Қазақстандағы рекордтық температура әлемдік ғалымдарды шошынтты

5710

CNN "тарихтағы ең алапат аптап" туындап, табадай қызған күн Ұлы даланың апшысын қуырып жатқанын мәлімдеді. 

Қазақстандағы рекордтық температура әлемдік ғалымдарды шошынтты Фото: CNN

Үкімет пен қазақстандықтар сақ болмаса, биыл көп аумақты "тілсіз жау" жайлауы ғажап емес.

Көктем таяуда ғана аяқталды. Ал "Қазгидромет" оңтүстік түгіл, еліміздің солтүстігінде +44°С ыстықты тіркеді. Алда ол елу градусқа дейін жетуі ықтимал. Теріскей өңірлерде мұндай қызу бұрын көп тіркелмепті. Ми қайнататындай ыстықта көлеңке іздеп, су жағалап жүрген адамдардың қарасы көп.

Climate Reanalyzer ұйымы температуралық аномалиялар картасын жариялады. Оған үңілген сарапшылар Қазақстанның жартысы қою күрең түске боялғанын көріп, тіксінген. Себебі, биыл Қазақстан мен Сібірде Африкадан да өткен аптап ыстық үстемдік құрған көрінеді.

Құжатты зерделеген CNN бұл маңда әдеттегіден әлдеқайда жоғары температура орныққанына назар аудартты. Бұған қоса, маусым айының жаңа ғана басталғанына қарамастан, аймақта ондаған температуралық рекордтың қатарынан бұзылғанын жариялады.

Климатолог Максимилиано Геррера (Maximiliano Herrera) бүкіл әлемдегі экстремалды температураларды тіркеп келеді. Оның айтуынша, біздің өңірдегі алғашқы рекорд өткен сенбіде, 3 маусымда тіркеліпті: температура қызуы Цельсий бағанасы бойынша 37,9 градусқа немесе Фаренгейт бағанасы бойынша 100,2 градусқа жеткен. Осының өзі Қазақстан мен Сібір өңіріндегі "тарихтағы ең ыстық күн" болып табылады. Содан бері бұл рекордтар бірнеше рет жаңарды.  

"Біз станциялардың ұзақ жылғы жазбаларына жүгіне отырып, мұны шын мәнінде теңдесі жоқ деп айта аламыз. Бұл өңір тарихындағы жылу бойынша ең зұлматты толқын саналады", – деп жазды Twitter парақшасында М.Геррера.

Ол Си-Эн-Энге сұхбатында ахуал бұдан да нашарлауы мүмкін екенін ескертті.

"Бүгінде рекордтардың күйреуі жалғасуда. Температура Цельсий бойынша 40 градустан көп аса беретіні байқалады", – деді ол.

Ол Азия елдерінің басына сынақ түскеніне назар аудартты. Мысалы, Қытайда да 47°С ыстық тіркелді. Сібірде қызу 39°С жетті. Жалпы, мамандар әсіресе, Сібірде көптеген рекордтар жаңғырып жатқанына алаңдап отыр. Ол рекордтар ғалымдар бақылаған бүкіл уақыт бойы бертінге дейін бұзылмай келген екен.

Ақыры 2020 жылы арктикалық Сібірдегі Верхоянск қаласында аномалия орын алып, температура Фаренгейт бойынша 100,4 градусқа (Цельсий бойынша 38 градусқа) дейін қызды.

"Бұл оқиғаларға Жер шарындағы климаттың өзгеруі қуатты ықпал етуде. Себебі, ғылыми талдаулар көрсеткендей, жаһандық жылыну әсіресе жоғарғы ендіктерде барынша экстремалды температураларды туындатады", – деп жазады америкалық саяси шолушы Лора Паддисон (Laura Paddison).

Бұдан бұрын, 2020 жылы халықаралық ғалымдар тобы жүргізген зерттеу климаттың антропогендік, яғни адамзаттың ықпалымен өзгеруі температуралық аномалиялардың жиі туындауына соқтыратынын әшкереледі. Салдарынан аптап ыстықтардың ұзақтығы 600 есеге артып шыға келген. 

"Сібірді және онымен көршілес өңірлерді жылудың өте қуатты толқындары бірнеше рет шарпыды. Бұл жылу толқындары адамдарға да, табиғатқа да салмақты зардабын тигізеді. Егер біз парник газдарын шығару көлемін тездетіп қысқартпасақ, бұл кесірлі құбылыс тек жиілей береді", – деді аймағымыздағы биылғы аптап ыстыққа қатысты үн қатқан Еуропалық одақтың Copernicus Климаттың өзгеруі қызметі директорының орынбасары Саманта Бурджесс (Samantha Burgess).

Ақпарат агенттіктері Ресейдегі Сібір өңірінде, Орал тауларында да алапат өрттер өршіп жатқаны хабарлады. Ондаған адам қаза тапқан. Канадада ормандар өртке оранды. Оның қалың түтіні америкалық өңірлерді, Нью-Йорк қаласын басып қалды.

Рекордтық ыстық Орталық Азияның өзге өңірлерінің мазасын қашырды. Түрікменстанда сәуірдің өзінде температуралық рекорд орнады. Өзбекстанда ауа температурасы 43 градусқа жеткен.

Ғалымдар "әлемдік климаттық тарих қайта жазылып жатқанын" жеткізді.

Биыл ыстық лептің қуатты толқыны біздің аймақты қарқынды әрі ұзақ шарпуы ықтимал. Ендеше ел Үкіметі жыл бойы алапат өрттермен үздіксіз күреске дайын отырғаны жөн еді. Абай облысындағы апат және соның барысында Президенттің Төтенше жағдай министрі Юрий Ильинді дереу отставкаға жіберуі билік тарапынан мұндай әзірліктің жоқтығын паш еткенге ұқсайды.

Өз кезегінде азаматтар да отпен ойнамай, далада алау жақпай, аса абай болғаны жөн. Әйтпесе, бүгінде жұрт жаппай табиғат аясына "жорыққа" шығып, кәуап қуыруға жөңкіліп жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу