылғы 9 айда жұңғо елі бізден бар-жоғы 12,8 мың тонна ғана ұн сатып алды. Салыстыру үшін айтсақ, былтырғы 9 айда шығыс көрші бізден ұнның 146,6 мың тоннасын тасыған болатын. Бұған ҚХР-дің биыл қатаң карантиндік шектеулер енгізуіне байланысты жүктердің кеденнен өте алмай, тұрып қалуы ықпал еткен. Қытайлық тұтынушылар тұрақты жеткізілмейтін қазақ астығынан бас тартып, Пәкістанға бет бұрған.
Қазақстанның өз ішінде де ұнды тұтыну көлемі 58 мың тоннаға кеміді.
Республика ең ірі клиенті – Ауғанстан нарығын толық жоғалтпағанымен, экспорты біршама төмендеді: 250 мың тонна ұн жеткізілген, бұл былтырғыдан 33%-ға аз. Тәжікстан бізден ұн сатып алуын 52 мың тоннаға немесе 50%-ға, Қырғызстан – 47 мың тоннаға немесе 56%-ға азайтты.
Ауғанстан нарығынан қазақстандық өндірушілерді өзбек бәсекелестері ысырып шығаруда. Себебі әртүрлі салықтық жеңілдіктерді пайдаланатындықтан, әрі көлік-тасымал шығыны аз болғандықтан, өзбекстандық өндірушілердің ұнының өзіндік құны әлдеқайда төмен.
Тек қазан айының өзінде Ауғанстандағы ұн құны 20 долларға арзандады. Яғни ай басында 1 сұрыпты ұнның тоннасы үшін ауғандықтар Сарыағаш теміржол станциясында 360 доллар берсе, ай соңында бағаны 340 долларға дейін төмендетті.
Бұған Түркияның ауғандарға 50 мың тонна ұнды гуманитарлық көмек ретінде тегін жеткізе бастауы ықпал етті. Өз кезегінде Қазақстан Үкіметі де ізгілік көмегі ретінде Ауғанстанға 5 мың тонна ұнды тегін жіберген. Содан бұл нарық өнімге шектен тыс молыққан көрінеді. Әртүрлі елдер гуманитарлық жүк жеткізуді ары қарай жалғастырмақ, бұл ауғандық нарықтағы бағаның одан ары арзандауына түрткі болуда.
Сондай-ақ ауған нарығын ен жайлауға ден қойған өзбек өндірушілері де демпинг жасауын жалғастыруда.
Баға бұлай төмендей берсе, Ауғанстанға қазақстандық ұнды сату өзін-өзі ақтамайды.
Жанат Ардақ