Қазақстанда жаңа шұғыл қызмет пайда болады

10740

Медсақтандыру қоры "кедейленгеніне" шағымданып отыр.

Қазақстанда жаңа шұғыл қызмет пайда болады

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры пандемия кесірінен "103" жедел жәрдем шақыру қызметінің ауыртпалығы өз иығына түскеніне қапаланады. Сонымен бірге халық пен бизнес ай сайын аударатын жарналарды көп шығындауына құзырлы органдардың шектеу қойып отырғаны да оған ұнамайды.

ӘМСҚ әу баста сақтандыру жүйесінде медкөмек көрсететін емханалар мен клиникалардың қызметтеріне ақы төлеу, медұйымдардың есебін жүргізу, осы салада сатып алуды жүзеге асыру үшін құрылғанын еске салады. Пандемия әрине, барлығына жүктеме көлемін арттырды.

"Бүгінде медсақтандыру жүйесіне қатысушыларға медициналық қызметтердің кең ауқымы ұсынылады. Сырқаттардың құқығын қорғау, оларға медициналық көмек алу, "сақтандырылған" мәртебесін алу мәселелері бойынша кеңес беру мақсатында 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап 24/7/365 режимінде халықпен кері байланысты қамтамасыз ету үшін "1406" нөмірлі бірыңғай байланыс орталығы іске қосылды. Бастапқыда бұл байланыс орталығының негізгі міндетіне тек медкөмек алу мәселелері бойынша халыққа кеңес беру ғана кірді. Ал осы жылдың наурызынан бері негізгі функциясы сыртында, басқа да жұмыстарды атқаруға тура келді: мысалы, оған әлеуметтік жәрдемақы төлеу, жұмыссыз ретінде тіркелу, БЖТ аудару секілді әлеуметтік мәселелерді, мемлекеттік қолдау шараларын түсіндіруге тура келді, сондай-ақ жұртшылықтан COVID-19 таралуының алдын алу және салдарын жою жайында көптеген сұрақтар келіп түсе бастады", – дейді қор.

Нәтижесінде, ӘМСҚ-тың байланыс қызметіне деген жоспарланбаған шығыстары ұлғайыпты.

"Бұл қордың активтерін, яғни медсақтандыруға қатысушылардың жарналары мен аударымдарын мақсатсыз пайдалану болып табылады. Оның үстіне бұл қордың қаржылық тұрақтылығына теріс әсер етеді және сақтандырылған тұлғалар үшін медкөмектің толық көрсетілмеу тәуекелін тудырады", – деп қорқытады қор.

"Тұйықтан" шығар жол бар ма?

ӘМСҚ проблеманың шешімі ретінде өзінің "1406" Call-орталығының нөмірін 101, 102, 103 секілді бүкіл Қазақстан көлемінде байланыс қызметтерін пайдаланушылар үшін қосылу тегін болатын қызметтер тізбесіне енгізуді ұсынады. Яғни, қор өзінің байланыс орталығын шұғыл қызметтер мәртебесіне дейін көтеруді мақсат етіп отыр. Сонда қор оны қаржыландырудан құтылады.

Қордың мәліметіне жүгінсек, байланыс орталығы біршама қымбатқа түсіп отыр: оны ұстап тұру шығыстары биылғы наурызда 18,9 миллион теңге, пандемия шырқау шегіне жеткен сәуірде – 17,3 миллион теңге болды. Кейін маусымда – 6,5 миллион теңгеге дейін төмендеген. Мұның көбін байланыс операторлары алдындағы шығыны құрайды. Қосылуды тегін етуді сұрауы да содан.

"Жеке және заңды тұлғалардың жүгінуінің артуына орай байланыс қызметтерінің шығыны ұлғаюда. Байланыс орталығының жұмысы әлеуметтік маңызды саналады. Сондықтан байланыс қызметтерін пайдаланушылар үшін қосылу тегін болатын шұғыл медициналық, құқық қорғау, өрт, авариялық және басқа да қызметтер тізбесіне медқызметтер көрсету мәселелері бойынша бірыңғай байланыс орталығын – "1406" нөмірін де қосу талап етіледі", – дейді ӘМСҚ.

Биліктің шешімі – бизнестің шығысы

Бұл нөмірге азаматтар үшін қоңырау соғу тегін. Оның шығынын қор өтейді. Жаңа құжат бұл шығынды бизнес секторына жүктеуді көздейді.

Осы мақсатта Үкіметтің 2004 жылғы 3 қыркүйектегі "Байланыс қызметтерін пайдаланушылар үшін қосылуы тегін болып табылатын шұғыл медициналық, құқық қорғау, өрт, авария және басқа да қызметтердің тізбесін бекіту туралы" №929 қаулысына толықтыру енгізетін жаңа қаулы жобасы әзірленіп отыр.

Сарапшылар бұл қадам ұялы байланыс операторларына шығын әкелетініне назар аудартады. Бұған көз жеткізу үшін байланыс операторларының 2020 жылғы маусымдағы биллингіне үңілуге болады.

  • Теле2 абоненттерінен 1406 қызметі минутына 20,25 теңге бағамен 91 мың 388 минут қоңырау қабылдаған. Тиісінше, бұл қорға 1 миллион 850 мың 607 теңгеге түсті. Егер ӘМСҚ ұсынысы өтсе, осындай шығынын Теле2 өзі көтереді.
  • Билайн клиенттері қормен 47 мың 83 минут бойы сөйлесті. Әр минутын 27 теңге бағамен есептеп, Билайн қордан маусымда 1 млн 271 мың 241 теңге алған.
  • Кселл абоненттері 1 айда ең көп тілдесті: 94 мың 467 минутты құрады. Минутына 20,25 теңге тарифпен оператор 1 млн 912 мың 956,75 теңге сомасында пайда тапты.

Қазақтелеком клиенттерінің қоңырауы жалпы алғанда 75 мың 681 минутқа созылған. 1 минут байланысының құнын 18,91 теңгеге бағалапты. Сәйкесінше, қор 1 миллион 431 мың 127,71 теңгеге шығындалды.

Қабылданған қоңыраулардың жалпы құны 6 миллион 465 мың 932,46 теңгеге жеткен.

Қордың өзінің есебінше, азаматтардан келіп түсетін қоңыраулардың 1 жылдық орташа шығыны 182,4 миллион теңгеге дейін барады. Соның ішінде қысқа SMS хабарламаларды қабылдаудан келетін жылдық шығыс – 11,6 миллион теңге болмақ.

Әйткенмен, халық "1406" операторларының білікті екеніне шүбәланады.

"Коронавирустан зардап шеккен азаматтарға мемлекет қандай қолдау көрсететінін білгім келеді. Бәлкім, сақтандырылғандарға сауықтыру қызметтері көрсетілетін шығар, санаторий-курорттарға жіберетін болар. 1406 контакт-орталығына хабарластым, ондағылар мұндай ақпаратты беруден бас тартты және Денсаулық сақтау министрлігіне жүгінуге кеңес берді", – дейді қала тұрғыны Айгүл Сарбасова.

Ал 2-курс студенті Аңсар Исмағұлов өзіне тиесілі емді ала алмай жүр. Заң бойынша ЖОО-да оқитын жастардың сақтандыру жарнасын мемлекет бюджеттен аударады.

"Бірақ маған "сақтандырылған" мәртебесі тағайындалмапты. 1406 байланыс орталығының операторлары екінші күн қатарынан бос емес. Qoldau 24/7 қосымшасына 3 рет мәртебе беру жөнінде сұрау жібердім, үшеуі де қараусыз қалдырылды. Ауырып жүрмін, симптомдары COVID-19 індетіне ұқсайды. Шұғыл мәртебе беруін қалаймын. Оқу орнымнан анықтаманы да, студенттік билет көшірмесін де, әлеуметтік мәртебемді растаған Egov сайтының скриншотын да жібердім", – дейді ол.

Өзге азаматтар да мәртебе тағайындау және қалпына келтіру туралы мәселелерді бұл байланыс орталығы шешпейтініне шағымданады. Сонда оның халыққа не үшін керегі түсініксіз.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу