Қазақстанда жаңа мереке пайда болуы мүмкін

3323

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Үкімет қаулысының жобасын жария етті.  

Қазақстанда жаңа мереке пайда болуы мүмкін

Құжат қолданыстағы "Қазақстандағы мерекелік күндердің тізбесін бекіту туралы" ел Үкіметінің қаулысына толықтыру енгізеді, деп жазады inbusiness.kz  тілшісі. 

Жоба қабылданса, 15 сәуір – "Мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы жұмыскерлер күні" деп жарияланбақ.

Дегенмен, кейбір сарапшылар мұны әбестік санайды.

"Атауының өзі ақылға қонымсыз. Өйткені "Мемлекеттік қызмет туралы" заңы бойынша барлық шенеунік халыққа қандай да бір мемқызмет көрсетеді. Сонда бұл елдегі барлық шенеуніктің мерекесі бола ма? Пандемия жағдайында қоғам мен мемқызметшілер арасындағы онсыз да күрделі қатынастар тіптен нашарлап кетті. Астанадағы еңселі кеңселерде тығылып отырған биік лауазымдылар байқамайтын шығар. Алайда бұқара шенділердің өздеріне шекеден қарайтынын, еш құрмет көрсетпейтінін, әділетсіздігін өткір сезінеді. Қайда барсаң, бюрократиялық сергелдеңге түсесің, ведомстволар жауапкершілікті бір-біріне сырғытып, жүгіртіп қояды. Тек уақытылы есеп беріп, жалақы мен қаптаған сыйақыларды алса болды. Ал халықтың жағдайын, өмір сапасын қалайша жақсартамын деп бас қатырғаны аз. Жұрт содан араша сұрап бізге, қоғамдық ұйымдарға, партияларға мұң шағады", – дейді құқық қорғаушы Максим Борисов.

Бірақ мұндай байламмен цифрлық даму ведомствосы келіспейді. Ведомство бұл – бүкіл шенеуніктің емес, тек ХҚКО-ның мейрамы болмақ дегенді алға тартып отыр.

"Жалпы, елімізде мемлекеттік қызмет көрсетуді жүзеге асыруға тек меморгандар ғана емес, сондай-ақ заңды тұлға мәртебесіндегі ведомстволық бағынысты ұйымдар да жұмылдырылуда. Әйтсе де оның жұмыскерлері "мемлекеттік қызметші" мәртебесіне ие емес. Мысал ретінде айталық, "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тізіліміндегі" 741 қызметтің 621-ін шенеуніктер емес, "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы көрсетеді",–деді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі.

Айта кету керек, осы мемкорпорация тура бес жыл бұрын, 2016 жылғы 7 сәуірде "Халыққа қызмет көрсету орталығы", "Жер кадастры ғылыми-өндірістік орталығы", "Жылжымайтын мүлік орталығы" секілді негізгі республикалық мемлекеттік кәсіпорындарын және "Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықты" біріктіру жолымен құрылған болатын.

Бұл ретте Қазақстан Канададағы Canada Service және Австралиядағы Centrelink үлгісіне жүгінді. Мемкорпорация халыққа қызмет көрсететін барлық орталықты бір жүйеге интеграциялады. Азаматтар мемлекеттік қызметтерді "бір терезе" қағидаты бойынша бір жерден ала бастады.

Мамандардың айтуынша, квазимемлекеттік секторда қызметкерлерінің жалақысы аз ұйымның бірі – ХҚКО. Ал кәсіби мерекені енгізу оларды ынталандыру және жігерлендіру үшін қажет көрінеді. Оның үстіне бұл жылына тағы бір рет сыйақы алуға да мүмкіндік береді. 

"Мемкорпорацияның еңбек ұжымы облыстарда, үш мегаполисте, тіпті еліміздің шалғай аудандарында қызмет етуде. Оның жұмыскерлерінің жалпы саны 20 мыңнан асады. Алайда бүгінде олардың төл кәсіби мерекесін атап өту мүмкіндігі жоқ. Сонымен бірге осындай ортақ мерекесі болмағандықтан жұмыскерлер өзін кәсіби қоғамдастықтың бір мүшесі ретінде сезінбейді", – деп түсініктеме берді ведомство.

Айтпақшы, неге 15 сәуір таңдалып отыр? Себебі, 2013 жылғы 15 сәуірде ХҚКО-лардың құрылуына жол ашқан "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" заңы қабылданды.

Төл мерекеге тек ТМД елдері ынтық

ХҚКО жұмыскерлері Ресей, Грузия, Әзербайжан секілді посткеңестік елдердегі әріптестеріне қызыға қарайды екен: олардың бәрінде корпоративтік мерекесі бар.

Мәселен, Ресей Федерациясы Қазақстаннан көп бұрын, 2010 жылғы 27 шілдеде мемлекеттік және муниципалдық қызметтерді көрсететін көпфункционалды орталықтарды (КФО) құрды. Сондай-ақ "Мемлекеттік және муниципалдық қызметтерді көрсетуді ұйымдастыру туралы" федералды заңын да қабылдады. Ресей – унитарлы емес, федералды мемлекет екені мәлім. Тиісінше, солтүстік көршінің кейбір республикалары өз бетінше шешім шығарып, алғашқы заң қабылданған 27 шілдені – "КФО жұмыскерлерінің күні" кәсіби мерекесі ретінде бекітті.

Жалпы, халыққа қызмет көрсету орталығын құру ісінде ТМД аймағында грузиндер жолбасшы, ізашар болды. Грузияда Public Service Halls атты ұйым жұмыс істейді. Ол азаматтардың және шетелдіктердің күнделікті өміріне қажетті мемқызметтерді электронды форматта көрсетумен айналысатын электрондық үкіметтің үлгісі саналады. Сала мамандарының басын қосып, одан біртұтас кәсіби қауымдастық жасау мақсатында Грузия мереке енгізді. Осылайша, 2004 жылдан бері сәуірдің үшінші жексенбісінде "Грузияның қызмет көрсету саласының жұмыскері күні" кәсіби мерекесі аталып өтеді. Мерекені Грузия Президенті Эдуард Шеварднадзе 2003 жылғы 25 сәуірдегі шешімімен бекіткен.

Әзірбайжан да бізден бұрын қимылдады. Каспий бойынша көршіміз алғашқы "ASAN xidmət" орталығын 2012 жылғы 29 желтоқсанда ашты. Бұл елде де мемлекеттік қызмет көрсету саласы жұмыскерлерінің кәсіби мерекесі бар: Әзербайжан Президенті Ильхам Алиевтің 2017 жылғы өкіміне сәйкес "ASAN xidmət" (ХҚКО баламасы) қызметкерлерінің кәсіби мерекесі жыл сайын 29 желтоқсан күні тойланады.

Дегенмен, бір нәрсеге назар аудара кеткен ләзім. Кәсіби мереке тойлау – негізінен бұрынғы кеңестік республикалардың аңсары. Дамыған елдер бұған көп әуестенбейді. Олар мемлекеттік мейрамдарға көңіл бөледі.

Мысалы, ХҚКО орталықтарының мерекесі ТМД елдерін қоспағанда, әлемде Оңтүстік Кореяда ғана бар. БҰҰ eGov-рейтингі бойынша бірнеше жылдан бері электрондық үкіметті дамытуда көшбасшы болып келе жатқан "Таңғы самал елі" "Электрондық үкімет күні" кәсіби мерекесі ретінде 24 маусымды белгіледі.

Асқар Маминнің осы қаулы жобасына қол қояр-қоймасы әзірге белгісіз.

"Аталған кәсіби мерекені тізімге енгізу – 20 мың қызметкерге өзінің тұтас кәсіби қоғамдастыққа тиістілігін сезінуге мүмкіндік беріп, корпоративтік мәдениеттің одан әрі дамуына ықпал етеді", – деп табандайды Бағдат Мусин ұжымы.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу