Қазақстанда жаңа лауазым пайда болды

3823

Есеп комитеті жойылып, орнына жаңа ұйым құрылғалы жатыр. Ол туралы ережені бекітетін Президент жарлығының жобасы жарияланды. 

Қазақстанда жаңа лауазым пайда болды

Референдумда қабылданған Ата заңға сәйкес, Есеп комитеті тарих қойнауына кетіп, мемлекетте Жоғары аудиторлық палата (ЖАП) құрылуға тиіс. Оның төрағасын – Жоғары аудиторды Президент тағайындайды. Палата төрағасы бұл лауазымын 5 жыл атқарады, Мемлекет басшысына ұнаса, орынтағын тағы 5 жыл сақтай алады.

Мәжіліс Жоғары аудитордың есебін жылына екі рет тыңдайды. Бірақ есебі ұнамаса, қызметіне көңілі толмаса, оны жұмысынан қуа алмайды. Парламентте ондай құзыр жоқ. Парламентшілердің қолынан келетіні – Мәжіліс пен Сенаттың әрқайсысы ЖАП-тың үш мүшесін 5 жыл мерзімге қызметке тағайындайды.

Биыл жаңарған Конституцияның 99-бабында: "Конституциялық сот жəне Жоғары аудиторлық палата құрылғанға дейін Конституциялық кеңестің жəне Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағалары мен мүшелері өз өкілеттіктерін сақтайды" делінген.

Дегенмен эксперттік ортада Есеп комитетінің төрайымы Наталья Годунова отставкаға кетуі де мүмкін деген қауесет тарала бастады. Жалпы Н.Годунова бұрынғы Президент Н.Назарбаевтың 2018 жылғы 20 ақпандағы жарлығымен Есеп комитетінің тізгінін өз қолына алды. Содан бері 5 жылға жуық уақыт болып қалды. Төраға 5 жылға тағайындалатыны мәлім. Ол Елбасы командасының белді мүшесі саналды, "Нұр Отан" партиясының хатшысы, "Нұр Отан" партиясының Саяси кеңесі бюросының мүшесі болған.

Әрине, қазіргі Президент те Наталья Годунованы білікті деп танып, оған қайтадан сенім артуы мүмкін. Сарапшылар Жоғарғы аудитор лауазымына қаржы саласындағы білімі терең, сонымен бірге табанды, принципшіл, ештеңеден тайсалмайтын қайсар, беделі кіршіксіз таза адам таңдалғаны жөн деген байламға келіпті.

Жалпы мемлекеттік аудит саласында шешілмеген түйткілдер көп және олар әрі қарай қордалануда. Аудит саласының маманы, аға оқытушы, экономика ғылымдарының магистрі Гүлнар Шәкірова "Мемлекеттік аудитті жүргізу процесіндегі бюджет қаражаттарын пайдалану тиімділігі" атты ғылыми талдауында көптеген мысал келтіреді. Айталық, 2015-2019 жылдары жүзеге асырылған Индустриалдық-инновациялық даму мембағдарламасының тек өңдеу өнеркәсібінің бәсекеге қабілеттігін ынталандыру бағытына 878,3 миллиард теңге ел қаржысы шығындалған. Аудиторлар оның сапасыз жоспарланғанын анықтады. Осының салдарынан, жүздеген миллиардтың сайда саны, құмда ізі қалмады.

2017-2021 жылдары халықты өнімді жұмыспен қамту салалық мембағдарламасы аясында 285,2 млрд теңге бөлінген. Қайтарымы қайда? Жұмыссыздар армиясын ұлғайтқан жастар "қасіретті қаңтар" оқиғаларының қозғаушы күшіне айналды.

2016-2019 жылдарға арналған "Денсаулық" бағдарламасына 1 трлн 969,7 млрд жұмсалды. Аудиторлар оны шығындау барысында рәсім-процедуралар бұзылғанын, тиімсіз жоспарлау және бюджет қаржысын ұтымсыз пайдалану фактілерін әшкерелеген. Қандай шенеунік сол үшін жаза тартты?

Ізінше елді жапқан коронавирус пандемиясы медицина саласының індетке, халықтың денсаулығын қорғауға еш дайын еместігін паш етті. Халық өз үйінде емделіп, індетпен жалғыз алысты.

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың дерегінше, Үкімет жағдайды түзеу үшін 2020 жылы COVID-19 пандемиясымен күреске бюджеттен шұғыл түрде 252 млрд теңге, 2021 жылы – 556 млрд теңге бағыттады. Коронавирус инфекциясымен күресу үшін биыл тағы 100 млрд теңге бөлінуде.  

"Нұрлы жер" тұрғын үй бағдарламасына 2017-2021 жылдары 1 трлн 317,7 млрд теңге берілген. Аудиторлар жеке тұрғын үйлерді іске қосу көрсеткіштері орындалмағанын алға тартып отыр.  

2016-2019 жылдарға арналған Білім және ғылым мембағдарламасына, отандық білім мен ғылымның бәсекеге қабілеттілігін көтеруге 1 трлн 423,4 млрд теңге ел қаржысы бөлініпті. Бағдарламаның мақсаты орындалмады, жаза тартқан тұлға жоқ, Үкімет 2018 жылғы 29 қазандағы қаулысымен мембағдарламаның күшін мерзімінен бұрын тоқтата салды.

2015-2019 жылдар арасын қамтыған "Нұрлы жол" инфрақұрылымдық даму мембағдарламасына 2,8 трлн теңге бағытталды. Одан бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлау, миллиардтаған қаржылық бұзушылықтар анықталды.  

Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенін дамыту мембағдарламасына, нақтылай кетсек, "нарықта сұранысқа ие өнімдермен қамтамасыз етуге" 2017-2021 жылдары 2 трлн 374,2 млрд теңге берілген. Нәтижесі қандай? Соғыс пен санкциядан аман Қазақстанның азаматтары дүкенде қант үшін төбелесіп жатыр. Саладағы ахуалды Президент "ұят" деп бағалады.

Сарапшылар Жоғарғы аудитордан пәрменді әрекеттерді күтеді. Мысалы, Есеп комитетінің басшысы палаталардың бірлескен отырысында, Парламенттің биік мінберінен егер Үкімет қазіргі қарқынмен шаша берсе, онда 2030 жылға қарай Ұлттық қорда қаржы қалмайды деп ащы мәлімдеме жасады. Өзге де қатаң сындарды оқыды. Бұған айызы бір қанып, енді пәрменді шаралар қабылданар деп алақанын ысқылаған журналистер отырыстан шыққан Наталья Годуновадан Ұлттық қорға қатысты баяндамасына түсініктеме бере кетуді сұрады. Оның айтқаны ақпарат құралдары өкілдерін састырды. "Жағдай жаман емес", – деді Годунова ханым.

"Ұлттық қордың төмендемеуге тиіс қалдығы сақталуда, мемлекеттік борыш бойынша лимит те сақталуда. Мен қайталап айтамын, жағдай тұрақты. Әрине, Парламеттегі есебімде дәстүр бойынша жүйелі проблемаларды іздейміз, іске қосу үшін резервтерді іздейміз. Біз қаржылық бақылаудан аудитке көштік. Айырмашылығы неде? Қаржылық бақылауда кемшілікті табатынбыз, жария ететінбіз, жауаптылар жазаланатын және сол туралы Есеп комитеті хабардар етілетін. Ал аудитте кемшілік анықталса, оның себептерін іздей бастаймыз. Себептерін тапсақ, оны шешу жолдарын іздейміз. Содан кейін тексеруге іліккен нысанмен бірге отырып, мәселені қалай шешу жолдарын іздей бастаймыз. Не қаржылық, не заңнамалық шешімі табылады", – деді Н.Годунова.

Ондай шешімді шетсіз-шексіз іздеуге болатын сияқты.

Сарапшылар Есеп комитетінің Жоғарғы аудиторлық палата болып, аты өзгергенімен, заты өзгере қоятынын байқамапты. Халық талқысына шығарылып отырған Жоғары аудиторлық палата туралы ереже жобасында, бір қарағанда, оның мәртебесі биік көрінеді. ЖАП – сыртқы мемлекеттік аудитті және қаржылық бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік аудит пен қаржылық бақылаудың жоғары органы болады. Мысалы, Канадада бұл құзыр әртүрлі органға бөліп берілген: сыртқы мемаудитпен – Канаданың Бас аудитор кеңсесі, алдын ала және ағымдағы аудитпен – Қаржы министрлігінің хатшылығы, ал ішкі мемаудитпен – әр ведомстводағы ішкі аудит қызметтері айналысады.

Бұл палатаның міндеттері ретінде – "халықтың тұрмыс жағдайлары сапасының қарқынды өсуін және елдің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ұлттық ресурстардың (қаржылық, табиғи, өндірістік, кадрлық, ақпараттық) тиімді және заңды басқарылуын талдау, бағалау және тексеру" белгіленген. Құзырет-функциялары Есеп комитетіне ұқсас.

Бәлкім, Жоғарғы аудитор азуын көрсетіп, тегеурін танытып, жемқор шенділердің шаңдағын қағып, ұрланған ел қаржысын орнына келтіріп, тың істерімен танылса, жаңа органның жаңалығы да сол болар? Қ.Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында шенеуніктерден жаңа әдістер мен тың идеяларды пайдалануды талап етті ғой.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу