Қазақстандағы қоқыс полигондары екі Тараздың аумағын алып жатыр

2858

Қазақстанда 3,5 мыңнан аса қоқыс полигоны мен 8 мың заңсыз қоқыс алаңы бар.  

Қазақстандағы қоқыс полигондары екі Тараздың аумағын алып жатыр

Полигондардың басым бөлігі толып, қызмет көрсету мерзімінен өтіп кеткен. Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов бұл мәселе қалай шешілетінін түсіндірді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Оның айтуынша, жыл сайын елімізде 5 млн тонна қоқыс шығарылады.

"3,5 мыңнан аса қоқыс полигонының 18%-ы ғана экологиялық және санитарлық талаптарға жауап береді. Бұған 8 мыңнан аса заңсыз қоқыс алаңын қосыңыз. Мысалы, жыл сайын шығарылатын қоқыс елорда маңындағы Қосшы ауылының ауданына тең. Қазақстандағы қоқыс полигоны 32 мың гектар жерді алып жатыр. Оның ауданы 4 Ақтау қаласы, 2 Тараз қаласының ауданына тең",– деді вице-министр.

"Қоқыс жағатын зауыттар салынады"

Ахметжан Пірімқұлов жаңа Экологиялық кодекс Қазақстандағы қоқыс полигонының саны мен оған тасталатын қалдықтың көлемін азайтуды көздейтінін жеткізді. Ол үшін 6 қалада қоқыс жағатын зауыттар салынады.

"Алдағы 3 жылда Ақтөбе, Алматы, Өскемен, Нұр-Сұлтан, Қарағанды және Шымкент қалаларында қоқыс жағатын зауыт салынады. 2025 жылдың соңына дейін зауыттарды инвесторлар іске қосуы керек. 6 зауытқа кемінде 180 млрд теңге инвестиция тарту қажет... Жобаның мақсаты – зауыттардан электр энергиясын алу емес. Біз кәсіпорындарды іске қосу арқылы қоқыс полигонының саны мен ондағы қалдықтардың көлемін азайтқымыз келеді", - деді министрдің орынбасары.

"Қоқыстың 20%-ы өртеледі"

 Бүгінде Еуропада шамамен 50% қоқыс сұрыпталып өңделеді, 27% қоқыс өртеліп, одан электр энергиясы алынады, 24% қоқыс полигонда сақталады.

"Біз 2025 жылға дейін қоқысты сұрыптап өңдеуді 30%-ға, өртеуге жіберетін қоқысты 20%-ға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Ал қалған 50%-ы қоқыс полигонын сақталады. Неге мұндай сандар? Түсіндірейін. Қоқыс жағатын зауыттарды әрбір ауылда сала алмаймыз",деді Ахметжан Пірімқұлов.

"Әр зауытты салу үшін 20-40 млрд теңге керек"

Вице-министр қоқыс жағатын зауыттарды салу үшін қомақты қаражат керегін, алғашында жоба қалаларда іске асырылатынын жеткізді.

"Нұр-Сұлтанда жылына 300 мың тонна, Ақтөбеде жылына 120 мың тонна қоқыс жиналады. Яғни қоқыстың көлемі мен технологияға байланысты қоқыс жағатын зауыттың бағасы 20-40 млрд теңге аралығында болуы мүмкін. Сондықтан 6 өңірде салынатын зауыттың бағасы әртүрлі болады",– деді.

Ахметжан Пірімқұлов жаңа Экология кодексіне сәйкес аталған кәсіпорындар автоматты басқару жүйесін енгізуге міндетті екенін атап өтті. Бұл жергілікті атқарушы органдар мен тұрғындарға қоршаған ортаға қандай қалдықтар шығып жатқанын онлайн бақылауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар барлық зауытта қоқыс 2 әдіспен сұрыпталу керегін атап өтті.

"Заңға сәйкес барлық зауытта қоқысты сұрыптаудың 2 сатысы болады. Біріншісі, пластик, шыны, қағаз, металл, картонды сұрыпталып өңделеді. Екіншісі, қауіпті, өртеуге келмейтін қалдықтар: радиоактивті заттектер, пестицидтер, химикаттар яғни қоршаған ортаға қауіп төндіретін заттар. Олар жеке сақталады",– деді вице-министр.

Сөз соңында ол қоқыс жағатын зауыттарды салатын инвесторларды анықтау бойынша конкурс өткізіліп жатқанын жеткізді.

Дәурен Ерболат


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу