Қазақстандағы №1 дотациялық өңір бюджетінің тосын тұстары анықталды

6056

Бір ғана Түркістан облысы әкімінің аппаратын ұстап тұру үшін мемлекет бүкіл Атбасар қаласының жылдық бюджетінен 10 есе көп шығын шығарады.

Қазақстандағы №1 дотациялық өңір бюджетінің тосын тұстары анықталды Фото: google.com

Түркістан облысының әкімдігі "2023-2025 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы" облыстық мәслихат шешімнің жобасын жариялады, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Онда көрсетілгендей, жаңа 2023 жылы тек Түркістан облысы әкімінің аппаратын ұстап тұру мемлекетке 3 миллиард 315,8 миллион теңгеге түспек.

Салыстырсақ, Атбасар қаласының 2022 жылғы бүкіл бюджеті 336 миллион теңге ғана! Яғни Түркістан облысы әкімінің аппараты Атбасар қаласынан он еседей көп шығындайды.

Оның үстіне Түркістан облысының қаптаған шенеуніктерінің қызметі бұдан да көп шығынды қажет етеді.

Атап айтқанда, келесі жылы облыстағы шенділердің өңір халқына "жалпы сипаттағы мемлекеттiк қызметтер" көрсетуі үшін 7 миллиард 255 млн теңге бөлінеді. Демек, аппаратты ғана емес, барлық түркістандық шенеуніктерді ұстап тұру әлгі қаланың бюджетінен 20 есе қымбат тұрады.

Облыс әкімінің қызметін қамтамасыз ету қызметтері 2 млрд 888,4 млн теңгеге шарықтамақ.

Сонымен мәслихат шешіміне сәйкес, 2023 жылы Түркістан облысының бюджеттік шығыстары жалпы алғанда – 1 триллион 54,2  млрд теңгені құрайды. Облыстың шығыны алдағы жылдары тек арта береді.

Түркістан облысының стратегия және экономикалық даму басқармасының басшысы Қанат Қайыпбектің түсіндірме жазбасында айтылғандай, шешім жобасы қабылданған жағдайда, облыстың бюджетінің көлемі 2023 жылы – 1 трлн 54,2 млрд, 2024 жылы – 1 трлн 50,8 млрд, ал 2025 жылы – 1 трлн 146,5 млрд теңгеге дейін өседі.

Әрине, осы қаражаттың барлығын облыстың өзі тапса, яғни көрпесіне қарай кең көсілсе, тек қуана, қуаттай қол соғу керек.

Алайда құжатта осы соманың басым бөлігі орталық, яғни республикалық бюджеттен алынатыны жазылған. Тек 2023 жылдың өзінде Түркістан облысы 968 миллиард 133,2 миллион теңге трансферт, дотация алады. 2024 жылы бұл сома – 964 млрд 219 млн, ал 2025 жылы – 1 триллион 56 млрд 951 миллионға жетпек. Бұл тарихи рекорд. Мұнша мол дотацияны еліміздегі өзге өңірлердің ешқайсысы алмайды.

Түркістан облысының өзінің табатын табысы мүлдем мардымсыз. Бүкіл облыстың табысы жалғыз Қарағанды қаласының табысынан аз көрінеді. Тарата кетсек, Түркістан облысының 2023 жылғы салықтық түсiмдері – 59,1 млрд теңге, салықтық емес түсiмдері – 5,4 млрд теңге болады. Ал Қарағанды қаласының салықтық түсімдері биыл – 59,1 млрд теңге, салықтық емес түсiмдері – 511,6 млн теңге, негізгі капиталды сатудан түскен түсімдері – 6,1 млрд теңге болды. Жалпы Қарағанды қаласы да дотациялы өңір, бірақ республикалық бюджеттен 18,1 млрд теңге ғана трансферт қаражат алады. Қарағанды қаласы Түркістан облысынан көп табыс тапқанымен, мемлекеттен осы облысқа қарағанда 53,4 есе аз дотация алады.

Бір қызығы, Түркістан облысының өз ішінде дотациялы емес, донор аудандар бар. Мысалы, алдағы жылы осы аудандар бюджеттерінен 8 млрд 529 млн теңге облыстық бюджетке алып қойылады. Атап айтқанда, Созақ ауданынан – 4 млрд 353,5 млн теңге, Сайрам ауданынан – 2 млрд 869,5 млн, Сарыағаш ауданынан – 1 млрд 306 млн теңге "тартып" алынады.

Өйткені өңірдегі өзге аудандар мен қалалар – қалпымен дотацияға қол жаяды, кірісі аз, жарлы саналады.

 

Осынша аста-төк дотация арқасында облыс тотыдайын таранып, гүл-гүл жайнап, өзге өңірлерге үлгі болатын дәрежеге дейін өркендеуге тиіс еді. Оның орнына облыс көптеген ресми және бейресми рейтингтерде көш соңында салпақтап келеді. Сарапшылар мұны бұрынғы облыс басшылығынан қалған ауыр мұра санайды.

Мәселен, таяуда Үкімет отырысында өңірлерде халықты әлеуметтік қорғау саласында күрделі ахуал қалыптасқаны сөз болды. Жиында айтылғандай, Сауда және интеграция министрлігі бағаны тежеу жұмыстарының нәтижесіне қатысты әкімдердің рейтингін жасапты. Бұл рейтингке сәйкес, көш соңында 2 өңір – Түркістан және Батыс Қазақстан облыстары қалып қойды.

Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың айтуынша, бұл өңірлерде не бөлшек сауда, не көтерме сауда нарығы бақыланбайды, ауыл шаруашылығы өнімдерін тікелей жеткізу бойынша жұмыс дұрыс жолға қойылмаған.

Министрлер кабинетінің қыркүйектегі отырысында Қазақстанның жаңа жылыту маусымынан дайындығы пысықталды. Сонда алдағы қыста жылыту жөнінен бір ши шығуы, апат болуы, тұрғындары аязда қатуы мүмкін өңірлердің қара тізімі жарияланды.

"Түрлі себептерге байланысты Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Ақмола, Павлодар, Абай облыстары және Астана қаласы жылыту маусымында ерекше назар аударуды талап ететін өңірлер болып табылады", – деді Энергетика министрі Болат Ақшолақов.

Жалпы Назарбаевтың тікелей қолдауымен Түркістан қаласын қазіргі заманға сай дамытамыз деп, ел қаржысы аямай төгілді. Нәтижесі қандай?

Көп балалы ана Ақбота басқа түгіл, облыс орталығының көшелері де жаға ұстатар жағдайда екенін айтады. Түркістандықтардың біразы қалалық бола тұра, асфальт туралы армандай да алмайды.

"Мен Түркістан қаласының Серт көшесінде тұрамын. Біздің көшеміз жауын-шашын күндері батпақ болып, әр жеріне су жиналып, өзіміздің де, мектепте оқитын балаларымыздың да жүріп тұруына қиындық туғызады. Содан тұрғындар, амалсыз, өз қаржыларын ортаға салып, осы көшеге шағыл тас төседі. Сол тас су, газ құбырларын жүргізу барысында топырақпен араласып кетті. Қазір көшемен жүріп тұруымыз қайтадан қиындады. Көшемізде жаяу жүргіншіге арналған жол да жоқ. Айналамыздағы басқа көшелерге өткен жылы қиыршық тас төселді. Ал біздің көше назардан тыс қалып қойды", – деген Ақбота апай облыстың жаңа басшысынан ең құрыса, Түркістан қаласының көшелеріне асфальт төсеуге мән беруін сұрайды.

Ордабасы ауданындағы Шұбарсу елді мекенінің тұрғындары жиі жарықсыз, сусыз отыратындарына шағымданып жүр.

"Жарық жиі өшеді, су беру доғарылды. Электрмен қамтамасыз ету жекеменшік мекемеге тиесілі дейді. Ол тұрғындардың есептеуіш көрсеткішінен ай сайын артық төлем жазады. Барлық үйде еңкейген кәріден еңбектеген балаға дейін қиналып біттік. Ауыз суды сатып ішеміз. Жарықсыз балалар сабаққа дайындала алмайды. Азық-түлігіміз ұзақ сақталмай, иістеніп, материалдық және моральдық тұрғыда зардап шегудеміз", – деді тұрғындар атынан Гүлзада апай.

Бюджеттен ұланғайыр дотация алатын облыс екен, демек, Түркістан облысы ел қаржысын нысаналы, ұтымды, ұқсатып жұмсап, серпінді даму жөнінен үздік үлгі, озық өнеге көрсетуге міндетті.   

Әйтпесе, тіпті адамдар арасындағы қарым-қатынаста да берген қаржыны белгісіз мақсаттарға босқа шашып, істі ілгері бастырмайтын, өзгені жарылқамақ түгіл, өзі де жарымайтын жанға ешкім көмек-қаржы бермейді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу