Қазақстанда жаңа жылда бірден 15 өңір сағат тілін кері жылжытады

16749

Еліміз Қытайдың жолына түсті.

Қазақстанда жаңа жылда бірден 15 өңір сағат тілін кері жылжытады Фото: inbusiness.kz

Еліміз Қытайдың жолына түсті.

Республиканың басқа сағат белдеуіне ауысуы мүмкін екенін inbusiness.kz былтырғы жылдан бері жазып келді.

Қазақстан уақыт санаудың түрлі жүйелері арасында ұзақ сандалды. Алдымен жазғы уақытты ұстанды, кейін сағат тілін бір сағат алға, бір сағат кері жылжытумен болды.

1990-шы жылдары аймақ елдері – Өзбекстан, Түрікменстан және Тәжікстан экономикалық себептерге байланысты жазғы маусымда сағат тілдерін жылжытуды доғарды. Қазақстан ХХІ ғасыр басында солардың қатарына қосылды. Үкіметтің 2005 жылғы 15 наурыздағы №231 қаулысымен республика толығымен жазғы уақыттан бас тартты. Содан бері бізде тұрақты түрде – қысқы уақыт орнаған еді.

Енді мемлекет одан да бас тартпақ.

Үкімет бүкіл елді UTC+5 бірыңғай сағат белдеуіне ауыстыруды қарастыратын қаулы жобасын әзір етті. Ол "Жаңа жыл" мерекесіне дейін қабылданады деп күтілуде.

Содан кейін Қазақстанның 12 облысына және үш мегаполисіне сағат тілін ауыстыруға тура келмек.

Құжатқа сәйкес, қазақстандықтардың басым бөлігі 29 ақпаннан 1 наурызға қараған түні бір сағат кері жылжиды. Яғни, кері қадам жасап, "өткен шаққа оралады".

Осылайша, Қазақстан Республикасының бүкіл территориясында бір ғана сағат белдеуі пайда болады.

Салдарынан, мамандардың түсіндіруінше, биліктің шешімімен Қазақ елі уақытты есептеудің "қытайлық" тәсіліне көшеді. Себебі, географиялық тұрғыдан Қытай халық республикасы бірден 4 сағат белдеуінде орналасқан. Алайда ресми түрде бүкіл шың елін жалғыз Бейжің уақыты (UTC+8) "жатқызып-өргізеді". Өйткені коммунистік билік "Қытай өңірлерінің түрлі уақыт режимін ұстануы бірлік пен тұтастықты бұзады, сондықтан барлық провинциялар тек орталықтың уақытына бағынсын!" деп шешкен.

Географиялық тұрғыдан, іс жүзінде Қазақстан да 4 сағат белдеуінде орналасқан: UTC+3, UTC+4, UTC+5, UTC+6.

Ал құжат жүзінде, яғни ресми түрде бүгінде елімізде үш уақыт белдеуі қолданылады, бастылары: UTC+5, UTC+6. Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Ақтөбе және Қызылорда облыстары – 4-ші сағат белдеуінде: UTC+4+1.

Жаңа 2024 жылы соның бәрінің орнына Қытайдағыдай, жалғыз ғана белдеу қалады деп жоспарланған.

Биліктің дәйектемесі қандай?

Бұл салаға Сауда жəне интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті жауап береді.

Оның мәліметінше, Қазақстан азаматтарының едәуір бөлігі – Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Павлодар, Алматы, Түркістан, Жамбыл, Ұлытау, Жетісу және Абай облыстарының, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының тұрғындары өзінің географиялық уақытынан озып, UTC+6 әкімшілік уақыт белдеуі бойынша өмір сүреді. Бұл аймақтар шынында UTC+5 уақыт белдеуінде орналасқан.

"Адамның денсаулығы, экономикасы және қауіпсіздігі үшін табиғи уақытқа мүмкіндігінше жақын тұрақты уақыт белдеулерін пайдалану қажет. Осыған байланысты жекелеген азаматтар, қоғам белсенділері, Парламент депутаттары Қызылорда, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстары үшін уақытты есептеуді реттеу мәселелерін көтеріп жүр. Озық уақытты қолдану бірқатар аурулардың өршуіне ықпал етеді. Ең алдымен, десинхронозға, шаршаудың жинақталуына, ақыл-ой және физикалық жұмысқа қабілеттіліктің төмендеуіне, ұйқының, ас қорытудың бұзылуына және ықпал етеді", – деді Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев.

Сол себепті 2018 жылғы желтоқсанда Қызылорда облысының жергілікті уақыты 1 сағат кері ауыстырылған болатын.

Министр аталған мәселені кешенді пысықтау мақсатында Сауда және интеграция министрлігі жанынан арнайы жұмыс тобы құрылғанын еске салды. Оның құрамына 60-тан астам адам, соның ішінде Парламент депутаттары, орталық және жергілікті меморгандардың, ғылыми институттардың, жоғары оқу орындарының өкілдері мен қоғам қайраткерлері кірді.

Жұмыс тобының бастамашыл мүшелері "Қазақстан Республикасындағы уақытты есептеуді зерттеудің негізгі нәтижелері" атты есебін дайындады. Онда уақыт белдеулерін реттеу немесе оларды күн (табиғи) уақытымен үндестіру халықтың денсаулығына, экономикаға, білімге, қауіпсіздікке және қоршаған ортаға айтарлықтай әсер ететіндігі атап өтіледі.

Озық уақыттың әлеуметтік салдарлары – адамның ұйқысы қанбауының созылмалы сипат алуына, иммунитеттің, физикалық және ақыл-ой белсенділігінің төмендеуіне соқтыратын көрінеді.

"2023 жылғы 1 желтоқсандағы жұмыс тобының отырысында қарау нәтижесінде есеп бекітілді және Қазақстанда UTC+5 бірыңғай уақыт белдеуін енгізу ұсынылды. Сарапшылардың пікірінше, бұл нұсқа – ең дұрыс және қолайлы нұсқа. Әрі Қазақстанның көптеген өңірлері үшін табиғиға жақын уақытты пайдалануға мүмкіндік береді. Осыны ескере отырып, Үкімет қаулысының жобасы әзірленді. Оған сай, 2024 жылғы 29 ақпаннан 1 наурызға қараған түні, сағат 00-00-де елдің бүкіл аумағы бойынша UTC+5 "Бірыңғай уақыт белдеуін" айқындау ұсынылады. Оған сәйкес болу үшін сол күні Астана, орталық және шығыс өңірлер жергілікті уақытын 1 сағатқа кері шегіндіреді", – деп түсіндірді Сауда жəне интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті.

Әңгіме Астана, Алматы, Шымкент қалалары, Абай, Ақмола, Алматы, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Ұлытау, Шығыс Қазақстан облыстары туралы болып отыр. Уақытта бір сағат "кері шегінетін" де – осылар.

Министр өз түсініктемесінде мұның қытайлық үлгі екенін жоққа шығармады.

"Мемлекеттің бүкіл аумағында бірыңғай белдеулік уақытты қолданған мемлекеттердің бірі – Қытай. Елдің аумағы UTC +9/+8/+7/+6 сияқты төрт уақыт белдеуінде орналасқан. Соған қарамастан, елде тек бір ғана UTC+8 әкімшілік уақыт белдеуі қолданылады. Бірыңғай уақыт белдеуі 175 елде, соның ішінде ҚХР, Германия, Мысыр, Үндістан, Сауд Арабиясы, Аргентина және басқасында бекітілген. Жобаны қабылдау әлеуметтік-экономикалық немесе құқықтық теріс салдарларға әкеп соқпайды, сондай-ақ ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге әсер етпейді", – деді Арман Шаққалиев.

Қазақстан "ауытқыған уақытта" өмір сүруде

Министрлік жанынан құрылған жұмыс тобының есебінде айтылғандай, Қазақстанда UTC+5 бірыңғай уақыт белдеуін белгілеу – "хронобиология тұрғысынан ең оңтайлы нұсқа және ол адам биоритмдерін табиғат ритмімен синхрондауға ықпал ететін болады".

"Табиғи уақыт белдеуіне оралу елдің көп бөлігінде азаматтардың әл-ауқатын жақсартады. Адамның өмір сүру ұзақтығына оң әсер етеді. Бұл жағдайда жарық белсенділігіне байланысты "дұрыс" гормондар түзіледі. Жүргізілетін емдеу шаралары, пациенттердің дәрі-дәрмектерді қабылдауы қазіргі ауытқыған уақытпен емес, аспандағы күн уақытымен байланысты болуға тиіс. Медициналық тұрғыдан UTC+5-ке ауысу адам ағзасына, әсіресе балаларға оң әсер етеді. Бір уақытқа бір рет ауысу табиғи ритмдерге сәйкес адам ағзасының функцияларын реттеудің жүйке, гуморалдық және иммундық механизмдерінің оң қайта құрылуының арқасында ауыртпалықсыз өтеді", – деп сендірді жұмыс тобының сарапшылары.

Сонымен, Үкіметтің ұстанымынша, Қазақстанның бүкіл өңірін бір сағат белдеуіне тәуелді ету:

  • Десинхронозды, яғни шаршау, депрессия, ұйқысыздық, әртүрлі қан тамырлары, жүрек ауруларының дамуына себеп болуы мүмкін биологиялық ритмдер арасындағы сәйкессіздікті жояды.
  • Қазақстан аумағында жиі орын ауыстыратын адамдардың денсаулығына теріс әсер ететін, ұйқышылдыққа, ашуланшақтыққа және басқа да проблемаларға алып келетін түрлі уақыт белдеулеріне ауысуды болдырмайды.
  • Адамның еңбек өнімділігін, зейіні мен күш-жігерінің концентрациясын арттыруға ықпал етеді.
  • Созылмалы (хронический) ұйқының қанбауы, созылмалы шаршау және созылмалы аурулардың объективті алғышарттарын жояды.
  • Еліміздегі орташа өмір сүру ұзақтығының өсуіне және бала туудың артуына оң әсер етеді.
  • Уақыт кедергілерін азайта отырып, әртүрлі өңірлердің тұрғындары арасында тиімдірек қарым-қатынас жасау үшін қолайлы жағдайлар жасайды.
  • Бизнеске жағымды әсер етеді, трансшекаралық операцияларды үйлестіруді және халықаралық әріптестермен өзара іс-қимылды жеңілдетеді.
  • Банк секторының, қаржы нарығының дамуына ықпал етіп, неғұрлым тиімді қаржылық транзакциялар мен мәмілелерді қамтамасыз етеді.
  • Сондай-ақ өңірлер арасында неғұрлым жедел үйлестіруді қамтамасыз етеді. Барлық меморгандар мен шұғыл қызметтерді, кәсіпорындарды, көлік және басқа коммуникацияларды үйлестіруді жақсартуға көмектеседі. Атап айтқанда, көлік пен әуе қатынасының бірыңғай кестесін енгізу мүмкін болады.

Мұның қайсысы шынымен жүзеге асатыны, қайсысының жәй сөз болып қалатыны әзірге белгісіз.

Мысалы, сағат тілін кері жылжыту "бала туудың артуына оң әсер етеді" деген "аргументі" қызық.  

Бір анығы, келесі жылғы көктемнен бастап, 15 өңірдің тұрғындарының ұйқысы қанбауы мүмкін. Мысалы, егер бүгінде олар баласын мектепке жинау немесе жұмысқа дайындалу үшін таңғы 6-да тұратын болса, жаңа жылда ескі уақытпен таңғы 5-те оянуға мәжбүр болмақ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу