Қазақстанда жаңа омбудсмен институты пайда болады

2031

Халықтың осал топтарына мемлекет жан-жақты көмек көрсетеді, оларды қолдауға миллиардтаған қаржы шығындалады. Енді бұл іске қоғамның тек осы қабатын ғана қорғайтын жеке омбудсмен қуатты серпін бермек. 

Қазақстанда жаңа омбудсмен институты пайда болады

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі елең еткізетін құжатты жариялады. Ол "Халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз санаттары құқықтары жөніндегі уәкіл институтын құру туралы" Президенттің Өкімінің жобасы деп аталады.

Аты айтып тұрғандай, оған Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойғаннан кейін Қазақстанда тек қана ХӘОТ-тарды (халықтың әлеуметтік осал топтарын) қорғайтын жаңа омбудсмен тағайындалады.

"Қазақстанда халықтың әлеуметтік әлсіз санаттарының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау жүйесін жетілдіру мақсатында қаулы етемін: 1. Қазақстанда өз қызметін қоғамдық бастамада жүзеге асыратын Халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз санаттары құқықтары жөніндегі уәкіл институты (бұдан әрі – Уәкіл) құрылсын", – делінген өкім жобасында.

Яғни қызметі бюджеттен қаржыландырылатын, салмақты жалақы алатын Адам құқықтары жөніндегі уәкілден айырмашылығы сол, жаңа омбудсмен жалақысыз, қоғамдық негізде жұмыс істейді. Бұл лауазым оған тек мәртебе мен атақ әпереді.

Құжатта жаңа уәкілдің негізгі мақсаты "халықтың әлеуметтік әлсіз санаттарының құқықтары мен заңды мүдделерiнің негізгі кепілдіктерін қамтамасыз ету, сондай-ақ олардың құқықтары бұзылған жағдайларда қалпына келтiру болып табылатыны" атап көрсетілген.

Өкімнің орындалуын бақылау Президент әкiмшiлiгiне жүктеледі. Құжат қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Өкімде сөз болып отырған ХӘОТ (орысша СУСН деп атайды) санатына жататындардың қатары үлкен, бұлар: 

  • Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері;
  • Соларға теңестірілген тұлғалар;
  • Бірінші және екінші топтағы мүгедектер, мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеуші отбасылар;
  • Үкімет бекіткен тізімде келтірілген бірқатар созылмалы аурулардың ауыр түрлерімен ауыратын тұлғалар;
  • Зейнеткерлер;
  • Жетім балалар, 29-ға толмаған, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
  • Қандастар (оралмандар);
  • Экологиялық апат, табиғи және техногендік сипаттағы ТЖ салдарынан баспанасынан айырылған адамдар;
  • Көп балалы аналар, көп балалы отбасылар;
  • Мемлекеттік, қоғамдық міндеттерді, әскери қызметті орындау, қоғамдық тәртіпті қорғау кезінде қаза тапқан тұлғалардың отбасылары;
  • Толық емес отбасылар, жалғызбасты аналар.

Бұл санаттағылардың құрамы қаншалықты әралуан болса, олардың шағымы да әрқилы болып келеді. Жаңа омбудсменге соның бәрімен айналысуға тура келмек.

Мысалы, ХӘОТ өкілдерінің көбісі үй және жер сұрайды. Николай Павлов өз әкімдігінен жер телімін беруді сұрап жүр, ол коммерциялық нысан салмақшы. "ХӘОТ өкілі ретінде маған жер учаскесін әкімдік конкурстан тыс беруге тиіс" деген ойда. Өз кезегінде "Алматы" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы қағидаларға сәйкес мегаполис аумағындағы жерді конкурстық негізде ұсынатынын алға тартты. Ал Жер кодексінің 48-бабы бойынша коммерциялық мақсаттағы жерлер тек қана сауда, аукцион арқылы берілуге тиіс екен.

Бес баланың әкесі Ерлан Исабеков 2012 жылы "БТА Банктен" 5,2 миллион теңге көлемінде ипотекалық қарыз алыпты. Соған Шымкенттен баспана алған.

"Содан бері несиемді ай сайын уақытылы төлеуге тырыстым. Қазіргі кезде банкке 7,6 млн теңгесін төлеп болдым. Тағы бірнеше миллионы қалды. Бірақ қазір оны төлеу қиынға түсуде. Сол ипотекаға сатып алған, жер учаскесі бар үй – жалғыз баспанам. Оны алып қойса, балалармен далада қаламын. Алайда азық-түлік, басқа да өмірлік қажетті тауарлар бағасы күн сайын қымбаттауда. Отбасы шығындары артты. Кредитті ай сайын өтеуді көтере алмайын деп тұрмын. Балалар үйде тойып тамақ ішпейді. Киім-кешекке де қаржы жете бермейді. Содан үйде айғай-шу, ұрыс-керіс жиіледі", – деді ол.

Сондықтан отағасы "Халық банкіне" көшкен осы қарызын "Бақытты отбасы" бағдарламасы аясында 2% жылдық ставкамен қайта қаржыландырып беруді сұрап, "Отбасы банкіне" жүгінген. Мемлекеттік банк "Бақытты отбасы" бағдарламасына көп балалы отбасылар қатыса алатынын растады. Бірақ көмектесуден бас тартты. Ол бағдарлама аясында тұрғын үй заемдарын қайта қаржыландыру қарастырылмаған.

ХӘОТ тағы бір өкілі, алматылық жалғызбасты ана Сәуле Қалибек ұзақ жыл үй кезегінде тұр. Мегаполисте ол кезек мәреге жақындайтын емес. Содан ол бар үмітін тұрғын үй сертификатына артқан екен. Оның үстіне биылдан бастап сертификат сомасы 1 миллионнан 1,5 миллион теңгеге дейін ұлғайтылды. Яғни "Шанырақ" арзан ипотека бағдаламасымен баспана алуға жақсы көмек болатын еді.

"Тұрғын үй сертификатымен үмітім көп болып еді. Бұл сертификат заң бойынша ХӘОТ барлық санатына берілуге тиіс болатын. Алайда Алматы мәслихаты жалғызбасты аналарды бұл игіліктен қағуды жөн санапты. Салдарынан, бағдарлама аясында берілген мүмкіндіктен айырылып қалып тұрмын, өтінішімді банк мақұлдап қойып еді. Қаражат енгізу сатысында сүріндім. Тұрғын үй саясаты басқармасының басшысымен кездестім, ол мұндай шешім Сағынтаев мырза тұсында қабылданып қойылған деп қол жайып отыр. Қазір Сағынтаев жоқ қой. Ол қаланы сырттай басқарып отырмаған шығар. Оның кесірлі шешімдерін өзгерту керек қой", – деп қапаланады жалғызбасты ана.

Дегенмен Алматы әкімдігі бұл шешім Сағынтаев емес, Досаев тұсында қабылданғанын аңғартты.

"Алматы қаласының мәслихаты 2022 жылғы 8 маусымдағы кезектен тыс сессиясында 1,5 млн теңге көлеміндегі тұрғын үй сертификаттарының жаңа мөлшерін бекітті. Ол шешім 7 шілдеде күшіне енді. Онда тұрғын үй сертификаттарын алушылар санатының бекітілген тізімінде "толық емес отбасы" санаты жоқ. Сондықтан бұл топтағы тұрғындардың өтінішін қанағаттандыра алмаймыз", – деп хабарлады әкімдік.

Ал Еңбек және халықты қорғау министрлігі ХӘОТ санаттарына жұмсалатын бюджет шығындары артып бара жатқанын еске салды. Біріншіден, 2022 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 127,6 мың отбасындағы 657,3 мың адамға атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) тағайындалды. Биыл осы мақсатқа бюджеттен 83,8 миллиард теңге бөлінді.

Екіншіден, бүгінде АӘК алушы отбасылардағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі 180,1 мың балаға азық-түлік және тұрмыстық химия жиынтығы түрінде кепілдендірілген әлеуметтік топтама (КӘТ) беріледі.

Үшіншіден, жыл басынан бері көпбалалы отбасылар 227,4 миллиард теңгеге жәрдемақы алды. Биыл бұл жәрдемақымен орта есеппен 501,2 мың отбасы қамтылды. Соның ішінде тамыз айында 501,4 мың отбасына 28,8 млрд теңге жәрдемақы төленді. Бұл мемжәрдемақыны 4 және одан көп кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студент балалары бар отбасылар табысына, бай-кедей екеніне қарамастан ала алады.

Төлем мөлшері бала санына қарай есептеліп төленеді. Көп балалы отбасыларындағы 4 балаға – 50 975 теңге, 5 балаға – 63 727 теңге, 6 балаға – 76 479 теңге, 7 балаға – 89 231 теңге, 8 балаға – 101 760 теңге, 9 балаға – 114 480 теңге, 10 балаға – 127 200 теңге, 11 балаға – 139 920 теңге, 12 балаға – 152 640 теңге, 13 балаға – 165 360 теңге, 14 балаға – 178 080 теңге, 15 балаға – 190 800 теңге, 16 балаға – 203 520 теңге немесе әр балаға 12 720 теңге төленеді.

Төртіншіден, 2022 жылдың басынан мүгедектігі бар адамдар Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы 263 мыңнан астам қызмет алды. Атап айтқанда, шамамен 230,5 мың мүгедек оңалтудың техникалық құралдарын (ОТҚ), 6,8 мыңы – ымдау тілі қызметін, 26,1 мыңы – жеке көмекшінің қызметін пайдаланды. Осы арқылы азаматтар протездік-ортопедиялық, сурдотехникалық, тиелотехникалық және гигиеналық құралдарға, сондай-ақ кресло-арбаларға қол жеткізді.

Порталда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін 824 медициналық-әлеуметтік мекеме, 259 ОТҚ жеткізуші, 25 мыңнан астам жеке көмекші, 640 ымдау тілін қызметін, 90 санаторлық-курорттық емдеуді, 66 кепілдік берілген әлеуметтік топтаманы жеткізушілер тіркелген.

Бесіншіден, жыл басынан қазақстандықтарға мүгедектік және асыраушысынан айырылуы бойынша 292 млрд теңгеден астам жәрдемақы төленді. 2022 жылғы 1 қыркүйекте мүгедектік бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушылардың саны 533,5 мың, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша 180,1 мың адамға жетті.

Қалай болғанда, жаңа омбудсменнің жұмыс өрісі кең болатын сияқты. Оны жылдар бойы қордаланған, тау-тау болып үйілген мәселелер күтіп тұр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу