Қазақстандағы "кадрлық аштықты" қалай еңсереміз?

1278

Кәсіпорындар шетелдік не отандық оқу орындарында өз мамандарына білім алуға қаржы бөлген болса, үкімет оның жартысын өтеуге дайын. 

Қазақстандағы "кадрлық аштықты" қалай еңсереміз? Фото: ia-centr.ru

Бүгін Астана төрінде Адами капиталды дамыту бойынша Human Capital Days ІІ Халықаралық форумы өтті. Форум аясында өткізілген "Өнеркәсіп пен энегетиканың кадрлық қамтамасыз етілуі" атты дөңгелек үстелде өнеркәсіп пен білім саласы өкілдері маман даярлаудағы оқылықтарды талқылап, бірлесе жұмыс істеу тетіктерін табуға тырысты. Негізгі үш проблема мен оның шешімі жайлы inbusiness.kz тілшісі баяндайды.

Қазақстанда жұмыссыздық мәселесі жан-жақтан айтылып, жазылып жатқан кезде елорданың төрінде кадр жетіспеушілігіне қатысты іс-шараның өткізілуі кімді болса ойландыратыны сөзсіз. Ал негізі бұл мәселенің өзектілігі өзгелерден кем емес. Мысалы, ҰКП талдауының мәліметтері бойынша, 2022-2024 жылдары өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, ауыл шаруашылығы, білім беру мен сауда сияқты салаларда кадрлық ашаршылық байқалған. Әсіресе, белгілі бір салаға ғана бейімделген мамандар жоқтың қасы. Сұранысқа ие кадрды кім даярлайды? Үнемі бағдарламасын өзгертуге мәжбүр білім орындары ма, әлде сұрау салған кәсіпорындар ма?

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Ілияс Оспанов кадрлық әлеуеттің төмендігіне тоқталып, осы бағыттағы негізгі үш мәселені айқындап берді. Оның бірі – білім беру орындарының өндіріс саласының сұраныстарына дер кезде жауап бере алмайтындығы.

"Бізде о бастан ауыз толтырып айтарлық кадрлық әлеует болған жоқ. Нарық ғарыш жылдамдығымен күнделікті өзгеріске ұшырап жатыр, күнде бір жаңа өнеркәсіп орны ашылады, жаңа зауыт салынады. Олар бұрын-соңды естімеген технологияларды қолданады, көпшілік біле бермейтін салаларды таңдайды. Әсіресе, орта бизнес өкілдеріне арнап дереу кадр даярлау физикалық тұрғыда мүмкін емес болып отыр. Яғни білім беру саласы уақыт жағынан ұтылып, жаңа тенденцияларға үлгермейтінін көріп отырмыз. Бәріміз үйренген мамандықтар бойынша маман табу оңай, болмай бара жатса, басқа зауыттардан адам тартуға болады, ал мүлдем біздің нарықта болмаған кәсіпті меңгерген маман табылмайтыны заңды, сондықтан шетелдіктерді шақыруға тура келеді. Бұл – бірінші мәселе", – деді І.Оспанов.

Вице-министр сөзіне дәйек ретінде жақында ашылған Orda Glass зауытын мысалға келтірді.  Құрылыс саласындағы тәуелділікті азайтуға бағытталған бұл кәсіпорын ашылғалы бері кадрлық аштықты қатты сезініп келеді. Өйткені зауытттың өндіріс процесі бастан-аяқ заманауи технологияларға негізделген, яғни, бір ғана салаға икемделген жаңа мамандар керек, тіпті, қарапайым шыны көлікпен дұрыс таситын адам табылмаған. Салдарынан 4 тонна шынының 3 тоннасы сынып, тапсырыс берушіге жетпеген.

Екінші мәселе – орта бизнестің мүшкіл жағдайы. Егер ірі компаниялар шетелдік мамандарды тартып, оларды Қазақстанға шақыртып, өздеріне керек жұмыскерлерді оқытуға қаражат бөле алса, орта кәсіп иелерінде ондай мүмкіндік жоқ. Ал "Сенімгерлік басқару" тетігі арқылы толық бір колледжді сатып алу екінің бірінің қолына келе бермейді. Шағын бизнестен бір ғана саты жоғары әрі жаңа ғана ашылып жатқан қарапайым зауыттар кадр жетіспеушілік мәселесін өздігімен шеше алмайды.

"Ірі компаниялар өздерінің мәселелерін өздері шешуге қаржылық жағынан болсын, басқа жағынан болсын дайын. Ал орта бизнестің жағдайы қазір біздің басты мәселеге айналып отыр. Бар болғаны бір-екі жылда іске қосылып кететін зауыттарға қысқа мерзімде оқыту бағдарламасын даярлау керек, соған сәйкес колледждер дереу жас мамандарды дайындау керек болады, ал студент 1-1,5 жылда толыққанды білім алып үлгермейді, яғни кәсіпорынның ашылуына дейін маман даяр емес",– деп түсіндірді вице-министр.

Мұның барлығынан үшініші мәселе туындайды. Барлық қиындықтардың өзегі – екі тараптың, дәлірек айтқанда, білім ордасы мен кәсіпорындар арасындағы байланыстың жоқтығы. Колледж қай өңірге, қай кәсіпорынға үш-төрт жылда қандай маман керегін білмейді,  өнеркәсіп иелері қайда жүгінерін не өзіне сай қызметкерді оқыту жолын түсінбейді.

Өзіне осындай негізгі үш мәселені шешуді мақсат тұтқан министрлік қазір арнайы бағдарламалар ұсынып, пилоттық жобаларды қолға алған. Мысалы, "субсидиялау" бағдарламасы. Энергетика саласындағы кәсіпорындар шетелдік не отандық оқу орындарында өз мамандарына білім алуға қаржы бөлген болса, үкімет оның жартысын өтеуге дайын. Сол арқылы бизнес өкілдерін маман даярлауға ынталандыру көзделген.

Ал білім беру орындары мен кәсіпорындарды байланыстыратын көпір орнату үшін арнайы платформаны келесі жылға қарай іске қосу жоспарланған көрінеді.

"Білім беру орындары өнеркәсіп саласындағы сұранысқа жылдам жауап беру үшін арнайы цифрлық платформа даярлап жатырмыз. Онда барлық зауыттар мен кәсіпорындар, соған сәйкес жобалар тіркеледі, олар жайында барлық ақпарат беріледі, соның ішінде оларға қандай мамандар керектігі анық көрсетіледі. Демек кадр даярлаушылар болашақ тұтынушыға қашан, нақты не керектігін біле алады. Пилоттық жобаның атауы - "Ұлттық индустриялық платформа", – деп түйіндеді министрлігі өкілі.

Ал Ғылым мен жоғары білім министрлігі өкілі Қаламқас Алғазинова екі тарап арасында жеткілікті деңгейде байланыс орнап келе жатқанын, жалпы техникалық білім беруде өзгерістер көп екенін айтады.

"Соңғы үш жылда техникалық білім беру жүйесінде түрлі өзгерістер болды, олардың бірі – маман иесі атанғысы келетін барлық жандарға арналып тегін техникалық, кәсіптік білім беру енгізілді. 2025 жылға қарай кәсіптік білім беруді 100% тегін ету жоспарланған. Сонымен қатар, олардың саны ғана емес, алынған білімнің сапасы да маңызды, сондықтан 2021-2022 жылдары "Жас маман" бағдарламасы аясында 180 колледж замануи құрылғылар мен технологиялармен қамтамасыз етілді. Дәл осы оқу орындарында "Құзырет орталықтары" ашылған, онда студенттер өндіріс орындары мамандарын қайта даярлау курстарынан өте алады", – деп түсіндірді Қ.Алғазинова.

Сонымен қатар, ол өндіріс пен білім беру орталықтарының бірлескен жұмысының жарқын үлгісі ретінде "дуалды оқыту" бағдарламасына тоқталды.

"Өндіріс орындарымен байланыс формалары әртүрлі. Оның жарқын мысалы – 500-ден астам колледж қатысатын дуалды оқыту бағдарламасы. Яғни маман іздеген кәсіпорын өзінің өндіріс орнына студенттерді шақырып, тәжерибелік білім береді, яғни студент оқуға бөлінген уақытының 60%-ын сол жерде өткізеді. Оған қоса Еңбек кодексінде түзетулер енгізілгеннен кейін дуалды оқытудан өткен студентке 6 айдан 12 айға дейінгі мерзім еңбек өтіліне жазылады. Яғни колледж түлегі өз тәжерибесіне сүйеніп, жұмысқа оңай орналаса алады",–деп сөзін аяқтады Ғылым және жоғары білім министрлігі өкілі.

Дөңгелек үстел басына министрліктер өкілдерінен басқа білім беру саласының қызметкерлері, өздерінің өндіріс орындарының жалауын көтеріп келген азаматтар жиналды. Кәсіпорын одақтары төрағалары басқа да мәселелерге көңіл бөлінуін сұрады. Мысалы, жекеменшік колледждердегі ұстаздардың жалақысын көтеру, оған министрлік мемлекеттік тапсырыс алып отырған оқыту орындарында бұл мәселе шешімін табатынына уәде берді. Тағы бір спикер он жыл бойы құрастырылып келе жатқан, бірақ толығымен істеліп бітпеген кәсіби стандарт мәселесіне тоқталды. Ілияс Оспанов оны құрастыруды тоқтатып, тіпті одан бас тартқан дұрыс деген ой білдірді, себебі өзінің спецификасы бар, бір ғана салаға оқыған кадрларға арналған талапты бір құжатқа сыйдыру мүмкін емес.

Жалпы жиын барысында түрлі мәселелер көтеріліп, кейбірі өзінің өзектілігін жоғалтқанын, кейбірі шешімін әлі ұзақ күтетінін, бірақ бірер сауалдарға жауап жақын арада табылатынын байқадық. Алда ҚР Индустрия және инфроқұрылымдық даму министрлігінің ұсынған екі жоба іске қосылса, бірі ұсыныс деңгейінен толыққанды жобаға айналуы мүмкін. Алайда Ғылым және жоғары білім министрлігі тарапынан қандай жобалар жасалып жатқанын біле алмадық. Сондықтан бұл салада алдағы уақытта өзгерістер лебі сезілмес.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу