Қазақстанда "мұнай қорын" басқаратын арнаулы кеңес құрылмақшы

4694

Парламент сенатында ұлттық қордың қаражаттары мен активтерін сақтау мәселесі көтерілді.

Қазақстанда "мұнай қорын" басқаратын арнаулы кеңес құрылмақшы

Осыдан бірнеше жыл бұрын ел үкіметі ұлттық қор қаражаты 100 миллиард доллар межесін бағындыратынына уәде еткен болатын. Алайда үш жыл бұрын әлемдегі "қара базарда" "қара алтын" құны үш есеге дерлік күрт арзандап кетті де, үкіметтің әлгі жоспары жайына қалды. Қаржы министрлігінің дерегінше, 2017 жылғы 16 қарашадағы жағдай бойынша ұлттық қордың активтері мен қаражаттары небары 56 миллиард 758,8 миллион долларды құрайды.

Бұл қаржының да бүтін боларына депутаттардың өздері сеніңкіремей отыр. Мәселен, сенатор Сергей Плотников ұлттық қордың шетелде орналастырылған қазынасының бір бөлігінің, яғни америкалық банктің голландиялық филиалының басқаруына берілген қаражаттарының сол Голландияда тұтқындалғанына алаңдаушылық білдірді.

Айтқандай, дәл осы мәселені бұдан бұрын мәжіліс депутаты Азат Перуашев көтерген болатын: "Өткен аптада ақпарат құралдары ұлттық қордың бес миллиард АҚШ долларынан астам сомадағы қаражаты Амстердам соты шешімімен тұтқындалғанын хабарлады. Ол сот тек қазақстандық әділет министрі мен ұлттық банктің ұстанымдарын ғана емес, сондай-ақ осы мәселе бойынша британ сотының шешімін де елеусіз қалдырды. Біз үкіметтен болған оқиғаның себептерін түсіндіруін күтеміз", – деген болатын депутат.  

Бұған жауапты ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев берді және шетелдік журналистердің дерегі бұрыстау екенін айтты.

"Ол жерде дұрыс емес ақпарат жария етілген. Ұлттық қордың швед компанияларының құнды қағаздарына орналастырылған қаражаттарының жалпы сомасы шамамен 100 миллион долларды, ал Голландиядағы компаниялардың құнды қағаздарына орналастырылғаны – 240 миллиондай долларды құрайды. Қазақстанға қарсы қандай да бір сот талаптары бойынша әділет министрлігімен бірге жұмыстар жүргізілуде", – деп қысқа қайырған Данияр Ақышев толығырақ ақпарат кейіндері жарияланатынын айтып, сырғытқан.

Өз кезегінде әділет министрі Марат Бекетаевтың түсіндіруінше, Молдова азаматы Анатол Стати мен оның ұлы Габриэль Статидің шағымы бойынша Қазақстан төрт жылдан бері шетелдегі сот процестері сериясына тартылған. Министр молдовалық инвестордың талабы алаяқтық әрекеттерге құрылғанын биыл британ арбитражында дәлелдеп шыққандарын, бірақ Стати оны голландық соттан жасырып, ескі шешімдер негізінде ұлттық қор қаражаттарын бұғаттауға қол жеткізгенін хабарлайды. Енді Қазақстанға Статидың алаяқ екендігін Голландияда дәлелдеуге күш пен қаржы жұмсауға тура келеді. Бұл тағы біраз уақытқа ұзауы ықтимал көрінеді. 

Алайда үкімет пен ұлттық банктен ұлттық қор қаражаттарының бүтіндігіне қатысты мандымды ақпарат ала алмаған депутаттар мазасыздануды жалғастыруда. Сенаттың бүгінгі отырысында олар ұлттық қор туралы дербес заң қабылдауды, тиісінше, ұлттық қордың активтерін тиімді пайдалану, бақылау және олардың бүтіндігін қамтамасыз ету үшін қажетті барлық талаптар мен нормаларды сонда қарастыруды ұсынды.

"Қазақстанның ұлттық қоры болашақ ұрпақ үшін қаражат жинақтау, экономиканың мұнай секторына тәуелділігін азайту және сыртқы қолайсыз факторлардың әсерін кеміту мақсатында құрылғаны есте. Қазақстан экономикасы әлемдік нарықтардағы бағалардың құбылуы, табиғи ресурстардың таусылуы, мұнай түсімдері көлемінің белгісіздігі секілді факторларға тәуелді болып қалуда. Ендеше ұлттық қор қаражаттарының сақталуы және оны тиімді басқару мәселелері де біз үшін көкейкесті болып қала бермек. Қазір ақпарат құралдарында инвесторлардың халықаралық арбитражға түсірген талап арызы бойынша ұлттық қор қаражаттарының тұтқындалуы талқылануда. Бұл инвесторлардың біздің үкіметке қарсы кез келген шағымы бойынша Қазақстанның ұлттық қоры қаражаттарының бұғатталуына соқтыруы мүмкіндігін көрсетіп отыр. Болашақтан мұндай жағдайлардан біз өзімізді қалай қауіпсіздендіре аламыз?", – деп сұрады бүгін сенатор Сергей Плотников.

Үкімет басшысының орынбасары Ерболат Досаев "шынында, ұлттық қорды қорғау мәселесі дәл қазір аса өзекті болып отырғанын" мойындады.

"Өйткені шетелде Қазақстанға қатысты осы мәселедегі дауды арбитраждық шешу жүзеге асырылуда. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша біз ұлттық банкпен бірлесіп, Норвегия моделіне көшу жөніндегі негізгі тәсілдемелерді пысықтап шықты. Себебі, норвегиялық үлгі ұлттық қор активтерін басқару үшін ең тиімді болып табылады. Сондай-ақ ол қордың активтерін қорғау және оның табыстылығын арттыру бойынша қажетті шешімдерді де әкеледі. Осы орайда бұған қажетті және бюджет кодексімен байланысты өзгерістерді біз пысықтап болдық. Оларды бүгін сіздер бірінші оқылымда қарайсыздар. Қалған өзгерістер, атап айтқанда, ұлттық қорды басқару жөніндегі кеңес құру туралы президент жарлығына және басқа да заңнамалық актілерге қатысты өзгерістер ағымдағы тәртіппен әзірленетін болады", – деді Ерболат Досаев.

Вице-премьер бұл бағыттағы жұмыс, соның ішінде ұлттық қордың сақталуы үкімет үшін басымдық болып табылатынын" қосты.

Ол сілтеме жасаған "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бюджет заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын осы отырыстарында сенаторлар көп талқыламай, бірден екі оқылымда қабылдай салды. Сондықтан онда ұлттық қорға қатысты не айтылғаны беймәлім қалды. Былайғы жұртшылық ол туралы тек аталған жаңа заң алда ресми басылымдарда жарияланғанда ғана біледі.

Ал біз үлгіге алғалы отырған "мұнай қоры" – Норвегияның тәуелсіз қорында (NBIM) жинақталған қаражат жақында, қазан айында 1,004 триллион долларға жетті. Егер бұл елде небары 5,2 миллион адам тұратынын ескерсек, әрбір норвегке қазір 200 мың доллар "мұнайлық" жинақтан келеді. Бұл қор бүкіл әлем бойынша халықаралық акцияларға және жылжымайтын мүлікке қаржы салады. 2016 жылы новергиялық қор екі қазақстандық компанияға да қатысқан. Атап айтқанда, былтыр NBIM 10,3 млн долларға "ҚазМұнайГаздың" 0,32% акциясын және 1,86 млн долларға Kcell 0,29% акциясын ұстаған. Көріп отырсыз, Норвегия триллиондық қаражатын әр компанияда миллиардтап шашып отырған жоқ.

Жаһандық экономикалық дағдарыс уақытында, 8 жыл ішінде Норвегия өз қорының небары 1%-ын ғана "жеп" қойды. Ал "Форбстың" мәліметінше, Қазақстан дағдарыспен күресу мақсатында өз ұлттық қорынан 83 млрд доллар қаражатын жұмсап үлгерген.

"Finprom" агенттігінің ақпаратынша, 2017 жылғы 10 айда ұлттық қорға 1,6 триллион теңге түскен. Бірақ "осы мерзім ішінде ұлттық қордан бұдан 2,6 есе көп шығын шығарылған".

"Ұлттық қордың азаю қарқыны 2016 жылмен салыстырғанда, биылғы жылы анағұрлым жоғары. Себебі, резерв қаражаттарын пайдалану көлемі күрт артты, ал түсімдер әлдеқайда баяу өсуде. Атап айтқанда, биылғы жыл басынан бері ұлттық қор қаражаттарынан 4,1 триллион теңге пайдаланылды. Өткен жылы бұл көрсеткіш 2,6 триллион теңгені құраған болатын. Бұл ретте қорға 2017 жылы түскен түсімдер көлемі небары 1,6 триллион теңгені құрады", – дейді агенттіктің сарапшылары. Осы тұста мемлекеттің банктерді құтқару үшін миллиардтар, тіпті триллиондар төгуге мәжбүр болып жатқаны назар аудартады.

Қазақстанның ұлттық қоры тек мұнай сатудан түсетін кіріспен ғана толықпайды. Зерттеушілер деректері бойынша, жер қойнауын пайдаланушылардан сот арқылы өндірілген қаржылар, айыппұлдар және өсімпұлдар бір жыл ішінде 6,1 есеге артып, 31,3 миллиард теңгеге жеткен. Ал қорды басқарудан түскен инвестициялық табыстар сомасы керісінше, үш есеге дерлік азайып, 125,5 миллиард теңгені құрапты.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу