Қазақстандағы қалаларға қауіп төнді

12141

Архитектура тізгіні сәулетшіге емес, агроном мен заңгерге берілген. 

Қазақстандағы қалаларға қауіп төнді

Қарағандыдағы "Бесобаның" гүрс етіп құлауы; Нұр-Сұлтан әкімдігінің "қоқыс" материалдардан тұрғызылған "Территория комфорта-1"-дің барлық үйлерін күресінге жіберуге мәжбүр болуы, Алматыда "Зерделі" (бұрынғы Алғабас) ықшамауданындағы бірнеше 9 қабатты тұрғын үйдің қисаюы және басқа да адам шошырлық оқиғалар архитектура мен қала салу саласын былық жайлағанынан хабар береді.

Қарағандылық архитектор, сәулет бөлімінің қызметкері, білікті маман Шындәулет Оразғалиев саладағы жағдайға қатысты шындықтың бетін ашты. Мемқызметті оңтайландыру үшін қалалар мен аудандарда сәулет және қала салу бөлімдері не жер қатынастары, немесе құрылыс бөлімдерімен біріктірілген. Мұны ол кереғарлық, нонсенс санайды.

"Егер қазір сол біріктірілген бөлімдерде тексеру жүргізсе, көптеген "қызықты" заң бұзушылықтар әшкереленер еді. Сондықтан бөлімдерді көзсіз қосқан жергілікті әкімдер мен аппарат басшылары шешімдерінің күшін жою қажет деп санаймын. Бұл халықтың билікке деген сеніміне нұқсан келтіруде. Сонымен қатар коррупцияның таралуына ықпал етеді. Мамандар мұндай жағдайда жұмыс істегісі келмейді, әбден ашынған жағдайда. Кейінгі жылдары қаншама адам әртүрлі инстанцияларға шағым жазды. Президент әкімшілігіне хаттар жолдады. Барлығынан сырғытпа жауап қана келеді. Бұзушылық фактілерін байқағысы келмейді. Мәселенің байыбына барайын деген жан жоқ. Осы бөлімдердің қызметкерлерінің пікіріне құлақ аспайды", – дейді ол.

Маман пікірін ашық айтатын әріптестерінің де азайып бара жатқанына қапаланады: "Жұмысынан айырылып қалатынынан қорқады".

Сонда саланы қандай жөнсіздіктер жайлаған?

Біріншіден, сәулет және қала салу бөлім-басқармаларын өзгелеріне қосу саладан мамандардың жеке секторға кетуіне соқтырған.

"Біресе анда, біресе мында қосады. Мұндай сергелдең қалыпты жұмыс істеуге мүмкіндік бермейді. Кадрлардың кетуі кесірінен жұмыстағы сабақтастық жойылды, көзбояушылық көбейді. Кейбір әкім мұндай "реформаны" өзіне ұнамаған тұлғалардан құтылып, өз адамын ілгерілету үшін пайдаланады. Сорақысы сол, үнемі жүретін қайта ұйымдастыруға бюджет қаражаты шығындалады. Мемқызмет агенттігінің аумақтық бөлімшелері бұған мән беріп отырған жоқ. Кейбір жергілікті әкімдер өздерінен осыны экономика және қаржы басқармалары талап етіп отырғанын айтып, ақталады", – дейді Ш.Оразғалиев.

Яғни, ел қаржысы сеніп тапсырылған басқармалар бюджетті үнемдеу орнына оны кез келген жолмен игеруге, ақша шашуға бейім.

Екіншіден, бөлімдердің қосылуы кесірінен шенеунік құрылыс компанияларына өзі рұқсат етіп, оларға өзі бақылау жүргізіп отыр. Сәйкесінше, мүдделер қақтығысы туындайды.

"Құрылыс саласы – қоғам өмірінің бар саласын қамтитын өмірлік маңызды сала. Үйде тұрамыз, нысанда жұмыс істейміз, айналамыз толған ғимарат. Бұл іске салғырт қарау адам өміріне қауіп төндіреді. Мен бір мысал келтірейін. Мысалы, 2013 жылы Қарағанды облысында бөлімдерді тиімсіз біріктірудің заңға қайшы екені дәлелденді. Соған қарамастан, архитектура және қала салу бөлімдерін құрылыс бөлімімен біріктіру жүргізілді. Бұл сыбайлас жемқорлыққа дем береді. Заң бойынша құрылыс бөлімі – тапсырыс беруші. Демек, құрылыс бөлімі өзі архитектор рөлін атқарып, өзі құрылыс құжаттамаларын келісімнен өткізіп, өзіне-өзі рұқсат құжаттарын бергені дұрыс емес. Бұл мүдделер қақтығысына соқтырады", – деп түсіндірді Шындәулет Оразғалиев.

Басқаша айтқанда, бөлімдердің қосылуы заңға қайшы жағдай туғызды: архитекторларды және жобалаушыларды "жұтқан" құрылыс бөлімдерінің басшысы енді бір өзі сәулетшіге, құрылыс процесін бақылаушыға және тапсырыс берушіге айналып шыға келді. Ендеше құрылыс компаниялары бір лауазымды бастықтың аузын майласа жеткілікті, заңсыз, қате жобасына бір жерден-ақ рұқсат ала салады.

"Осы арқылы бір бөлім ішінде коррупция үшін кең өріс ашылады. Негізі, құрылыс бөлімі – нысандардың құрылысы бойынша бірыңғай тапсырыс беруші қызмет болып табылады. Салдарынан, тапсырыс беруші объектіні өзі қабылдап алады, онда бұзушылықтар табылса, өзіне-өзі шара қабылдау туралы материал жолдайды, өзіне-өзі архитектуралық-жоспарлау тапсырмасын береді, өзінің сәулет-құрылыс жобасын өзі келісімнен өткізеді, құрылысқа рұқсат беру рәсімдерінен өтуге қызмет көрсетеді және соны өзі бақылайды. Бұл өзінің үйінде өзі ревизия жасап жатқан ревизорды көзге елестетеді", – дейді сарапшы.

Осы жағдайда тапсырыс беруші өзін-өзі қатаң бақыламайтынын түсіну үшін көріпкел болудың қажеті жоқ. Ол өзі нені қажет деп тапса, өзіне не ыңғайлы болса, соған келісімін береді. Көп сұрақтың жауабы осында жатыр. Салдарынан, салғырттық пен жемқорлықтың жемісі – осылай тұрғызылған үйлерден, нысандардан өрескел бұзушылықтар табылады, олар құлап, адам құрбанына соқтырады.     

Үшіншіден, біріктірілген бөлім-басқармаларға сала маманы емес, "әмбебап" бастық алынады.

"Айтпақшы, мұндай жағдайлар жиілеп кетті. Бөлімдер қосылғанда құрылыс білімі бар мамандар артқы жаққа ысырылады. Заңгер немесе агроном адам қаланың немесе ауданның бас архитекторы атанған деректер бар. Әлде Қазақстанда құрылысшы болу үшін заңгер мамандығына оқыса жеткілікті ме? Мемқызмет агенттігі бұған да көз жұма қарайды. Біріктірілген бөлім басшысының құрылыс білімі болуға тиіс деген біліктілік талабын қоймайды. Заңды немесе егін салуды ғана жақсы білетін адам қалайша құрылыс нысандарының тағдырын шеше алады? Өзі жөнді білмейтін құрылыс нормаларын сақтауды өзгеден қалай талап ете алмақ? Мәселен, аурухананың бас дәрігері лауазымына педагогты алса, масқара емес пе", – дейді Ш.Оразғалиев.

Ол нақты мысал келтірді: Приозерск қаласының бас архитекторы – заңгер, Ақтоғай ауданында – агроном, Қаражал қаласында – агроном, Қарқаралы қаласында да біріккен бөлімнің басшысы агроном болған, бүгінде – заңгер отыр.

Саладан хабары мен біліктілігі жоқ басшы өзгелерге тәуелді: алдына келген құжаттың байыбына бара алмайды, оны әзірлеген маманның адалдығына сеніп, қол қоя салады. Соңынан қате жоба үшін мойнына жауапкершілік алып, сотталып кеткен басшылар өзге өңірлерде бар. 

Архитектор шағымына Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек жауап қатты. Оның мәліметінше, облыс әкімдігі биыл №09/04 жаңа қаулы қабылдап, жергілікті органдардың құрылымын бекітіпті.

"Қаулыға сәйкес, аудан және қалаларда Сәулет және қала салу бөлімі, Жер қатынастары бөлімі немесе Жер қатынастары, сәулет және қала салу бөлімі бола алады. Бөлімдерді біріктіру кезінде бұрын ажыратылған функциялар бір орындаушының қолына түседі, ал бұл Жер кодексіне қайшы. Сондықтан сәулет бөлімін құрылыс бөлімімен қосуды – орынсыз деп санаймыз. Қазіргі уақытта облыстағы 18 өңірдің 8-інде бұл бөлімдер жеке-жеке құрылған. Қалған 10-ында біріктірілген Жер қатынастары, сәулет және қала салу бөлімдері жұмыс істеуде", – деді облыс әкімі.

Айта кету керек, маман көтеріп отырған проблема барлық өңірге тән.

Жанат Ардақ

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу