Ала таяқпен көлік тоқтатуға болмайды

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
3731

Қызметтік құрал жол қозғалысын реттеу үшін ғана қолданылады. 

Ала таяқпен көлік тоқтатуға болмайды Фото: pavlodarnews.kz

Павлодар облысындағы жол-патрульдік қызметтің 508 өкіліне жол қозғалысын реттеу үшін ала таяқ берілді. Тәртіп сақшылары қызметтік құралды жол қозғалысын реттеу үшін ғана пайдаланады. 

"Бірінші қыркүйектен бастап күнделікті жұмыс барысында ала таяқ қолданылады. Жол-патрульдік қызметтің өкілдері ала таяқты түнгі уақытта, күн бұзылған шақта пайдалануға тиіс. Бұдан бөлек жол-көлік оқиғалары кезінде, техногендік, табиғи апаттар орын алған жағдайда, терроризмге қарсы операциялар барысында және көлік тізбегіне ілесіп жүрген уақытта кәдеге жаратады. Атап өтерлігі, ала таяқпен көлік құралын тоқтатуға тыйым салынған", – деді Павлодар облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Жасқайрат Қайыров.

Департамент өкілінің сөзінше, ала таяқтар сатып алынбаған. 2017 жылдан бері қоймада жатқан жерінен қолдануға қайта берілген. 

"Біздің департаментке қызметке тұрғанына 2 жыл толмаған тәртіп сақшыларына ала таяқты қолдану тәртібі үйретілуде. Әзірше теория жүзінде тәлім алуда. Кейін теориялық білімдерін тәжірибе барысында қолданады. 
Қызметкерлерді үйрету бір аптаға созылады. Ала таяқ жолдағы қауіпсіздікті арттырып, жүргізушілердің жол қозғалысын реттеушінің ишаратын қиындықсыз түсінуіне мүмкіндік береді", – дейді Жасқайрат Қайыров.

Оның айтуынша, ала таяқты қызметкерлерге қайтарып бермес бұрын, аталған мәселе қызу талқыға түскен. Бұл ретте халықтың пікірі ескерілген. Көлік жүргізушілерінің 70%-ы ала таяқтың қажет екенін айтқан.        

"Ел тұрғындары жол қозғалысы ережелерін жетік білсе екен дейміз. Өйткені олар жол қозғалысын реттеушінің ым-ишаратын дұрыс түсінуі керек. Әйтпесе реттеушінің ым-ишаратын орындамағаны үшін айыппұл қарастырылған. Атап айтқанда, мұндай жағдайда көлік жүргізушісіне әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 599 бабы бойынша 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Бұл – 25 мың теңге", – деп нақтылады полиция департаменті бастығының орынбасары.

Еске сала кетейік, 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда жол-патрульдік қызметінде қолданылатын ала таяқ алынып тасталды. Осылайша ала таяқтардың орнын арнайы қолғап  пен киім басқан болатын. 

Ішкі істер министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазақстандықтар тарапынан ала таяқсыз жол қозғалысын реттейтін қызметкерлерге қатысты шағым көп түскен. Айтуларынша, жол қиылыстарында реттеушілердің тұрған-тұрмағандығы білінбейді. 

2019 жылдың 1 қыркүйегінен бастап жол қозғалысын реттейтін полицейлер арнайы қолғап пен киіммен қоса ала таяқ пен ысқырықты пайдаланады. 

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу