Әсіресе, Талғардағы оқиға, жолдастарының қолынан қаза тапқан жастардың жайы ерекше назарда. Бұл халықтың әлеуметтік көңіл-күйіне кері әсер етіп жатқанын жасырмаймыз. Біреулер шетелге көшкісі келетінін, қауіпсіздігіне алаңдайтынын жазуда. Расымен елде жасөспірімдер қылмысы көбейді ме, осындай теріс құбылыстарға қандай факторлар ықпал етуде?
Күз басында заңбұзушылық артқан
Халықтардың өмір сүру сапасына шолу жасайтын Numbeo онлайн-базасы биыл адам өлтіру қылмысы бойынша Қазақстанды 146 елдің арасында 75-орынға қойды. Индекс 45,9-ды көрсеткен.
Осылайша, еліміз "кісі өлтіру қылмысының деңгейі орташа" санатқа жатқызылған. Негізі индексі 20-ға дейінгі елдер адам өлтіру қылмысы өте аз, 20-40 арасы – аз, 40-60 – орташа, 60-80 – жоғары, 80-нен әрі қарай өте жоғары саналады.
Әлемде ең қауіпті елдер Венесуэла, Жаңа Гвинея мен Ауғанстан есептелсе, ең қауіпсіз елдер қатарында Андорра, БАӘ мен Қатар тұр.
Сонымен, өзіміздегі қылмыс көрсеткіштеріне келсек. Жалпы, Ішкі істер министрлігі былтыр, яғни, 2023 жылы қылмыс 2022 жылмен салыстырғанда 12 пайызға азайғанын мәлімдеген. 1,4 мың қылмыстық топтың жолы кесіліпті. Ал адам өлтіру 11 пайызға азайған. Тұрмыстық жағдайда 108 адам қаза тапқан.
Енді нақты жастардың арасындағы қылмысқа тоқталсақ.
Qamqor.gov.kz дерегінше, 2024 жылдың алғашқы 9 айында кәмелетке толмағандар 1 267, күніне орташа есеппен 3-4 қылмыстан жасап отырған. 47-сі денсаулыққа ауыр зиян келтірумен аяқталған. Былтыр дәл осы кезеңдегі көрсеткіш 1 307 болыпты. Дегенмен биыл күз бастала сала, қыркүйекте жасөспірімдер қылмысы аяқ асты өскені байқалады – 183.
Қоғам әлеуметтік зерттеулерге зәру
Ендігі сауал – жастардың қылмысқа неліктен барады, заңбұзушылыққа ерте араласуға қандай факторлар себеп? Әрине, пікір көп, бірі отбасыдағы тәрбиені, басқасы баланың өскен ортасын айыптайды. Осы айдың басында депутаттар да бұл сауалды қозғап, Ішкі істер министрлігіне жолдаған.
Ведомство ауыр жазамен бұл мәселе шешілмейтінін алға тартыпты. Олардың көзқарасы бойынша, отбасыдағы тәрбиеден бастап, әлеуметтік жағдай, білім, орта – бәрі әсер етеді. Сондықтан нақты себебін тап басып айту мүмкін емес.
Негізі министрліктің ұстанымы ақылға сиярлық. Себебі біз осы тақырыпты зерделеу кезінде көзге шалынған 6 факторды байқадық. Ең біріншіден, экономикалық жағдай, халықтың әл-ауқаты осы мәселеге себеп іспетті. Орташа жалақы 350 мыңнан асырылып көрсетілгенімен, халықтың басым бөлігі ондай сомаға қол жеткізбей отырғаны анық. Салдарынан жұмыссыздық пен кедейлік қылмысқа тартуы мүмкін екенін жоққа шығара алмаймыз.
Екіншіден, білім беру деңгейі. Ranking.kz мәліметінше, биыл Қазақстан білім беру сапасы жағынан 93 елдің ішінде 62-орынға ғана тұрақтай алған. Оның үстіне мектеп қабырғасында біліммен бас ауыртпаған жасөспірімдердің кейінгі өмірі бұлыңғырлау болып жататынын шындық.
Үшінші жайт, отбасы мен әлеуметтік орта. Отбасыда зорлық-зомбылық көрген балалар кейін қоғамға бейімделе алмай жататын іспетті. Бұдан кейінгі кезекте – мемлекеттік саясат та бар. Заңның орындалуы мен құқық қорғау органдарының жұмысы жиі сыналады. Мысалы ретінде Талғардағы оқиғада қаза тапқан Шерзат ісінің көпке созылып, дау тудыруында да дәл осы құқық қорғау органдарының іске шолықтығын айта аламыз.
Бесіншіден, бұрын көпшілікке күлкілі көрінгенімен, қазір азаматтардың басым бөлігі психологиялық қолдауға зәру екені аңғарылады. Бұған денсаулық мәселесін, түрлі зиянды заттарға тәуелділікті қосыңыз. Эмоцияны сыртқа шығара алмау мен қоғамның кейбір жалған стереотиптерінің әсері бары шындық. Ал соңғысы ретінде моральдық нормалар мен құндылықтарды атар едік. Қоғамдық мәдениет әлде де дамуы керек екенін анық білінуде.
Байқап қарасақ, осы себептердің бәрі бір-бірімен тығыз байланысты. Кәрі құрлық елдері көп мәселенің шешімін әлеуметтік зерттеулер арқылы тапқаны іспетті, Қазақстан қоғамы да осындай зерттеулерге зәру екені көрінеді.